Немере сыйлаған «орден»

Немересі атасынан сұрап жатыр:
— Ата, соғыс туралы киноны көрдім. Адамның аман қалуы қиын ғой. Сіз қалай аман қалдыңыз? Оқ тимеген ғой сізге…
— Құлыным менің, иә, сұм соғыстан аман-сау қалу екіталай дүние. Менің аман қалғаным жай, кеш туғанымның арқасы. Бізден бұрын туған үлкендер майданға ерте кетті де, көбі оққа ұшты. Ал бізді әскерге жайырақ алды. Соғыс бітіп жатқанда бардым. Мен пәлендей соғысты көргенім де жоқ, шекарада тұрдық.
— Омырауыңдағы орден-медальдарды не үшін алдың онда?
— Ә, бұлар ма, бұлар пәлендей ерлігім үшін емес, адал қызметім үшін, әскери тапсырманы бұлжытпай орын-дағаным үшін берілгендер ғой.
— Ата, сен соғыстым, жауды қырдым, сол үшін берді десең де мен сеніп қаламын ғой.
— Құлыным-ай, ақиқат асыл. Мен өтірік айтсам, онда сен де ертең өтірікші боласың, солай жалғаса береді.
— Ата, сен нағыз шындықтың батыры екенсің! — деп немересі атасын құшақтап, әжім басқан бетінен сүйіп-сүйіп алды.
— Айналайыным, міне, сенің берген орденің бәрінен де қымбат! — деп атасы да немересін қысып, маңдайынан иіскей берді.
Мұнайдар Балмолда

(22)