Британиялықтар «арландарға» таланды

Атырауда Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) VIII маусымының жартылай финалдық кездесуі аяқталды. WSB жобасының үш дүркін чемпионы «Astana Arlans» командасы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» мәдени-спорт кешенінде Ұлыбританияның «BritishLionhearts» командасымен кездесті. «Astana Arlans» және «BritishLionhearts» командалары арасында өткен тартысты шайқасты шамамен 3 мыңға жуық жанкүйер тамашалады. «Astana Arlans» командасының құрамында: Сәкен Бибосынов (52 кг), Серік Теміржанов (60 кг), Асланбек Шымбергенов (69 кг), Бек Нұрмағамбет (81 кг), Қамшыбек Қункабаев (+91 кг) шаршы алаңға шықты. 5 кездесудің қорытындысы бойынша «Astana Arlans» командасының боксшылары 4 рет жеңіске қол жеткізді. Ойын соңында аукцион өткізіліп, «Astana Arlans» командасының спортшыларының қолғаптары ойнатылды. Аукционнан көтерілген қаржы 7 миллион теңгені құрады. Осылайша, боксшылардың бірінің қолғабы 3 миллион 700 мың теңгеге сатылды. Барлық түскен қаражат науқас балалардың емделуіне жұмсалады. Айта кетейік, Англияның Шеффилд қаласында өткен осы командалар арасындағы бірінші матчта Қазақстан өкілдері 3:2 есебімен алға шыққан болатын. Еске салсақ, өткен жылдың наурыз айында Атыраудағы екінші кездесуде Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) жетінші тұрақты маусымы барысында «Astana Arlans» қытайлық «China Dragons» командасын 5: 0 есебімен жеңген-ді.

Қазақ боксшылары Канаданы мойындатты

Канаданың Квебек қаласында өткен бокс кешінде қазақстандық екі боксшы қарсыластарын нокаутқа жіберіп, жеңімпаз атанды. Орта салмақта өнер көрсететін 20 жастағы қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (1-0, 1 КО) Квебек қаласында  Давид Лемье-Карим Ашур арасындағы жекпе-жек кешінде кездесу өткізген болатын. Ол 34 жастағы аргентиналық Ариэль Алехандро Сампедриге (9-3, 7 КО) қарсы өткізген 4 раундтан тұратын жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтады. 84-і секундта қарсыласының бауыр тұсынан мықты соққы берген қазақстандық оны нокаутқа жіберді. Осылайша Ахмедов кәсіби рингте екінші рет жеңіске жетті. Ал оның қарсыласы өзінің карьерасында осымен 4-і рет жеңіліске ұшырады. Аталған кеште тағы бір отандасымыз Батыр Жүкембаев та қарсыласы WBC ұйымының күміс белбеуінің иегері аргентиналық Джонатан Хосе Эниcті (20-9-1, 7 КО) екі рет нокдаунға жіберіп, жекпе-жектің жетінші раундында техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Осылайша Б.Жүкембаев кәсіпқой бокста өткізген 13 жекпе-жектің бәрінде қарсыласынан басым түсіп, WBC Continental Americas атты чемпиондық белдікке ие болды.

(23)