Дүниеқұмарлық — дерт

Пайғамбарымыздың (Алланың сәлемі болсын) мына хадисі иемденуге құмар болудың қаншалықты зиян екендігін көрсетеді: «Меншіктей беруге көп салынбаңдар, олай істесеңдер осы дүниені қалап (жақсы көріп) кетесіңдер». Шынында да, бүгін мұсылман кісілердің «Жұмысым көбейіп кетті, намаздарымды дұрыс оқи алмай жүрмін. Дүние, дүние деп жүріп Құдайымызды ұмытып қалатын түріміз бар. Бұған не істейміз?» деп ағынан жарыла уайымға салынып жатқанын көп естиміз.  Оларға не деуге болады?
Бір ғалымнан: «Алланы жақсы көру жүрекке қалай орнайды?», — деп сұралғанда,  «Жүректен дүниеқұмарлық кетсе, Алланы жақсы көру сезімі өзінен-өзі орнайды», — деп жауап беріпті. Сөйтіпті де, сұрапты: «Шыны ыдыстағы суды төгіп тастаса, не болады?». Қасындағылар: «Судың орнына ауа толады», — депті.
— Яғни  су мен ауа бірге тұрмайды, солай ғой!
— Иә, дәл солай.
— Міне, жүрек  те сондай. Онда екі махаббат бірдей орныға алмайды. Онда не дүниеқұмарлық болады, не Аллаға деген махаббат. Жүректен дүниеқұмарлық кетсе, Алланы жақсы көру сезімі өзінен өзі орнайды. Жиналған көпшілік:
— Жарайды, ал дүниеқұмарлық жүректен қалай шықпақ? — деп сұрапты. Сонда ақылман:
— Жүрегінде дүниеқұмарлығы жоқ адамның әдемі уағызымен, — деп жауап қайырған екен.
— Ондай кісілер болмаса ше?
— Олардың тірі болуы шарт па екен. Қайтыс болып кеткен болса да, терең иманды, тақуа жандарды, шын жүректен жақсы көрудің өзі жүректен дүниеқұмарлықты сылып алып тастайды. Әрине, оларды жақсы көру үшін алдымен тану керек.
— Қалай танимыз?
— Кітаптары мен өмірбаяндарын оқу арқылы, — деді. Солар оқылғанда, жақсы көру сезімі пайда болады…
Дайындаған Мирас Кесебаев

(27)