Назарбаев: Біз Астананы туристік қалаға айналдырамақ ниеттеміз

Қазақстан Президенті «Hotel Properties Limited» компаниясының негізін қалаушы Онг Бэнг Сэнгпен кездесті. Кездесу барысында тараптар туризм саласындағы ынтымақтастық және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Бүгінде Қазақстан мен Сингапур арасындағы достық әрі әріптестік қарым-қатынастар жоғары деңгейде екенін атап өткен Мемлекет басшысы: «Сингапурмен бұрыннан жақсы байланысымыз бар. Мен Ли Куан Ю мырзамен көп жыл достық қарым-қатынаста болдым. Елдеріңіздің қазіргі Премьер-министрімен де тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеміз. Халықаралық басқосулардың бәрінде жүздесіп, қарым-қатынасымызды одан әрі нығайту жөнінде әңгімелесеміз. Қазақстанның туризмді дамытуға мүдделі екенін атап өткім келеді.  Сіз – қонақ үй бизнесінде танымал адамсыз, әлемнің көптеген елдерінде жұмыс істеп жүрсіз. Астана – жаңа елорда. Біз оны туристік қалаға айналдырмақпыз. Бұл үшін біз Сингапурдың осы бағытта жүріп өткен жолын зерттеудеміз», – деді. Қазақстандағы өзінің алғашқы жұмыс тәжірибесі жөнінде айтқан сингапурлік бизнесмен Онг Бэнг Сэнг Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен қарқынды түрде өркендеп, дамудың жоғары нәтижелеріне қол жеткізгенін атап өтті.

Ермек Назым

(8)