Тақуалық үлгісі — сөздің амалмен үйлесуі

Әбу Ханифа харам істерге жоламайтын, күмәнді нәрсеге де қол сұқпайтын өте сақ әрі тақуа, білімді, парасатты адам болатын. Сондықтан, оның уағызы әрбір тыңдаушы жүрегіне жететін. Оны төмендегі әңгімеден білуге болады:
«Имам Ағзам Куфаның орталық мешітінде жұма күні уағыз айтатын. Бір күні жұмадан соң оған бір құл келіп: «Ұстаз, сізден өтініш. Құлды азат етудің артықшылығы мен сауабы туралы да уағыз айтыңызшы. Мүмкін қожайынымның көңілі жібіп, мені азат етер», — дейді. Әбу Ханифа: «Жарайды, айтқаныңдай-ақ болсын», — деп жауап береді. (Ол кез құлдық заманы болатын).
Келесі жұма да жетті. Бірақ Имам Ағзам уағызын басқа тақырыпқа арнайды. Тағы бір жұма өтеді. Құлдың өтініші тағы орындалмай қалады. Үшінші жұмада Имам Ағзам құлды азат ету және оның мән-маңызы мен артықшылығы туралы тартымды да, әсерлі уағыз айтады.
Жұмадан соң әлгі құлдың иесі келіп: «Ұстаз куә болыңыз. Алла разылығы үшін құлымды азат еттім», — дейді. Әбу Ханифа: «Алла сізден разы болып, істеген ізгі амалыңызды сауаптан жазғай», – деп бата береді.
Бостандық алған құл Имам Ағзамға рахметін айтып, одан: «Ұстаз, бір сұрағым бар. Екі апта бұрын айтқан өтінішімді неге бүгін ғана орындадыңыз?» — деп сұрайды. Әбу Ханифа: «Ол күні құл азат етуге жететін ақшам жоқ еді. Сол үшін, екі апта бойы жұмыс істеп, ақша жинадым. Базардан құл сатып алып, оны азат еттім. Содан рухани жеңілдік пен әлдеқандай рахатты сезіндім. Бұл амалды өзім істемей тұрып, басқаға бұйырғанымда, оның ешқандай әсері болмас еді, қожаң да саған азаттық бермес еді», — деген екен.

Дайындаған Мирас Кесебаев

(31)