Оразаның сауабы қандай?

Ораза деп айтып отырған сөзіміз жоғарыдағы аяттағы «сиям» деген сөзден аударылды. Мағынасы «өзін тыю» деген сөз. Шариғатта «таң атқаннан күн көзі толық батқанға дейін ниетпен оразаны бұзатын немесе ашып жіберетін нәрселерден өзін тыюға» айтылады. Оразаны бұзатын нәрселер дегенге тоқталатын болсақ, олар: жеу, ішу, жыныстық қатынасқа түсу және басқа да оразаны бұзатын әрекеттер.
Исламда ораза ғибадаты діннің тірегі болып саналады. Рамазан айына аман-есендікпен жеткен, дені басы сау, балиғат жасындағы өзін мұсылман санаған адамға ораза ұстамау — үлкен күнә. Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі болсын): «Рамазан айында парыз болған оразаны бір күн әдейі ұстамаған адам, өмір бойы ораза ұстап өтсе де, сол ұстамаған күнінің орнын толтыра алмайды», — дейді. Сондықтан Алланың әмірін өз уақытында орындау — үлкен сауаптарға кенелтеді.
Ораза ұстаудың өзіндік ұстанымдары бары рас. Сондықтан Алла тағала сырқат және сапарға шыққан адамға көрген қиындықтарының үстіне ауырлық болмасын деп жеңілдік береді: «Сонда сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде өтесін». Яғни, сырқат ауруынан айыққан соң, жолаушы сапардан қайтқаннан кейін, қанша күн ұстамаған болса, сонша күн рамазаннан басқа айда қаза ораза ұстайды. Шариғат ғалымдары сырқат адамдардың қатарына етеккірі келген әйелді, жүкті әйелді және қолында емізулі нәрестесі бар әйелдерді де қосады. Етеккірі келген әйел рамазанда қанша күн ораза ұстамаған болса, рамазаннан басқа айда сонша күн қаза ораза ұстайды. Жүкті әйел босанып, емізулі баласын емшектен шығарғаннан кейін қаза ораза ұстайды.
Аяттағы: «Ал ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір міскіннің пидиясын берсін», — дегеннен ұзақ ғұмыр кешіп, ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі кісілерді түсінеміз. Олар рамазан айында ұстамаған әрбір оразасының орнына бір міскін бейшараның қарны тоятындай тамақ беріп отырады. Мұны шариғат тілінде «пидия» дейді. Ғұламалар ауруынан айықпайтын сырқат адамдарды да жасы ұлғайып, әлжуаз тартқан қарттар тобына қосады. Олардың ораза қазасын ұстауға шамалары жоқ. Өйткені жазылып кетуінен үміт жоқ. Сондықтан оразаның орнына пидия береді.
«Кім өз қалауымен қайырлы іс қылса, ол өзіне жақсы», — делінген аятта. Кім өз ынтасымен көп сауап аламын деп бір міскінге ғана емес, екі-үш адамға немесе арзан емес орташа немесе бір кісіні болса да аса қымбат дәмді тағамдармен тамақтандырса, өзі үшін жақсы. «Біле білсеңдер, ораза ұстағандарың — өздерің үшін жақсы», — дейді. Демек, басқа ғибадаттар сияқты ораза да әуелі ауыз бекіткен пенделеріне жақсылық келтіреді.
Ораза ғибадаты пенденің Аллаға деген сезімін оятады, ораза — адамның тақуалығын күшейтеді, ораза — адамды Жаратқанға жақындатады, ораза — Алланың разылығына бөлейді, ораза — мол сауапқа кенелтеді, ораза — жәннат есігін ашады, ораза — тозаққа қалқан болады. Және біз білетін-білмейтін жақсылықтарға жеткізеді. Сондықтан ораза ұстаған адамнан Аллаға жақын адамның табылуы екіталай. Өйткені ораза ұстаған адам тек Алла үшін, Оның разылығына жету үшін таңнан күн батқанға дейін аш жүреді, шөліркейді және жыныстық құмарлыққа берілмейді.
Алла тағала хадис құдсида: «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, адамзат әрбір жақсылығы үшін оннан жеті жүз сауапқа дейін, тіпті одан да көп сауап алады. Ал ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана білем, әмірін Өзім берем. Өйткені ол Менің разылығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден және және жыныстық қатынастан бас тартты», — дейді.
Басқа ғибадаттарға қарағанда, оразаның сауабы тым көп болғандықтан, санмен шектелмейді, сол үшін Алла тағала оразаның сауабын Өзім берем, яғни сауабының көптігі Маған ғана аян, дейді. Шын мәнінде, оразадан басқа ғибадаттар сырт көзге байқалып жатады. Мәселен, намаз оқыса, оны басқалар көреді. Зекет берсе, жоқ дегенде, оны садақа алған адам біледі, оған алғысын жасырмайды. Қажылық жасаса, ол да байқалады. Қажылық та көпшілікпен атқарылатын амал. Тіпті, бүгінгі күнде қажыға барғандар атына «пәленше қажы» деп қостырып ататуды әдетке айналдырған. Ал ораза ұстаған адам ешкім көрмейтін сәресі уақытында тұрып аузын бекітеді. Күні бойы басқалардан айырмашылығы білінбей жүреді, тек Алладан қорыққаннан, тек Алланың разылығы үшін, оразасын ешкім жоқ жерге кіріп алып ашып жібермей, ниетпен соңына дейін жеткізеді. Сондықтан да Алла: «Оразаны пендем Мен үшін ұстайды», — дейді.

Мирас Кесебаев

(65)