Ресейдегі бауырлар неге шеттетіледі?

Мәліметтерге сенетін болсақ, Қазақ халқы Ресей Федерациясында тұратын ұлт өкілдерінің ішіндегі саны жағынан оныншы орынды алады екен. Ал ұлан-ғайыр, көп ұлтты саналатын Ресейде 190-нан аса ұлт өкілдері тұратынын ескерсек, (кей деректерде 200-ден аса) көршілес елдегі қандастарымыздың ана тілін игеріп, салт-дәстүрін ұмытпау үшін жасалатын шаралар мемлекеттің күн тәртібінде жүзеге асырылатын маңызды шаралардың қатарына енгізілуі тиіс деп есептеймін. Қазақтар елімізбен шекаралас аймақтарда, әсіресе Астрахань, Орынбор, Омск, Саратов облыстарында көп таралған. Кей облыс аудандарының халқының  80%-ын  қандастарымыз құрайды деп айтсақ жаңсақ пікір болмас.

Бірақ ортақ мәселе бар. Ол шешімі табылмай тұрған — тіл мәселесі. Мұхиттың ар жағындағы Америка не Еуропа емес, мына тұрған көршіміз ғой дерсіз. Дегенмен онда екі әріпті қосып қазақтың бір сөйлемін құрай алмау, өзге ұлт өкілдерімен отбасын құру үрдісі белен алғаны рас. Үлкен буынның арасынан қазақ тілін шұбарлап болса да сөйлейтіндерді кездестіруге болады. Қазақ пен орыс бірдей, тату-тәтті өмір сүріп жатқанымен, ондағы қандастарымыз өз мәдениетінен, салт-дәстүрлерінен алыста жатыр. Десек те ондағы қазақ жастары ана тілін игеруге үлкен құлшыныс танытып отыр. Тілек пен талап бар. Бірақ еліміздің тарапынан жасалып отырған шаралар мардымсыз. Мәселен, Саратов облысын алатын болсақ, 2010 жылғы санақ бойынша қазақтардың саны 76 007. Кейбір қандастарымыз жақын орналасқан Ақсай, Орал қалаларына көшіп келуде. Мен сөйлескен қазақ жастарының айтатын бір уәжі «тіл білмейміз, арнайы қазақ тілін оқытатын орталық болса, елге келгенде қиналмас едік», — дейді. Себебі Қазақстанға келгенде, әсіресе оңтүстік аймақтарда, тіпті орысшаланып кетті деген Оралдың өзінде ауызекі қазақ тілін білмей қиналады екен. Тіпті «қазақ тілін білмейсін» деп кемсітетін адамдар кездесетіндіктен өздерін еркін ұстай алмайтындарын, Ресейде туып-өсіп, бірде-бір қазақ мектебі жоқ ортада қайтіп қазақша сайрамақпыз, біз түгіл елдегі қазақтардың өзі екеуара орысша сөйлеспей ме деген ренішті айтып жатады.
Н.Г.Чернышевский атындағы Ресей мемлекеттік Университетінде арнайы қазақ тілін үйрететін курс ашылады деген бастама болғанымен, «жабулы қазан жабулы күйінде» қалған секілді.
Саратов қаласында қазақтың иісін шығаратын, тіл мен мәдениетін аз да болса жақындата түсетін, қазақ жастарының басын қосатын ағаш үй стильіндегі жалғыз мейрамхана да осыдан 3 жыл бұрын жабылып қалды. «Жеңіс» саябағында түрлі ұлт өкілдерінің ұлттық үлгідегі үйлері маусым бойы жұмыс жасап, әсіресе жаз айларында келген туристерге өз мәдениетін таныстырып, үлкен мереке жасап жатады. Тіпті кейбірі мейрамхана ретінде ашылып, ұлттық асханалырын жаңғыртуда. Тек қанырап, иесіз тұрған қазақтың ағаш үйі. «Біздің Қытайдағы қазақтардан олардың бұл жердегі қазақтардан ешқандай айырмашылығы жоқ, тең екенің көрдім», — деп ашынған Қанат Исламның сөзі анда-мында тарыдай шашылған аз ғана қазақтың бүгінгі рухани әлсіздігін дәлелдей түспей ме?!
Елге келіп арнайы тіл үйренсем дейтін жастар да жоқ емес, сондықтан мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар жасалып, Ресей секілді өзге елдегі қазақ жастарына тіл үйрететін арнайы курстар ашып, елге шақырсақ. Қазақ халқы көп шоғырланған Ресейде, ондағы қазақ диаспораларының өкілдерімен қоян-қолтық араласа отырып, спортшыларымызды, өнер майталмандарын, отандық кино, музыка саласындағы жетістіктерімізді таныту мақсатында жасалған жобалар мен мерекелік іс-шараларды жиірек өткізуді мәдениет саласын басқарып отырған ағалармыз неге қолға алмасқа?! Қазақ теледидарды рейтинг жинаймын деп, әр әншінің жеген тамағы мен киген киімін андыған өсек бағдарламаларға тұнып тұр. Одан да қазақ теледидарының алтын қорын шетте жүрген қазақ баласының, қазақ жастарының бір күндік өмірін көрсететін бағдарламамен неге толықтырмасқа?! Өзге елде, маған қалам тергеуге себеп болған Ресей де, оның ішінде Саратов облысында өнерлі, спорт саласында жетістікке жетіп жүрген қазақ жастары да бар. Теледидар басшылары осындай идеяларды жүзеге асырып, солармен байланыс орнатса, әңгімемізге арқау етсек, дарынды жастарды елге тартсақ азда болса еліміздің дамуына үлес қосар едік.

Гүлзат Сәттібаева,
Ақтөбе қаласы

(38)