Қылмыскер

— Мама, тұршы. Тұршы деймін, мама… Қарным ашты.
Бояуы оңған футболкасының жағасындағы жыртықтан бұғана сүйегі ырсыйған кішкентай Асқардың анасын жұлқылап отырғанына біраз болды. Кірі баттасқан көк диванның үстінде жұқа көрпешемен басын бүркеп жатқан шешесінің қыбыр етер сыңайы жоқ.
— Мама деймін… — Қорс-қорс жылаған бала әлсіз қолдарымен жамылғыны тағы жұлқылады. — Қарным ашты ғой.
— Баршы ары!
Темекі мен арақтан уланған дауыс барқ ете қалған. Асқар қуанып кетті.
— Маматай, тұршы.
Анасы жамылғыны әзер ашып, ісіктен кілкіп тұрған қабағының астындағы көзін әзер ашқан күйі бұған қараған. Көгілжім тартқан жүзі де, кіреукеленген көзі де жиренішті еді.
— Жоғал дедім!
Шешесі көрпені қайта бүркеніп алды. Жыламсыраған Асқар орнынан тұрып, асүйге беттеген. Шешесін енді мазаласа таяқ жері анық. Оңдырмайды, өткенде бос шишамен жіберіп ұрып, басының қанын судай ағызған. Стақандар, тұқыл шашылып жатқан, дастарқаны жұлым-жұлым үстелге телміре қарап бала біраз тұрды. Сосын «Шпроттың» бос қалбырын алып, саусағын ішіне жүгіртіп, жалады. Май дәмінен басқа түк жұқпады. Түбінде қалған жұрнақты түнде өзі жалап-жұқтап қойған еді. Нан қиқымын да саусақпен теріп жеген. Тіпті еденге түскен қоқымды да алақанымен сыпырып, аузына салған. Ол су ішпекке бұрылды. Аттай берді де кілт тоқтап, неге екені белгісіз тоңазытқышты ашты. Мұнда түк жоғын ол біледі. Жарық қиылған үш айдан беріде үңірейіп, ішінен күлімсі иіс мүңкіп тұрған тоңазытқышқа біраз қарап тұрды да жаба салды. Сосын шүмектен ұрттап су ішкен. Көкқарын болып көп ішкеннен су дәмінен де жүрегі айныйтын болған. Бір-екі ұрттады да қойды. Ортаңғы бөлмеге қайта келіп, сопиып тұрды да қойды. «Дядя Генаны тауып алсам ба екен?» деген ой жылт еткен. Тез айныды. Дүкен маңынан шықпайтын Гена тиын-тебен тапса да тек арақ алады. Оның шын аты Ғалым екенін бертінде естіді. Көрші подъезде тұратын еркек мұнда жиі келеді, жалпы келетіндер көп, сол Гена бірде анасымен ішіп отырып мұны еркелеткені бар еді. Үстіне балық салып, бір тілім нан берді. Тәтті суынан құйып берді. «Қолыма қарға тышқан күн» деп Гена ағай лепіріп отыратын ондай күндер сирек те болса болып тұрады. Ал басқа уақытта жолауға болмайды, оңдырмайды. «Ты что, закуску в хавчик превращаешь?» — деп айғайлап, құлағын бұрап, арық қабырғасынан мытап-мытап жібереді. Қолы тастай өзінің. Асқар сонда да оның келгенін тілейтін. Тіскебасарларынан бір-екі асаса да жанға қуат. Есік алдындағы қоқыстың да қожайыны сол Гена. Ақтарып жатқаныңның үстінен түссе сабап тастайды. Осы маңдағы әр үйдің контейлерін бір-бір Гена қорып жүр… Асқар кейде түн ортасында барып ақтаратын. Қараңғыда мандыған нәрсе табу қиын. Өткенде көгеріп кеткен бір шұжық тапқанына қуанып, тоя жеп еді, бір сағаттан кейін іші бүріп, көзі аларып, дүние шыр айналды. Аузына сасық дәм келіп, жүрегі көтерілді. Айналасын құсық пен нәжіске былғап, бес күн сұлық жатты. Дәрменсіздіктен кранға жетіп, қара су ұрттай алмады. Шешесі тек үшінші күні екі-үш адаммен бірге келіп еді. Шаламас екен. Басымнан сипар деп еді, керісінше болды.
— Иттің баласы, үйдің ішін боқ сасытыпсың! — деп талмаусырап жатқан мұны екі-үш мәрте қойып-қойып жіберген. Асқар соққыны сезбеді. Шешесі болса қасындағыларға ыржалаңдап:
— Бала ғой, кейін жуып алармын. Жүріңдер, ана бөлмеге барайық, — деп асүйге кіріп кетіп, есікті жауып тастаған. Мұның қайта-қайта су сұраған әлсіз үнін естімеді. Бұл аздаған әл жиып, орнынан көтерілген кезде де шешесі үйде жоқ еді. Сол дерт мұны қатты әлсіретті, еті қашып, өңі сарғыш тартты. Іші тоқтамайтын болды. Бесінші сынып оқуы тиіс баланың түрін қараған адам екі әлде үшінші сыныптың оқушысы екен деп ойлайды.
Асқар ілби басып есікке беттеді. Бірден шығып кетпей, аяқ киімге арналған жәшіктің үстіне отырды. Қайда барады? Мұны көршілер де жақтырмайды. Бәрі сұстанып, жирене қарайды. Айналып-толғанып, азын-аулақ азық ұстатып, жұма сайын шелпек пісіріп, Асқарға әкеліп беретін жалғыз Алтын апа бар еді, өткенде өліп қалды. Есік алдына көп адам жиналды, құран оқыды. Сол күні Асқар көп жылады. Неге екенін білмейді, солқылдап, еңіреп өз-өзін тоқтата алмады. Ақсары, етжеңді, жүзінен жылылық есіп тұратын, басынан аппақ орамалын тастамайтын сол кемпірмен бірге мына әлемнен мейір де кететінін кішкентай жүрегі сезгендей-ақ екен. Алтын апаның үйін қызы мен күйеу баласы тез сатып жіберді. Бір қарашұбар аға сатып алған. Келгеннен бұған тиісті. Қай кезде көрсе де «Мен сені милицияға өткізем. Жоғал!» — деп жекиді де жүреді. Қарны үлкен әйелі де «Осылар-ақ подъезді сасытып болды», — деп шапылдап жүреді. Шешесіне бәрібір, елемейді, келістіріп бір боқтайды да, жүре береді, ал Асқар дәлізге шығуға қорқатын болды. Есіктен аттап басса аулақтау кетуге асығады. «Әкем болса ана қарашұбардың тұмсығын бұзар еді», — дегенді жиі ойлайды көше кезіп бара жатып…

(жалғасы бар)
Серік Әбікен

(16)