Серпіндіктер үндеу қабылдады ал облыс әкімі жас маманды өзі қамқорлығына алды

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы  «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біздің  бабаларымыз  ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей,  ұрпағына мирас етті», — дей келіп, найзаның ұшымен, білектің күшімен бізге жеткен қасиетті жерді гүлдендіру міндетін қойды.

Осынау абыройлы міндетті жүзеге асыру үшін Елбасымыз бен Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан өскелең ұрпаққа жасалып жатқан жағдай аз емес. Соның бірі «Мәңгілік ел жастары — индустрияға!» атты әлеуметтік жоба аясында 2014 жылдан бері қолға алынған «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы. Бұл құжат еңбек күші көп шоғырланған Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарының жастары үшін жасалды. Жобаның басты мақсаты — теріскейдегі кадр тапшылығын жоюға жағдай жасау, оның ішінде арнаулы орта білімі бар жұмысшы мамандарынының жетіспеушілігін барынша азайту, халық көп шоғырланған еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі жұмыссыз жүрген жастарға білім алып, білікті маман болуы үшін зор мүмкіндік беру, теріскейдің демографиялық жағдайын жақсарту.
Елбасы Павлодар облысында «Серпін-2050» бағдарламасымен оқып жатқан жастармен арнайы кездескен кезде: «Еліміздің болашағы — жастардың қолында. Сіздерге қолайлы жағдайлардың бәрі жасалуда. Оқу мен ізденуден талмаңыздар», — деген болатын.
Осындай арманмен Солтүстік Қазақстан облысында арнайы грантпен білім алып жатқан жастардың жалпы саны бүгінгі күні 1114-ті құрайды, оның 862-сі М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де, 252-сі 5 колледжде оқиды. Университеттегі студенттердің 127-сі — «Серпін» бағдарламасының алғашқы қарлығыштары ретінде биыл 24 мамандықты игеріп шыққалы отыр, оның 14-і педагогика, 9-ы техникалық, 2-уі ауыл шаруашылығы бойынша. Колледждегілер 11 мамандықта білім алып жатыр. Серпіндіктер мемлекеттік бағдарлама аясында жатақханамен, шәкіртақымен, жолақымен, жылына бір рет қосымша қаржымен қамтамасыз етілуде.
Сонымен жоғары оқу орнында оқитын студенттердің алғашқы легі биыл дипломдарын қолдарына алады. Жүздеген колледж түлектері де үлкен өмірге аяқ басқалы отыр. Соған орай Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қызылжар өңірінде «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша биыл оқу орындарын аяқтағалы отырған түлектермен арнайы кездесіп, болашақ мамандарды әңгімеге тартты. Студенттермен кездесуге жұмыс беруші кәсіпорындардың, білім беру мекемелерінің басшылары да қатысты.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің ректоры Серік Өмірбаев:
— Облыстық білім басқармасымен, аудан әкімдерімен жас мамандарды жұмысқа орналастыру жөнінде келісімшарттар жасап, бос орындар базасын құрдық. Қазіргі уақытта біздегі серпіндіктердің шамамен 67 пайызының болашақ жұмыс орны анықталды. Өкінішке орай, облыс мектептері 442 маманға сұрау салғанымен, өңіріміздің қазақ тілінде білім беретін мекемелерінде «Ағылшын тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Тарих», «Информатика» мамандықтары бойынша бос жұмыс орындары өте аз. Осы проблеманы ескере отырып, университетте бұдан былай «Тарих-география», «Химия-биология», «Физика-информатика» сияқты қос мамандық иелерін даярлау және қосымша білім беру мүмкіндіктерін қарастырмақшымыз. Бұл — біздің түлектеріміздің облыс мектептеріне көбірек орналасуына мүмкіндік беретін болады, — деді.
Кездесуге қатысып отырған кәсіпорын басшылары жас мамандарды жұмысқа орналастыруға әзір екендіктерін атап айтты. Мысалы, «ВиВаГа Лада» ЖШС-нің техникалық директоры Василий Венечуктің айтуына қарағанда кәсіби-педагогикалық колледжбен 8 жылдан бері тығыз байланыс жасайды. Суденттермен бірге серпіндіктер де кәсіпорында тәжірибеден өтеді.
—Студенттер терең кәсіби білімімен және автомобильдерге техникалық қызмет көрсету мен жөндеу саласындағы біліктіліктерімен ерекшеленеді. Қазір 6 адам тәжірибеден өтуде, оның үшеуі әлеуметтік жоба бойынша. Қазір «ВиВаГа Лада» ЖШС техникалық мамандарды ғана емес, әкімшілік қызметкерлерді де қабылдауға әзір, — деді Василий Михайлович.
Петропавл құрылыс-экономика, Ж.Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледждерінің студенттері Арапбай Қуаныш, Асылзат Сұлтан, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің түлегі Шынарай Жұмабекова болашақ өмірлерін теріскеймен байланыстыруды мақсат етіп отырғандарын баян етті.
Өз кезегінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов жастар өңірімізде қалып, жұмысқа орналасқан жағдайда ғана «Серпін-2050» жобасы нәтижелі болатындығын, оқу аяқтаған соң солтүстікте тұрақтап қалған, шаңырақ көтеріп, үйлі-баранды болған серпіндіктерге баспана берілетіндігін атап айтты.
— Облыс орталығында жұмысқа тұрған «Серпін» бағдарламасының түлектеріне ай сайын — 48 мың, ал аудандарға барғандарға — 36 мың теңге көлемінде баспана жалдап тұруға ақша бөлінеді. Алайда жас маман бір жыл ішінде баспана мәселесін шешуге тиіс. Мәселен, жеңілдетілген несие рәсімдеуіне болады, — деді Құмар Іргебайұлы. Сонымен бірге өңір басшысы облыста тәлімгерлік институтын қалыптастыру бойынша бүгіннен бастап Петропавл құрылыс-экономика колледжін құрылысшы және ғимараттарды пайдалану мамандығы бойынша бітіріп отырған қызылордалық Араппай Қуанышқа тәлімгерлік жасайтындығын, ондай тәлімгерлік көмек жас маманның барынша дамуына мүмкіндік беретіндігін алға тартты.
— Араппай «КазГрадКадастр» РМК-ге жұмысқа орналасты және өз еңбек жолында алғашқы қадамдар жасауда. Мен оның лауазымдық өсуін жүйелі түрде бақылап, көмек көрсетіп отыратын боламын, — дей келіп, кәсіпорындар мен бизнес құрылымдарының басшыларына үлгі көрсетті.
Кездесудің соңында Петропавл құрылыс-экономика колледжін техник-технолог мамандығы бойынша аяқтайтын Нұрбике Уайда серпіндік студенттер ұсынған үндеуді оқып берді. Онда былай делінген:
«Ел артқан, Елбасы сенген зор үмітті ақтап, алдағы уақытта ел экономикасы мен әлеуетінің қарқынды дамуына үлес қосатын білікті маман болу үшін талпынып жатырмыз. «Серпін» жобасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» арасындағы серіктестік бизнеспен айналысуға да мүмкіндік беретіндігін, оқу орны деңгейінде аудан әкімдерімен жасалып жатқан ынтымақтастық туралы меморандум тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге жағдай жасайтындығын сезініп отырмыз. Сонымен бірге «Серпін-2050» бағдарламасы аясында білім алып жатқан жастарды Ерікті көшіру бағдарламасының қатысушылары қатарына қосу мәселесі Білім және ғылым, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінде қаралып жатқанынан да хабардармыз. Аталмыш мәселе оңтайлы шешілсе, серпіндіктер оқу орындарын аяқтағаннан кейін өздері мамандық алған өңірде баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілулеріне, әлеуметтік қолдау иеленулеріне кепілдік берілетін болады.
Осының бәрі — мемлекет тарапынан өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқан зор қолдау. Соның үдесінен шығу — бізге сын. Ендеше теріскейде білім алып жатқан бес облыстың арманы асқақ жастарын «Серпін» жобасының басты мақсатын, атап айтқанда білім алумен қатар оқыған жерде тұрақтану, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу міндетін, нақтырақ айтқанда «тұрған жерің — туған жермен бірдей» идеясын абыроймен жүзеге асыруға шақырамыз».

Нұрсайын Шәріп

Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің және халықаралық «QAZAQSTAN ZAMANY» газетінің қолдауымен «Серпін-2050» республикалық бағдарламасы аясында студенттер ұсынған
ҮНДЕУ

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында: «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», — дей келіп, найзаның ұшымен, білектің күшімен бізге жеткен қасиетті жерді гүлдендіру міндетін қойды.
Елбасы Павлодар облысында «Серпін» бағдарламасымен оқып жатқан жастармен арнайы кездескен кезде: «Еліміздің болашағы — жастардың қолында. Сіздерге қолайлы жағдайлардың бәрі жасалуда. Оқу мен ізденуден талмаңыздар»,— деген болатын. Осындай арманмен Солтүстік Қазақстан өңірінің оқу орындарында біздер грантпен білім алудамыз. Ел артқан, Елбасы сенген зор үмітті ақтап, алдағы уақытта ел экономикасы мен әлеуетінің қарқынды дамуына үлес қосатын білікті маман болу үшін талпынып жатырмыз.
Сонымен бірге «Серпін-2050» бағдарламасы аясында білім алып жатқан жастарды ерікті көшіру бағдарламасының қатысушылары қатарына қосу мәселесі Білім және ғылым, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрліктерінде қаралып жатқанынан да хабардармыз. Аталмыш мәселе оңтайлы шешілсе, серпіндіктер оқу орындарын аяқтағаннан кейін өздері мамандық алған өңірде баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілулеріне, әлеуметтік қолдау иеленулеріне кепілдік берілетін болады.
Осының бәрі — мемлекет тарапынан өскелең ұрпақ үшін жасалып жатқан зор қолдау. Соның үдесінен шығу — бізге сын. Ендеше, теріскейде білім алып жатқан бес облыстың арманы асқақ жастарын «Серпін» жобасының басты мақсатын, атап айтқанда, білім алумен қатар оқыған жерде тұрақтану, мамандығы бойынша жұмысқа орналасу міндетін, нақтырақ айтқанда «тұрған жерің — туған жермен бірдей» идеясын абыроймен жүзеге асыруға шақырамыз.

(24)