Қоқан басқыншыларының зәресін ұшырған Биназар батыр

Осы бабамызға арналған Мойынқұмдағы Хан тауында өткен астың маңызы зор болды

Батыр Биназар бабамызды тәуелсіздік жылдары кеңінен, тереңдеп тани бастадық. Биыл туғанына 214 жыл толып отырған Биназар Ақеділұлы батыр кім? Әрине аз сөзбен батыр бабаның ерлікке толы ғұмырын терең әспеттей алмайсың. Қазақтың Іргелі руларының бірі Дулаттың Шымырынан тарайтын Көкіректен шыққан Биназар батырдың ХХ ғасырда қоқандықтарға қарсы халқын бастап, жанқиярлықпен шайқасқан ерекше ерлігін баса айтқан жөн. Күші басым жауға батырлығымен бірге даналығымен, айлакерлігімен дес бермей шайқаса отырып, Көкірек елін жаңа қонысқа әкеліп орнықтырған баба ерлігі шексіз. Шу, Мойынқұм өңірі қазақ үшін тарихи жер. Мұнда өздеріңіз білесіздер Қазақ хандығы келіп ту тігіп, кейін іргесін, керегесін кеңейткен. Батыр баба осы жерде елін тек ауыл шаруашылығымен ғана айналыстырмай егін шаруашылығын да қоса дамытқызған. Сыпатай, Ағыбай батырлармен, Бөлтірік бимен, Кенесары ханмен тек қана араласпай тізе қоса жауларымен бірге шайқасқан. Қазір бабамыздың мәңгілік мекені Сұнқар тауының етегінде. Ұрпақтары батырдың 190 жылдығында тамаша кесене тұрғызды.

200 жылдығында Мойынқұм өңіріндегі тоғыз жолдың торабында биік, айбарлы ескерткіш сомдады. Тағы бір соны бастама осыдан бірнеше жыл бұрын аудандағы әр ауыл кезегімен жыл сайын ата кесенесі басында мамыр айында ас беріп жүр. Жәй ғана ас бермей мешіт, қосымша жайлар салады жыл сайын. Елбасымыздың Рухани жаңғыру майданын қыздырған Көкіректердің бұл бастамасынан өзгелер үлгі-өнеге алу керек. Биылғы кезекті асты өткізіп отырған Айдарлы ауылы бізді арнайы қонақ етіп шақырды.

Қараңғылықты серпіген
Біржан кәсіпкер

Бір Алламыздың өз құлына деген мейірімі түгесілген бе, шіркін! Астан бұрын екі күн қатарынан отыз бен қырық градус ыстықпен мойынқұмдықтарды састырған ауа райы бүгін тіптен басқаша. Көлбей жатқан Хан тауы көгілдір тауларының үстіне күлімдеген ақша бұлттар төніп, нұрын себеледі. Таудан соққан самал жел жан-жағымыздағы құлпырған жап-жасыл әлем бізге әтірін сеуіп тұрғандай бейне. Кәсіпкер бауырымыз Біржан Тілеубай халықаралық «Қазақстан Zamany» газетінің бас директоры Сәуле Мешітбайқызы тәтеміздің бастауымен бізді тау-тасты ендей өтетін алып машинасымен асқа зырлата шүйіткітіп әкеле жатыр. Мына Біржан ініміз өткен жылғы берген уәдесінің үдесінен шықты. Түн болса атамыз жатқан аңғар қараңғылық тың құшағында қалатын. Біржан күннен қуат алатын аппарат орнатып шамдармен жарқыратып қойды.
— Айналайын, көкетайым, бақытты бол! — деп сексеннің сеңгіріндегі Шәмшия апа да батасын төкпелетті. Текті апамыздың үлкен жасына қарамай есте сақтау қабілеті тіпә-тіпә таң қалдырды Ара-арасында жыр шумақтарын лекіте төгеді, ән де салады, шежіре қойнауына да сапар шегіп кетеді.
Ақсұңқар Хан тауынан басталады,
Төрінде қызғалдақтар жайқалады.
Гүлденген Қазақстан мәңгі ел боп,
Халқымның ерлік жолы жалғасады.
Хан тауы Жамбыл таумен қатар жатқан,
Ерлерім кен қопарып, малды баққан.
Жәнібек, Керей хандар ту көтерген,
Жерұйық іздеп келген Шу мен құмнан.
Хан тауының асу-асу белдерін, бұлақтарын басып өтетін жол үсті үлкенді-кішілі көлікке толы. Олардың ішінде Салт аттылар да жетерлік. Үлкен асудан асқанда Биназар бабаның еңселі кесенесі, ақбоз үйлер, қаз-қатар тізілген автокөліктер және құжынаған халық көрініс берді. Сылдырап аққан ата бұлағынан дәм татып, салтанатты жиналысқа асыққан елдің қатарына біз де қосылдық.

Айдарлы ауылы ерледі

—Тәуелсіздігіміздің елең алаңында, 1994 жылы қараусыз калған атаның басына алғашқы қарлығаш болып келіп, қамқорлығына алған Қараштолақов Бағлан атты азаматтың ерен еңбегін, қамқорлығын ерекше атап кеткен жөн, — дейді Стамқұл Садырқұлов ақсақал біздің сауалымызға жауап беріп-Құдайдың құдіреті ғой! Бағлан бастаған жігіттер келіп атаның басына алғаш рет келгенде төрт үлкен жылан ысылдап оларды жібермеді. Тек кұран оқығанда ғана жол беріпті. Тағы бір айтатын нәрсе Лиза қажы Мешітбайқызы мен Төлеухан Оспанбеков алғаш рет мешіт үйіне күрделі жөндеу жүргізді.
Ал жыл сайын өткізіп жатқан ас өткізу тәртібіне мұрындық болған жандармен де кездестік. Оның басшыларының бірі — Биназар ауылының тұрғыны Дүйсенғали Қыдырбаев бұлай деп әңгіме тиегін айтыпты.


— Алдымен біздің ауыл ас берді. Осы астың алдында Сағат Алдабергенов, Қайрат Хасенов, Мадияр Жақсыбаев, Талғат Мұсақұлов атты жігіттермен ақылдастық. Мойынқұм ауданындағы ауылдар жыл сайын ас беріп тұруға және оның тәртібін жасап, бастама көтеруге ұйғарым жасадық. Бұл бастамамызды ас кезінде айтып едік халық қолдады.
Биылғы ас беріп отырған Айдарлы ауылының жастары ерекше белсенділік танытыпты. Аудан депутаттары Қайрат Мадияр, Сағат Алдабергеновтер үнемі қамқорлық жасап тұрған. Әрине ең алдымен ауыл әкімі Әділет Мұқашев бастаған комиссия құрылды. Әппақ аққудай болып киінген әдемі қызды біз әнші болар ойлағанбыз. Сөйтсек ол ауыл әкімі аппаратына бас маманы Алтынай Айдарқызы болып шықты.
— Біз бұл асты жасарда қатты толқыдық. Ауылымызды әртүрлі этнос өкілдері бар. Мұндай үлкен асты өткізе аламыз ба деп толқыдық. Шүкір, ауылымыздың ынтымақ бірлігі арқасында барлық қиындықты жеңіп шықтық. Әсіресе жастарымыз жалындап жүрді. Бәріне, бәріне рақмет! Жалпы ауылымыздың түтіні. 362,2200-дей тұрғындарымыз бар. Ауылымызда желтоқсан қаһарманы Қайрат Рұсқұлбеков дүниеге келген. Басқа да атақты адамдар шыққан біздің ауылдан. Көріп отырсыздар қаншама үй тіктік. Атаның басына келушілер аста жастанып демалсын деп үй салдық. Барлығын тазарттық, әктеп, бояп жөндедік. Жалпы мұндай игі істер өте қажет. Бұл игі шараға аудан әкімінің орынбасарлары Мұратхан Естаев пен Бақытжан Есенов ағаларымыз зор көмек көрсетті. Жастарымыз, балаларымыз үлгі-өнеге тәрбие алады, — деді Алтынай ерекше тебіреніп. Салтанатты жиналыстан кейін ас берілді. Қазақ күресінен өткен жарыста, гірді көтеріп бәсекелескендер де ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал бәйге, көкпар, аударыспақ, теңге ілу, ұлттық ойындар да қызықты өтті. Бас бәйгені алушылар түйе мінсе, екінші, үшінші орын алғандар жылқы, бұқаны жетектеп кетті.
Аумайтын бабасынан тұрыстары,
Бақытты бабамыздың ұрпақтары,
Қазақ деп, Көкірек деп, қаһарман боп,
Тарихтың сыр шертеді мың қатпары, — деп қазақтың арқалы ақыны Қадыр мырза Әли жырлағандай бұл асқа тек жамбылдықтар ғана қатысқан жоқ, өзге облыстардан да қонақтар келді. Жалпы ас кезінде халық бір желпініп қалды. Ең бастысы қу тірліктің ауанымен көптен бәрі бірін-бірі көрмеген ағайын, туыс, бауырлар кездесіп, аман-есендік сұрасып, қауқылдасып мәз болысты. Біз астан қайтқанда тағы да нұр себелеп тұрды.

Болып өткен астағы қызықтарды, естіген, көргендерін ортаға салған көпшілік Хан тауының қақпасынан ақтарыла ел-еліне көңілді тарап бара жатты. Олар келесі жыл мамыр айында аман-есен кездескенше деген игі тілектің жетегінде кетіп бара жатты.
Айтпақшы, келер жылға эстафетаны айдарлықтар салтанатты түрде көкжелек ауылының тұрғындарына табыс етті.

Ертай Айғалиұлы

(33)