Өзбек ағайынмен тарихи тамырластық

«Өзбек өз ағам» деп бауыр тұтатын Өзбекстанмен соңғы кездері қарым-қатынасымыз қоюласып келе жатыр. Бұл жылымықтың Өзбек билігінің тізгіні Шавкат Мирзиеевтің қолына өткеннен кейін басталғаны да жасырын емес. Соңғы бір жыл ішінде екі ел басшылары бірнеше мәрте жүздесіп, бауырлас елдердің мүдделеріне тиімді болатын талай шаруаны ретке келтірді. Соның нәтижесінде қазақ елінде «2018 жыл — Өзбекстан жылы» болып жарияланды. 

Бұл ауқымды шараның аясында бірнеше мәдени және экономикалық мәселелерді талқылауға арналған халықаралық шаралар болып өткен еді. Алдағы уақытта мұндай игі бастамалардың молая берері сөзсіз. Мамырдың 14-де Парламент Мәжілісі-нің төрағасы Нұрлан Нығматулин Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаевты қабылдады. Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин қадірлі қонақтың қазақ еліндегі маңызды қызметімен құттықтап, оның мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесі біздің елдеріміз арасындағы әріптестектікті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді: «Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды стратегиялық әріптесі. Бүгінде қос ел президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Шавкат Мирзиеевтің өзара түсіністік пен тату достыққа негізделген бірлескен іс-қимыл нәтижесінде көпқырлы ынтымақтастықты жоғары деңгейде дамытуға қол жеткізілді», — деді Нұрлан Зайроллаұлы. Палата Төрағасы аймақтық және шекаралық әріптестіктің даму деңгейіне көңіл бөліп, осы жылы тұңғыш «Қазақстан-Өзбекстан» аймақаралық форумы өтетінін, ол екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ықпалдастыққа жаңа серпін беретінін атап өтті. Өзбек елшісі Сайдикрам Ниязходжев қазіргі таңдағы екі елдің уақыт сынынан өткен тарихи тамырластығын алға тарта келіп, екі ел басшыларының өткен жылғы мемлекеттік іс-сапарлары екіжақты қарым-қатынастың жаңа белесін бастағанын айтты. Тараптар парламентаралық өзара іс-қимылды күшейтудің маңыздылығына тоқталды. Осы орайда Мәжілісте құрылған Өзбекстанмен ынтымақтастық жөніндегі және Олий Мәжілістегі Қазақстанмен достық топтары екіжақты, соның ішінде, парламентаралық байланыстарды тереңдетуде ықпалы зор екендігі және олардың әлеуетін белсенді пайдалану керектігі айтылды.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

(20)