Көші-қон жөніндегі маңызды кездесу

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев дүйсенбі күні Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Бас директоры Уильям Лэйси Свингті қабылдады. Бұл туралы ҚР Парламенті сенатының сайты хабарлады. Сенат Төрағасы 2016 жылғы қыркүйегінде ХКҰ-ның БҰҰ құрамына енуі жөніндегі келіссөз үдерістеріндегі оның жеке рөлін жоғары бағалады.

Бұл қадам көшіп-қонушыларға көрсетілетін көмектің уақытында болуы мен тиімділігін арттыруға және олардың өзекті мәселелерін шешуге арналған ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлау шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Қ.Тоқаев аймақтағы және дүниежүзіндегі көші-қон үдерістерін реттеу жөніндегі міндеттерді шешуде ХКҰ-ның маңызы зор екенін атап өтті. «Қазақстан ХКҰ-ның белсенді әріптесі болу және ұйыммен өзара іс-қимылын кеңейту ниетінде қала береді. Көші-қон мәселелерін реттеу таяу уақытта Қазақстанның күн тәртібіндегі басты салалардың қатарында болады», — деді Қ. Тоқаев. Парламент жоғарғы Палатасының Төрағасы көші-қон, босқындарды қабылдау мен бейімдеу саласындағы халықаралық ережелерді жетілдіру жайында айтты. Ол Қазақстан қауіпсіз бірыңғайланған және реттелетін көші-қон туралы жаһандық шартты әзірлеуді қолдайтынын және келіссөз үдерістеріне белсенді қатысатынын атап өтті. У.Л.Свинг өз кезегінде Қазақстанды ХКҰ-ның негізгі әріптесі ретінде атады және Орталық Азиядағы көші-қон үдерістерін басқару мәселелері бойынша белсенді ынтымақтастықты жалғастыруға шақырды.

Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

(16)