Қ.АҚСАҚАЛОВ, СҚО әкімі: «Ботай қонысы арқылы бізді әлем мойындап отыр»

Жуырда елордадағы Орталық коммуникациялар қызметiнде Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Құмар Ақсақаловтың қатысуымен брифинг өтті. Жиында Қ.Ақсақалов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласының орындалу барысы жайында әңгімелеп, теріскейде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Облыс әкімінің баяндамасынан бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының iске асырылу барысына арналған көрме өтіп, жиналған көпшілік назарына әйгiлi «Ботай» қонысының жәдiгерлерi мен тұрғын үйлердiң үлгiлерi, өңiрдiң киелi жерлерiнiң картасы, кiтап басылымдары, дисктер, альбомдар ұсынылды.
«Бағдарламаны iске асыруға облыс тұрғындары, барлық нысаналы топтар кеңiнен тартылуда. Жүктелген мiндеттердi түсiну және iске асыру, бiртұтас құндылықтар мен ұлттық кодты қалыптастыру нәтижесiнде, әрбiр азамат мемлекетiмiздiң дамуына өз үлесiн қосатындығы маңызды», — деп әңгімесін бастады СҚО әкімі. Оның айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдени және тарихи құндылықтары бар нысандарды сақтауға бағытталған шаралар кешенi қабылданғанын атап өттi. Облыста аталған бағдарламаны iске асырудың негiзгi кезеңдерiнiң бiрi — туған өлкенiң проблемаларына кәсiпкерлердi, меценаттар мен қызығушылық танытқан азаматтарды тарту болып отыр. «Туған жерге тағзым» жобасы аясында 2017 жылы облыста туған өлкенi дамытуға бағытталған жалпы сомасы 1,3 млрд. теңгеге 126 iс-шара жүзеге асырылды.
Сонымен қатар Қ.Ақсақалов «Қазақстанның киелi жерлерi» арнайы жобасын iске асыру мақсатында жалпыұлттық маңыздағы тiзiмге өңiрдiң 6 нысаны және жергiлiктi маңыздағы 13 нысан енгенін айта келе, өңiрдiң киелi нысаны ретінде энеолит дәуiрiнiң бiрегей ескерткiшi «Ботай қонысы» болып табылатынын баса айтты.
— Солтүстiк Қазақстан облысындағы осы қоныстың арқасында бұл жалғанда алғаш рет жылқы малын қолға үйреткендiгi дәлелденiп отыр. Бұл ескерткiш республикалық маңызға ие және бiздiң өңiрдiң брендi болып табылады. Солтүстiкқазақстандықтар аталған тарихи дерекпен, әлемдiк жылқы шаруашылығының бесiгi болып табылатындығымен заң жүзiнде мақтана алады», — дейді ол.
Айта кетейік, 2018 жылғы 31 наурызындағы ҚР Үкiметiнiң қаулысымен Ботай қонысы үш республика-лық тарихи-қорықтардың қатарына ендi. Бұл болашақ ұрпаққа бiрегей мәдени ескерткiштi сақтауға, саяхатшыларды тартуда бәсекеге қабiлеттiлiктi жоғарылатуға, ғылыми-зерттеу, археологиялық, ағартушылық, бiлiми бағдарламаларды дамытуға қажеттi шарттар тудыруға қол жеткiзедi. Өңiрiмiзде тек iшкi деңгейдегi емес сонымен қатар халықаралық деңгейдегi туризм саласын дамытуға баса назар аударылуда. Петропавл қаласын абаттандыру жұмыстары жалғастырылуда. 2018 жылдан бастап өңiрдегi барлық мұражайларға кiру тегiн болды. Облыс әкiмiнiң айтуынша, қабылданған шаралар туристтер ағымын екi есеге өсiруге мүмкiндiк туғызып отыр. Өңiрдiң басшылығымен «Заман таспасы» жобасы қабылданды. Бұл жоба туристерге гаджеттердiң көмегiмен қаланың тарихи ескерткiштерiмен танысуға мүмкiндiк бередi.
— Жоба бойынша қазiргi таңда ескерткiштер туралы екi тiлде толық мағлұматы бар маршрут дайындалды, дайындалған QR-кодты тақташа үлгiсi негiзiнде, QR-код қалыптастырылды, — дейді СҚО әкімі.
Бұдан бөлек, Қ.Ақсақалов облыстағы жаңа қазақ театрының құрылысын атап көрсеттi. Қазір облыс орталығында С.Мұқанов атындағы 200 орындық қазақ сазды-драмалық театры жұмыс істеп тұр. Биылғы жылы Петропавл қаласында жаңа «Жас Өркен» шағынауданында 500 орындық жаңа театрдың құрылысы басталады. Қорыта келе, Құмар Ақсақалов рухани жаңғыруға байланысты ел Президентінің қойған мiндеттерi, халқымыздың алдында рухани дамудың жаңа белестерiн ашатындығын көрсетiп кеттi.

Ерқазы Сейтқали

(12)