Ол зұлматты жылдарды ұмытпа, бауырым!

Халық жауының балалары

Қараша, желтоқсанмен сол бір екі ай… Өңменнен өтер ызғырық жел азынап, құтырына соғып тұр. Осы ызғырық желден де ызғарлы үш-төрт ауыз сөз жұпыны киінген біреуі онда, енді біреуі сәл ересек қос балауса қыздың жан дүниесін қалтыратып жіберді. «Қайда, қайда халық жауының қыздары?! Табыңдар, табыңдар кәне!» — деген әмірлі дауыс бүкіл даланы жаңғыртты.
— Жаным, бауырым, сен осы саймен жүре бер. Мен аналарды алдарқата тұрайын. Осы сай тура Қармақшыға апарады. Стансада кездесейік! Қаш, қаш, тезірек! — деді сіңлісінің бетінен сүйген әпкесі.
Қашып келеді, қашып келеді. Стансаға жеткенше жылады. Стансаға жеткенше мың құлап, мың тұрды бейшара қыз. Үсті-басын, бетін бұталар жырымдады. Бет-аузы қан-қан кішкентай қыз стансаға жеткенше айналаны қараңғылық торлады. Әпкесін күтіп тұр. Келмеді. Мынау қатігездікке толы дүниеде сапырылысқан жолаушылардың ешбірі перронда дірдек қағып, жылап тұрған міскін қызға қарайтын емес. Жо-жоқ, бар екен ондай жақсы адам. Түннің бір уағында жер-дүниені солқылдатып пойыз келіп тоқтады. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап әпкесін күткен қыздың ту сыртынан бір адам үн қатты.
— Қызым, неғып тұрсың?
— Шошып кетті қыз. Бірақ жан дүниесін жылытқан сөзге одан сайын көңілі босап, ол еңіреп жылап жіберді… Сәлден соң бейшара қыздың қолынан жетектеген мейірімді жан оны пойызға мінгізді. Арқыраған пойызбен кішкентай ғана қыз терезеден Қармақшының қараңғылығына соңғы рет жәутең-жәутең қарап, беймәлім жаққа кетіп бара жатты…

Халық жауының қызы атанған бейшара міскін жан кім еді?

Ол мені, менен басқа он үш бауырымды дүниеге әкеліп, бағып-қаққан, әлемдегі ең мейірімді жан менің марқұм анам — Жұмагүл еді. Талай боздақтардың басын жұтқан, қызыл империяның зұлым, жендет баскесерлері бейкүнә миллиондаған қазақты қызыл қырғынға ұшыратқан отызыншы жылдардың бір қасіретті көрінісі еді бұл!
Ал айдалада жападан жалғыз қалған анашымды қолынан жетектеп әкетіп, өз қызындай мейірімін төгіп бағып-қағып өсірген жаны жәннатта болғыр қоңырат руынан Оңғар деген ғажайып жан болатын. Бозбала шағында әкесіне «халық жауы» деген «қара таңба» тағылып, Ташкенттің түрмесінде мерт болып, жетім қалған әкешім Айғали мен Жұмагүл анашым сона-ау Өзбек елінде кездесіп, екі жарты бір бүтін болып шаңырақ көтерді. Міне, бұл бізге деген мейірім мол Аллатағаламның берген ғажайып сыйы деп білемін.

Қазақ халқын жойып жібергісі келген нәубет

Иә-ә, бұл мың өліп, мың тірілген ХХ ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы, қырқыншы, елуінші жылдардағы нәубеттері мен қасіреттерін басынан кешкен отбасының бір үзік оқиғасы ғана. Осы күнге дейін өз бағасын толық ала алмай келген ол нәубеттер қазақ халқын жер бетінен жойып жібере жаздағанын кейінгі ұрпақ біле ме? Білмесе немесе шала білетін ұрпағымыздың санасына аштықтан, соғыстан, қуғын-сүргіннен шыбынша қырылған ол нәубетті жылдардың қара тастан да ауыр қасіреті мен тақсыретіп неге жеткізе алмай жүрміз? Бүгін сол ғасырдың, нәубеттің теперішін, қасіретін аз көрмеген ДүрОңғар ауылының тұрғындары бас қосқан жиын алдында сол қаралы күндер мен жылдарды бір сәт еске түсірейікші, ағайын!
ХХ ғасырдың басынан солтүстігіміздегі шегір көзді аю халықтың атқамінерлері Сібірдің аязындай сызды қарап, кең байтақ шұрайлы өңірді кеудесіне басып жатқан «бұратана халықты» ысырып, немесе жойып жіберуге қанды жоспарын жасап тастағанын біз тым кеш білдік. Әрине, ғасыр басында Аллам Алаш жұртына әрқайсысы бір-бір әлем, білікті де білімді ғажайып тұлғаларды сыйлады. Иә, Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхандар бастаған сол тұлғаларымыз бұл төнген қауіп-қатерді сезбеді, білмеді дейсің бе? Сезді, білді, алаңдады. Қазақ жерінің әр-әр жеріне соғылған орыстың зеңбіректі қамалдары, соқасын сүйреп сұр шекпенді шаруаларының солтүстікке ендей кіргені солтүстіктегі көршінің қаныпезерлігін басқыншылық пиғылын ашық аңғартқандай еді. Орақ тілді ақындарымыз орыстың Сарытау, Аштархан, Омбы, Орынборымызға қол салғаны жөнінде дабыл қақты. Қазақ халқының озбырлықпен қырыла бастауы Бірінші дүниежүзілік соғыстан басталды. Қара жұмысқа барғысы келмеген қазақ атқа мінді. Бұл ақ патшаға жақпады. Көтеріліске шыққандарды зеңбірекпен, пулеметпен қырды да салды. Азамат соғысы жылдарында да қызыл мен аққа бөлінген ресейліктер кезек-кезек қазақ ауылдарының талайын қанға бөктірді. Жиырмасыншы жылдары миллионнан аса қазақ аштан қырылды деген дерек бар. Отызыншы жылдары байларымыз тәркіленіп, мыңдап итжеккенге, түрмелерге айдалып, дені ол жақтан оралған жоқ. 1932-33 жылдары 2,5 миллион қазақтың қынадай қырылған жантүршігерлік нәубетті оқиғаны ешкім ешқашан ұмытпауға тиіс. Өкінішке қарай қолдан жасалған аштық қырғыны жөнінде әлі де кеңінен айтып, кейінгі ұрпаққа кинофильмдер және басқа да ақпарат, насихат көздері арқылы тереңдеп жеткізілмей келеді.
Осы ғаламат, сұмдық аштық қырғынынан соң қазаққа тағы бір қара дауылдың толқыны төніп келе жатты. Әрине, халқымыздың қаймағы саналар зиялы қауым өкілдеріне, Алашорданы құрғандарға қайта-қайта ажал қармағын тастап, тергеу, сот тәрізді қуғын-сүргінді осы қанды 37-ге дейін жүргізген Голашекиншілер бұған ұзақ дайындалды. Ал «Мырзажан» деп қазақтың еркелеткен Мирзояны нағыз қой терісін жамылған қанішер қасқыр болып шықты. Қанға тоймаған күшігендей оның Сталинге «Халық жауларының санын көбейтетін үстеме жоспар» сұрап хат жазғаны мұрағаттан табылғаны айдай әлемге мәлім болды. Сөйтіп үстеме жоспардан соң Қазақстанда қуғын-сүргінге ұшырағандардың саны 103 мыңнан асып жығылды. Оның 25 мыңнан астамы атылды. Бас көтерер зиялылар түгелге жуық осылай жойылды. Олардың көбісі барша Қазақстан бойынша салынған 11 лагердің адам айтқысыз ауыр азаптарынан ажал құшты. Бұл лагерьлерде КСРО-ның түкпір-түкпірінен келген миллионнан астам тұтқын болды. КСРО-ның Солтүстік Кавказынан, Кореядан, Балтық елдерінен, Украйнадан, Ресейден, тіптен неміс тұтқындары барлығы 2 млн-дай адам Қазақстанға жер аударылды. Олар қазақ халқының асқан қонақжайлылығының арқасында осында тамыр жайып, ел болды.
ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мыңдаған, миллиондаған жазықсық адамдардың қаны мен көз жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттерінің бірі екендігі ақиқат. Сол кездегі әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешені ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2007 жылғы 31 мамырда Ақмол ауылында «Отанын сатқандар» әйелдерінің бұрынғы Ақмола лагерінің орнында ашылды. Бүгінде адам баласы тебіренбей, толқымай кіре алмайтын мемориалдық кешені «Қайғы қақпасы» монументі, «Күрес пен үміт» және «Ашыну мен дәрменсіздік» секілді екі мүсіндік композициядан, сондай-ақ «Еске алу қабырғасынан» құралған. Ал елбасымыздың 1997 жылы 31 мамырдағы жарлығымен бекітілген саяси құрбандарын еске алу күніне биыл 21 жыл толып отыр. Жыл сайын бұл қаралы күн еліміздің барлық қалаларында аталып өткенмен ауыл-ауылдарда ескерусіз қалатыны шындық.
Биыл елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ДүрОңғар ауылында өз қаржысымен «Қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш» аллея тас-тұғырды орнатып, зор азаматтық танытып, тың бастама көтерген Меңдібайұлы Молдабек бауырымызға алғысымыз шексіз. Осы азамат халық жауы болып атылып кеткен тек қана өз бабасына ғана іздеу салмай, онымен бірге өлім жазасына кесіліп, бірге атылған үш бірдей боздақтың  да аты-жөнін тас тұғырға жаздырып, аттарын елге паш етті.

«Сопы» операциясы № 703 іс

Жоғарыда 1929 жылы аса ірі байлардың дүние-мүлкін тәркілеп, өздерін итжеккенге түрмеге айдағаны жөнінде айтып өткенбіз. Қазір сөз етіп отырған төрт боздақ бабамыздың екеуі молда, екеуі бай болғандықтан «Халық жауы» атаныпты. Яғни бұл жерде екі бай атамызды 1929 жылғы тәркілеуден қалайша аман қалдырғаны түсініксіз. Сірә, белсенділеріміздің сұқ саусақтарының ұшына қайта ілінген сыңайлы. Жақында «Жас Алаш» газетінде белгілі тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің «Сопы» операциясы № 703 іс» деген мақалалар сериясы жарық көрді. Бұл іс торына түскендер кілең молдалар, имамдар. Біздіңше қос бай аталарымыз осы толқынмен  бірге кетіп, атылуы мүмкін. Қалған екі молда атамыздың бұл іске толық қатысы бар екеніне көзіміз анық жетіп отыр. «Сопы операциясына» аздап түсінік бере кетелік. НКВД-ның орталық штабының қолдауымен Қазақстан және Өзбекстанда жүргізілген бұл науқан Қазақ елінде басым түрде оңтүстік өңірді қамтыған. Контрревоциялық панисламдық диверсиялық ұйым деп қара күйе жаққандардың қара тізімінде 250-дей адам бар екен. Оларды зерттеу сонау 1925 жылдан басталған. НКВД-ның айтуынша Совет өкіметіне қарсы ұйымдастырылған, көтеріліске дайындаған ұйымды құрған ағылшын барлауының агенті Шама-Хазрет деген біреу екен.

Алғысымыз шексіз немесе түйін

Сонымен біз сөз еткелі отырған төртеудің қалай сотталып, қашан атылғаны және кейін ақталғаны жөнінде назарыңызға ұсыналық.
Жайшылықов Тыныштыбай (өмірбаяндарын берген жөн)
Бекмұрзаев Сүйіндік
Төребаев Жұқа
Тұрғанбаев Ахмет
Бекмұрзаев Сүйіндік менің нағашы атам. Бұл кісінің кіндігінен тараған екі қыздың бірі — анам Жұмагүл. Мақаламыздың басында он жасар қыздың тағдырымен жақсы таныс болдыңыздар. Менің анамды Қармақшыға қарай жол көрсетіп жүрген қыз менің анамның әпкесі Пал. Ол кісінің жұбайы Тәте, Пал апамыздан Жұмабек деген азамат бар. Қалған ұл-қыздары екінші әйелінен. Менің бауырларымның жер басып жүргені бесеу: Райхан, мен, Нұртай, Дариға және Рабиға. Сартай ағамыз дүниеден көшті.
Жоғарыда айтқанымыздай аталарын іздеп, олардың істерін мұрағаттардан тапқан Молдабек Меңдібайұлы қазір Қызылорда облыстық сотында жұмыс істейді. Осы заң саласында ол көп жылдардан бері қызмет етіп келеді. Өз ісінің хас шебері Молдакең аудандық, қалалық соттарда басшылық қызметтерде болған, елге сыйлы, абыройлы азамат. Тағы да осындай асу бермес зор игі іске мұрындық болған, перзенттік парызын адал атқарған Молдабек бауырымызға зор алғыс, Алла разы болсын, бабаларымыздың шапағаты тисін. Сондай-ақ аруақтардың ризашылығы үшін жатпай-тұрмай қызмет істеген бауырларыма, нағашы жұртыма, ДүрОңғар ауылының тұрғындарына, Қармақшы ауданының әкімшілігіне және тілектес болып ескерткіштің ашылу рәсіміне, асқа қатысқандарға алғысымызды айтамыз. Марқұм аталарымыздың, аналарымыздың жатқан жерлері жайлы, имандары саламат, жандары жәннатта болуын Аллам нәсіп етсін!

 Ертай Айғалиұлы

(22)