Жүйрік (поэма)

Жел соқса қамыс басы
майда деймін.
Ат қостым, ат айдаушы,
aйда деймін.
Алдыңғы ат «қылаң болмай
баран болды»,
Жығылмаса құлагер қайда деймін?

Ақан сері

Сағынай асында

…Бұл да бір үлкен «дүбір — той»,
Алыстан бәйгіге ат қосқан.
Бақталас сөзі — күбір ғой,
Қарсылары көп, жақтастан.

Аттарды таңнан жіберген —
Сәйгүлік кілең қылқұйрық.
Озса, деп үміт-жігермен,
Озады бірақ, кім жүйрік.

Әуелден жоқ-ты күш қылған,
Жүгірді көптің соңынан.
Құс тістер тіспен ұшқырлар
Оңынан да өтіп, солынан…

Уақытты уақыт қуалап,
Әлдебір белге іліккен.
Жайылған екі-үш дуадақ
Ұша алмай шошып, үріккен.

Көре алмай қыбыр, ол маңда,
Ауыздық шайнай бастады.
Ет пісім уақыт болғанда,
Бір топты артқа тастады.

Індерін алыс қазған ба,
Суырлар сасып, жүре алмай…
Бауырын толық жазғанда —
Ұзарып кеткен жыландай!..

Біледі жайын көп пенде,
Емесін «құла…» керенау.
Тұяқпен серпіп тепкенде
Шегініп кеткен жер — анау.

Тірі ме, білмей, расын,
Өз-өзін әрең меңгеріп.
Серік боп кеткен лашын,
Қатарлас ұшып, дем беріп.

Жалына бала жабысып,
Құлағын жымған қояндай.
Сезініп аттың шабысын,
Дыбыссыз, ұйқылы-ояудай.

Тізгінге ие бермеген,
Қарысып жағы тұр тегі.
… Бусанып кеткен терменен
Жүйріктің көзін сүртеді.

Бәйгіден үміт үзбек кім,
Ішінде жоқ-ты осалы.
Ұзақ та сонар тізбектің
Біріне-бірін қосады.

Халыққа — озу керегі, —
Жүйрікке — бек сын, дара жүк.
… Сайында жалғыз келеді,
Алдыңғы топтан қара үзіп.

Қарасы елдің көрінген,
Уақыт та таяп екінді.
Тобынан жалғыз бөлінген
Елестей сұқсұр секілді.

Алаңдап, толқып ес-үміт,
Алдында болып күткені,
Сағымға қарап тесіліп —
Ақан да тұрған болар-ау,
Сағынып қылаң нүктені!

Ешкімге «құла…» жат емес,
Дүбірге де осы керегі.
Мәреге қарай ат емес,
Шыбын жан ұшып келеді!..

… Дұшпаны «Бітті! Тәмәм…» — деп,
Күлмесін қызы перінің.
Көмбеге тұлпар, аман жет,
Сынбасын сағы серінің.

Құлагермен қоштасу

… Дұшпанның да бар болды көздегені,
Өмірдің болып тынды, өз дегені.
Алдыңғы ат «қылаң болмай, баран болып»,
Зұлымдық адалдықты сөз демеді.

Қызғаныш-қысастықты төрлеткізді.
Озбыр топ елемеді ел деп бізді.
Ақынның ет жүрегі, сезді бірден —
Болғанын бір сұмдықтың жел жеткізді.

Ат қойып, ойран болған сұрап тұсты,
Күн қызыл, дала қызыл, бір-ақ түсті.
Ойпатта қанға бөгіп, сұлап жатқан
Құлагердің үстіне құлап түсті.

Табады әлі, қаскөй де  табылады,
Тор құрған қанды қол да танылады.
Құшақтап мойнынан серігінің
Ботасы өлген інгендей, аңырады.

— Сен менің тұлпарым ең, мәртебе едің,
Іздеймін ар жағынан, әр төбенің.
Қанатым ең, сыралғы серігім ең,
Мен міне, басыңа кеп зар төгемін.

Шарам бар ма, жасайтын өртке мынау,
Шыдай алар ма екенмін, дертке мынау?
Бес жүз аттың алдында келе жатып,
Балтасынан дұшпанның мерт болдың-ау.

Танымайтын, бөтен ел ешкімін де,
Қапырықта, тымырсық, кешкі мүлде,
Мойныңнан, құшақтап, аласұрған,
Қаршығадай шабандоз жас баланың
Шырқыраған дауысын естідің бе?

Мен емеспін, бөлінер, жайлар шетті,
Қасіретімді жыл көріп, айлар шекті.
Тым құрыса, бір рет кегімді алар —
Домбырам-ақ мылтыққа айналса етті.

Жүйріктігіңді ұран қып ерен сенің,
Шығып едім, ығынан көлеңкенің.
Сенімен Ақан сері атанып ем! —
Сенен бұрын әшейін өлеңші едім.

Сеніменен бір асқақ күйге еніп ек,
Дұшпаннан биік тұруды үйреніп ек,
Сенің алған бәйгіңнен қалың беріп,
Әнші-күйші жампоздар қолы қысқа,
Отау тігіп, өз алды үй болып ед…

Жұмбақ бәрі… Ішінен тынады күн.
Не боларын кім білген, мына бүгін?
Шақырмаған бәйгіге, асқа апарып,
Ажалыңа мен өзім, кінәлімін!

Сенен қалған бәйгіні жат алар-ау.
Ән мен серт өлгені ме, қатар анау?
Сағынайдың асынан белгі болып,
Мынау ойпат ырымсыз, суық тартып,
«Құлагер өлген жер» — деп атанар-ау…

…Ойым он…
Өз-өзіме ақыл жетпей,
«Ат қанатың?» — деген бір нақыл кетпей!
Бас сүйегіңді алуға медет қылып,
Саған пышақ оқтауға дәтім жетпей!..

Жан серігім, сен едің, жан пырағым.
Сенсіз қап, еңсем түсіп, салбырадым.
Бассыз дене — Құлагер  атана ма ,
Мен сені бассыз қалай қалдырамын?

Дәлелдеді-ау, көз жасым мыят барын,
Жиып қойып, еркектік, ұят бәрін.
Осы арада шіри ме, жер қарпыған,
Жер қарпыған тостаған тұяқтарың?

Дұшпаның көп,  бақталас-күндес, алаң,
Дүлдүл жайын білмейді, білмес адам.
Жалтылдаған сенің ер-тұрманыңды,
Бұдан былай енді мен кімге салам?

Еш қарызың қалмайды  мойынымда,
Ырымсыз боп асы да, тойы мұнда.
Қош серігім! Мен сені өз қолыммен,
Қалдырамын қара жер қойынында.

…Өмір осы. Ағыны, жылғалары…
Екі көзден қос тамшы сырғанады,
Төмпешіктен недәуір ұзап барып,
Ұзап барып, артына бір қарады.

Ақан серінің соңғы толғанысы

… Ақыннан ескі қыстау — күркедегі,
Қол үзіп, өз-өзінен үркеді елі.
Ой бөлісер жоқ ешкім. Ыбан ғана.
Бір қайғы — бір қайғыға тіркеледі.

… Жалған бұл, үдесінен танып кеткен.
Шөлімді баса алмадым, қанып көптен.
Ақтоқтыдан тірідей айырылып,
Арман не, жай оғынан жанып кетсем.

Меншіктеп  көктемей-ақ түздің гүлін,
Бұлт шалып… Елестетіп күздің күнін.
Бастарын бәрінің де байлап қойған,
Заман-ай, малмен өлшеп қыздың құнын.

Бұдан соң да, ұмтылғам ошақ құрып,
Жібектерді құшқан ем, қосақ қылып.
Бұ жалғаннан баянсыз өтті, кетті,
Тағдыр маған у берді тосап қылып.

«Өнер» — деген шығып ем тау басына,
Талайды келтіріп ем тәубасына.
Соның бәрі, білемін, себеп болды,
Озбырлармен қыянда жауласуға.

Үстемдік жеңіп тұр ғой айдан анық.
Бұ халық күнелтеді қайда барып?
Ұйым боп, тік қарамай бай-манапқа,
Жүргендей мұз үстінде тайғанадық!

Қарсы тұрар кімің бар, қайда тағы.
Зұлымдық зығырыңды қайнатады.
Жалғыз  жарым  бұғауға қарсы шықса —
Жала жауып, сібірге айдатады!

Көңіл жат. Ағайын да сөзге ере ме,
Адалдық, әділдікті көз көре ме?
Па, шіркін! Мына заман ауысса екен,
Замана, расында, өзгере ме?

Артық ауыс пиғылдан дін аман ем,
Ғайбат айтып, батпағам күнәға мен.
Қорғаштап қарашаны, жазықсызды,
Би-болыс, озбырларды сынаған ем.

Туысқа кеп тірелді, арты барып,
Әділдік тірі болса артық анық.
Сын келтірген ол емес — мына менмін,
Қысас қылып, бар жерін тартып алып.

Тапқандай бір ағаттық ісімдегі,
Қайтеді, қайғы-мұңды ішімдегі.
Орнаған басымдағы қасіретті —
Өзге емес туысым да түсінбеді.

Түсінбеді-ау… Жетпеді өре мүлде,
Өмірде ме, менде ме бәле кімде?
Бір қарасаң пенде боп дұрыс олар,
Қолға ұстатар, жоқ менің дәлелім де.

Бұрынғы Ақан емес, жасып қаппын,
Жалған-ай, бәрінен де қашықтаттың.
Думанды тіршілікке іңкәр болып,
Пенделік тіршіліктен ашық қаппын.

Ұмтылып ем қарадай, жөргегіне,
Кіріп тұрмын, қападан, жерге міне.
Тіл мен жаққа сүйенген ақыныңа —
Ей, Алла, тілсіз бала бергенің не?

Не сыйы бар тағдырдың құп алатын,
Бел талса нар қосымша жүк алатын.
Артыма ерген тұяқ осы болды,
Артымда  із қалды, — деп жұбанатын.

Қиянатпен алысу тегін деп пе ең,
Ала алмағам.
Талайда кегім кеткен,
Құлашымды, әнімді кең сермеуге —
Өмір, неткен тар едің,
Өмір неткен?!

Сөз қылып, бірі таныс, бірі бөтен,
Ақынның  тордағы құс  күні төтен.
Кейінге Құлагердің аңызы мен
Әндерім жетер ме деп үміт етем.

Қайсы білер жанымды, бұ халдегі,
Ақынның  —  алар тыныс, шығар демі.
Жат түгіл, жақыным да түсінбеді,
Бір ұқса, келер ұрпақ ұғар мені.

Қайыр Рахметуллин
Егіндібұлақ ауылы

(21)