АЭФ-2018: ЖЕР-ЖАҺАН ТҮРЛІ ӨЗГЕРІСКЕ ДАЙЫН БОЛУЫ КЕРЕК



Елордасы Астана қаласы бүгінде Қазақстан халқы үшін ғана емес, күллі әлем тұрғындары, әсіресе, бизнес, экономика, саясат ғылым-білімге баса назар аударған дамыған және дамушы елдердің беткеұстарлары бас қосып, өткеннің есебін беріп, болашаққа жоспар құрысатын үлкен ордаға айналып отыр. Бұған күні кеше өткен дүниежүзілік ХІ Астана Экономикалық Форумы (АЭФ-2018) дәлел бола алады.

     

Бұл форум бұрынғыдан өзгерек…

       Алдымен, форумға қатысты статистикалық мәліметтерге назар аударалық: дәстүрге айналған іргелі жиын жыл санап әлемнің мүйізі қарағайдай зиялыларының қатысуымен маңызын арттырып келеді. Биылғы жылы ғаламдық деңгейдегі сарапшылардың көптігінен болса керек, форум әдеттегідей екі күнге емес, үш күнге созылып, 11 бағыт бойынша 75 шара өтті. Ал, былтыр 3 бағыт бойынша 40 шара өткен-тін. Қатысуға ниет білдіргендердің де саны едәуір артқан. 2017 жылы ұзын саны 4018 адам (835-і шетелдік) жаһандық форумның қонағы болса, биыл 7193 адамға (1627) бейдж дайындалыпты. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де белсенділігі жылдан-жылға артып отырғаны анық байқалады. Мәселен, былтыр әлемнің 83 елінен 365 журналист хабар таратса, биылғы форумды баспасөз беттерінде насихаттаған 111 мемлекеттен жиналған БАҚ өкілдерінің саны 1000-ға жеткен. Сонымен бірге, «Назарбаев», Еуразия Ұлттық университеті және Қазақстандық Заң университетінің студенттерінен құралған 400 ерікті форум қонақтарына қызмет көрсетсе, дүниежүзінің әр қиырынан келген білікті мамандардың қатысуымен жастарға арналған 25 дәріс өтті.

 

Н.НАЗАРБАЕВ: «АЭФ-ке қатысу көпшілік үшін игі дәстүрге айналып отыр»

       «ЕХРО» Конгресс-орталығында өткен ХІ Астана экономикалық форумына Мемлекет басшысы Н.Назарбаев та қатысып, Францияның бұрынғы Президенті, Франция Конституциялық Кеңесінің мүшесі Франсуа Олланд, БҰҰ сегізінші Бас хатшысы Пан Ги Мун, Дүниежүзілік сауда ұйымы бас директорының орынбасары Алан Вольф, Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Раджендра Кумар Пачаури, «Apple» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк және басқа да әлемдік тұлғалар төбе көрсеткен пленарлық отырыста Астана экономикалық форумына қатысу көпшілік үшін игі дәстүрге айналғанын баса айтты.

 -Он бірінші рет өткізіліп отырған бұл форум экономиканың, инвестицияның және инновацияның мейлінше өзекті мәселелерін талқылауға арналған. Биылғы форум жаһандық сын-тегеуріндерге лайықты жауап табу мәселелерін де қарастырады. Шиеленісті жағдайлардың көбеюімен қатар қазіргі өркениеттің жаңа жаһандық трансформациясы қай елді болмасын бей-жай қалдырмайды,-дей келе, ҚР Президенті осы форумда өткен барлық шараның тақырыбына тұздық болған ғаламдық дамудың басты 5 мегатрендін атап өтті. Олар: адам қызметінің барлық салаларын цифрландыру, энергетикалық революция, жер шарындағы тұрғындар санының жылдам өсуі, урбанизация қарқыны мен сипатының және  жаһандық еңбек нарығының өзгеруі.

Биылғы форумда 11 бағыт бойынша 75 шараның өткенін жоғарыда айтқан едік. Мәселен, «Жаңа қаржы географиясы. Бүгінгі капитал қайта кетеді?» пікірталас орталығында «Астана» қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов «Орталық Азиядағы ғаламдық, өңірлік бизнес хабтың даму деңгейі төмен» деген болатын. Әлемдік деңгейдегі келелі жиындарда сөз сөйлеуге әбден машықтанған Қ.Келімбетов спикерлер мен қатысушылар алдында еш іркілмей, өз ойын ашық жеткізді.

-Ғаламдық дамудың стратегиялық картасы бойынша қаржылық зеттеулер Азияға да келіп жетті. Сондықтан, Орталық Азияда қаржы орталығын дамыту үлкен маңызға ие болып отыр. Бұған қоса, әлемдегі ірі қаржы орталықтарында тенденциялар белең алып, өзгерістер байқалады. Лондон, Нью-Йорк, Гонконг, Сингапур қатарлы үлкен төрттіктің жұмысынан олардың бірлестікте екенін аңғарамыз. Сонымен қатар, олардың дамушы елдермен және де Еуропадағы жаңа қалалармен байланыс орнатқандығын байқау қиын емес. Осы орайда Астанада халықаралық қаржылық байланысты жандандыру аса өзекті,-дейді ол.

Қытай экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын мысалға алған Қ.Келімбетов соңғы 20 жылда еліміздің Лондон, Мәскеу, Стамбул мен Дубай секілді қалалармен байланыс орнатуды жолға қойғанын айта келе, ендігі меже халықарылық деңгейде бәсекеге қабілетті болу екенін баса айтты.

«АСТАНА ҚАЛАСЫНДА ДА КЕМШІЛІК КӨП»

Бұдан бөлек көп жиынның ішінде «21 ғасырда табысты мегаполисті қалай құруға болады?» деген тақырыпта өткен дөңгелек үстелдің көпшілікті қызықтырғанын, әсіресе, сәулет, архитектурамен айналысушылар үшін іздеп жүріп қатысатын жиын болғанын айта кету керек. Сөзжарыс түрінде өтпегендіктен, аталмыш басқосудағы мамандар пікірін өзімізге кеңес ретінде түйіп алдық. Жаңа шаһар салуда немесе қалаларды қайта дамыту саласында абыройлы қызмет етіп келе жатқан белді архитекторлар мен бизнесмендер жиналған дөңгелек үстелде ең бірінші болып «Merrick Architecture Ltd» компаниясының негізін қалаушы әрі директоры Роджер Бэйли сөз алды.

-Мен Жаңа Зеландияда туып-өстім және әлемнің ең тыныш аймағында 40 жыл тер төктім. Осы уақытқа дейінгі іс-тәжірибемнен айтар болсам, қала салу үшін ең алдымен оның орналасатын жерінің географиялық сипатына, климаттық жағдайына көңіл бөлу керек және қала салынғанға дейін де, кейін де экологиялық мәселелердің туындамайтынына көз жеткізу қажет,-деген Р.Бэйли қалаларды тұрақты дамытудың 5 параметрін ұсынды. Олар: қаланың толық жоспары, экономиканың тұрақтылығы, қоршаған ортаны қорғау, қоғамдағы бірлік және көлік қатынасы құралдарының тұрақтылығы.

Әлемнің маңдайалды сәулетшілерінің ішіндегі «қала салғыштардың» бірі Гильермо Пеньялоса қалада тұратын адамдардың көп уақыты жолдағы кептеліске кететінін алға тартып, транспорт тұрақтылығы және адамдардың мәдениеті әбден толысқан Париж қаласын мысалға алды.

-«Тур-де-Франс» велобәйгесін жақсы білесіздер. Мәселен, сол жарыс жүйкемізге тиіп бітті деген бір французды көрмейсіз. Қала қаншалықты үлкен болғанымен, сырттай тығыз орналасқандай көрінгенімен велошабандозға да, көлік жүргізушіге де, жаяу жүргіншілерге де жол қарастырылған. Сондай-ақ, мәдениетті текке айтпадым. Жоғарыда Роджер мырза айтқан 5 параметрдің ішінде қоғамдық бірлік, ынтымақ та бар. Адамдардың бірін-бірі сыйлауы уақыттарын өлтіріп алмауына, кептелістердің болмауына септігін тигізеді. Ал, қаланы «0»-ден бастау үшін 30 жыл бұрынғы принциптер бүгінгі заманда түкке жарамайды. Керісінше, ісімізді қиындатып, адамдарды қаладан қашырып алуымыз да ғажап емес,-дейді ол.
Ал, Орта Азия елдерінің мегаполистерін жобалап жүрген архитектор Майк Оудс «ә» дегеннен-ақ Астана қаласын мақтай жөнелді.

-Астана қаласымен 2005 жылдан бері таныспын. «Бейбітшілік пен келісім сарайын» жобалаған уақытта шаһардың толық жоспарымен танысып шыққан едік. Қазіргі Астананы 13 жыл бұрынғы Астанамен салыстыра алмайсыз. Тіпті, бес жыл бұрынғы Астананың өзін қазір елестету қиын. Кемшіліктер де жоқ емес, әрине. Өйткені, Астананы «0»-ден басталған қала дей алмаймыз, ол кезінде Целиноград болды, қаланың қалыптасуы өткен ғасырға тиесілі. Тек бір байқағаным, көлік қатынасы Астанада ғана емес, Алматы, Шымкент, Атырау қалаларында да бас қатыратын мәселеге айналған екен. Оның үстіне Астананың ауа-райы да қаланың дамуына кері әсерін тигізіп тұр. Сондықтан, паркингтердің санын көбейту керек,-десе, Лука Гуала өзінің дөңгелек үстелге дайындықсыз келгенін айтып, былай деп қысқа қайырды:

-Адамсыз қала болмайтындықтан не жоспарласақ та адамның игілігін бірінші орынға қою керек. Осы орайда «0 миль – 0 консепция» жобасын ұсынғым келеді. Бұл, қарапайым тілде айтқанда, қызметке жұмыс орнына жақын тұратын адамдарды ғана алу керек дегенді білдіреді. Мәселен, Астананың оң жағалауында тұратын адамдарды сол жағалауға қызмет алу ең алдымен қызметкердің өзіне одан кейін қызмет сапасына кері әсерін тигізеді.

       P.S. Әрине, дүниежүзілік деңгейде өткен бұл форумдағы барлық тақырыпты оқырман қауымға жеткізу мүмкін емес. Бастысы, күнде көрісе бермейтін кәнігі мамандар, олардың ішінде ең білікті экономист, архитектор, бизнесмендердің бір ауыз әңгімесінің өзінен тиісті қорытынды шығара алсақ құба-құп. Әйтпесе, босқа шығынданып, қаншама қонақты шетелден алдырып, солардың құр мақтауына семіре бергеннен экономикалық жағынан қуатты әрі тұрақты мемлекетке айнала қоюымыз мүмкін де емес.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

(18)