Жеті ата жүйесі мен Мәңгілік ел тұжырымдамасы

Әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысымен» бекітілген бұл тамаша жүйе тек қазақ халқында ғана бар

«Жеті ата жүйесі» күрделі ұғым: біріншіден, жеті ата — өзіңнен бастап (бала), әкең, атаң, арғы атаң, баба атаң, түп атаң, тек атаң; екіншіден, жеті ата, жеті атаның жалғасы жеті ұрпақ — әке (өзің), бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат; үшіншіден, жеті ата — қыз алысуға болмайтын өз жұртың, нағашы жұртың (өзің үшін қайын жұрт), жиен жұртың. Осының бәрін бір мақалада қамту мүмкін емес сондықтан өзіңнен басталатын «Жеті ата» мен «Мәңгілік ел» ұғымдарының үндестігін зерделесек.
«Жеті ата» мен «Мәңгілік ел» тұжырымдамасының арасында объектілі үндестіктің бар екендігін бастапқы, көне көшпенділік кезінде қалыптасқан, бастапқы «жеті ата» ұғымы не ұйғарғанын, қандай әлеуметтік-экономикалық құндылықтарды, басымдықтарды ұстауды дұрыс деп санағанын саралау арқылы түсінуге болады.

Мыңғырған төрт түлік малға жұмысшы қолын қайдан тапқан?

Жеті ата жүйесін көшпенді бабаларымыз көне дәуірде қазіргі қазақ елінің жеріне жетіп, жылдың төрт мерізімінің қатаң, қытымыр өзгерісіне тап болып, өзін, қарамағындағы баққан малдарын сол қатыгез ортаға бейімдеуімен сабақтас етіп қалыптастырғанын, нақты деректердің тапшылығынан, логика арқылы түсінуге болады. Біріншіден, жылы жаққа көшумен қалыптасқан, шөп дайындамай жайылма әдісінде қоректенетін малдар Ұлы даланың суық күзі мен қатаң қысына, аласапыран көктеміне бейімделе алмағанын, оларды жергілікті жабайы аңдарды қолға үйрету арқылы алмастырғанын бағымдайсың. Оған дәлел, біздің өмір сүріп жатқан кеңістігіміздегі ежелгі көшпенділер шаруашылығының негізі төрт түлік малы болған жабайы қой, ешкінің бүгінге дейін сақталуы және ежелгі адамның алғаш рет жылқыны қолға үйреткендігімен әлемге әйгілі «Ботай» мәдениеті деректері айғақ [11]. Екіншіден, жыл мерзімдері — қыс, көктем, жаз, күз атаулары болмаса айырмашылығы жылылығының жоғары төмендігінде болатын жерлерде көшпенді өмірде малдың санының, оның құрамының міндетті түрде, белгілі шамада болуы аса қажетті мәселе болмағаны ақиқат. Ұлы далада малдың құрамы төрт түлік болмаса, саны мол болмаса қытымыр қыстан аман шығу екіталай болғаны да ақиқат. Себебі аз мөлшердегі малды қыс бойы жайылымда өрістету мүмкін болмады. Көктем, жаз, күз шөп дайындамай, қора салмай малды бағып-қағып оның өскелең өсуіне қол жеткізу айтарлықтай қиындық туғызбасы рас, ал қыстың қытымырлығында олар не істеген? Ел аузында сақталған аңыздар бойынша төрт түлігі сай ауылдар өздерінің жүздеген түйелерін бірінші етіп, алдын ала таңдалған қолайлы қар басқан өріске өрістеткен, ізінше — тебінділіктің мәшhүрі — мыңдаған жылқыларын салған. Олардан кейін ізінше қара малдарын жайып, осылардан кейін сол жерге мыңғырған қой-ешкілерін оттатып, қорасыз жабайы кезіндегідей ашық далада ұстаған. Үшіншіден, осыншама малды бағып-қағатын жұмыс қолы қажет болған. Оның да шешімін тапқан. Ол үшін жетінші буынға дейін, туысқандықты жалғастырып бір қауым, бір ауыл болып өмір сүруді тиімді деп тапқан. Осы қағидамен өмір сүрудің бірінші қағидасы, әр ерлі-зайыпта екі ұлды болуы заңға айналған. Осы жағдайда ғана жеті Ата туыстығы [1] (мінсіз жағдайды мысалға алсақ): өзі, емшектес бауыры (2), әке онымен бірге туған бауырлар (4), ата онымен бірге туған бауырлар (8), арғы ата онымен бірге туған бауырлар (16), баба ата онымен бірге туған бауырлар (32), түп ата онымен бірге туған бауырлар (64), тек ата бірге туған бауырлар (128) сияқты еркек кіндікті жұмысшы қолдарынан тұрған.

«Сегіз қырлы, бір сырлының» мәні неде?

Бастапқы жеті ата, жеті ұрпақ қалыптасу (өмір сүру) мерзімі, орта есеппен әр буынның алмасуы, Адам Смит заманынан қалыптасқан буын алмасу туралы, 25 жылдың орнына шамамен 20 жыл десек, жеті ата, өзіңді қосқанда, айналсоқпасы (циклы) —140 жыл (20 х 7), өзіңді қоспағанда (бір адамды екі рет есепке алмау үшін) туажат ұрпағыңа дейін 120 жылды қамтиды. Демек біздің ата-бабаларымыз үшін стратегиялық ойлау қалыптағы объективті қажеттілік. Ата-тек бағытындағы адамдардың көбісі ол дүниелік болғанымен олардан тарағандар Ұлы даланы еркін сайрандап төрт түлігін сай етіп жұт дегенді білмей, малын аман сақтап, балаларының өсу қарқынына сай ұлғаймалы ұдайы өндіріс биігінде жүргізу үшін ұрпақтарын Жалпыға бірдей еңбек заңдылығы негізінде «сегіз қырлы, бір сырлы» дәрежесінде тәрбиелеген. Олардың әрқайсысының: төрт қы-рын — төрт түлік малдың әрқайсысының табиғи ортада тебінділікте бағып-қағылуынан бастап, оларды тұтынуға сапалы жеткізілуінің қыр-сырын жан-жақты кәсіпқой түрде игеруін; бесінші қыры — адам өміріне қолайлы баспанадан бастап, қозғалысқа оңтайлы, тұрмыстық керек-жарағын лайықтыларымен жабдықтауын; алтыншы қыры — малды пайдалануға керек-жарағын дайындаудан бастап, қорғанысқа, аң аулауға қажетті аспаптары мен бес қаруын дайындап пайдалануын; жетінші қыры — алдыңғы ұрпақтардың қол жеткізген білімін кейінгі ұрпақтың игеріп, пайдалануын; сегізінші қыры — өнерлі болуға машықтануын ыждаhатты қадағалап отырған.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» болу әр ұрпақтың қабілетіне (жоғары, орташа, төмен) байланыстылығын білген бабаларымыз, оларды әділдікпен өз орнында пайдалану үшін жарыс, бәсекеге машықтандыратын «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «Тура биде туыс жоқ» қағидаларымен баптаған. Әулет, ру жүзден жүйрікті, тайпа мыңнан тұлпарды анықтап, басқарылатындарға жақсылығың да ортақ, билігің де бірдей әділ болсын деген аманатпен ұрпақтарын әулет, ру, тайпа билігіне ұсынған. Туысқандары, өз жағынан «жүйрік», «тұлпарларына» сөз келтірмеу, ұятқа қалдырмау, обалына қалмау үшін, оған салмақ салудан аулақ болуды дұрыс санаған. Бастапқы жеті ата жүйесінде, қазіргі кездегі қоғамның парақорлық, жемқорлық, сыбайластық т.б. дерттері мүлдем болмаған. «Нұр Отан» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылының стратегиялық жаңа бағдарларында осы тәжрибе ескерілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Көшпенділердің «бір сырлы» — ұғымы, көшпенділердің өзінің кім екенін ұмытпай ұрпақтан-ұрпаққа мүлтіксіз жалғастыратын құндылығы, адамзаттың бәріне ортақ, ескі грек ғұламаларының пайымдаған бес анығы. Олар адам белгілі бір ұлтқа, халыққа тән екендігін айқын сезінуі үшін бес түрлі шартты: сол ұлттың тілін жақсы білуі; сол ұлттың дінін терең меңгеруі; сол ұлттың дәстүрін толық бойына сіңіруі; сол ұлттың тарихын бес саусағындай білуі; сол ұлт мекендеген жерінің ой-шұңқырын жақсы білуі парыз [13], — дегені. Әулетте (жеті ата ауылында), бес анықты — бір сырлылықты жаралғанынан 140 жыл бойы өзгеріссіз бір ортада үлкендердің сөзімен де, ісімен де, қылығымен де (дуальді түрде) жітіксіз тәрбиелену нәтижесін осы мақала келтірілген мысалдардан бағамдарсыздар.
Алдыңғы ұрпақтардың өз іс-әрекет тәжірибелеріндегі заңдылықтарды мұқият зерделеуі: «Тарихи деректерде тіркелгендей, айшықты жерге тың жорытатын тарландар, қабырғадан қар кешкенде мыңқ етпейтін атан түйелер, қыстың көзі қырауда тебіндеп жайыла алатын ғұнның кер сиырлары, құйрығына құшақ жетпейтін қазақы қойлар, міне мұның бәрі де ғасырлар бойы селекциялық тәжрибенің нәтижесі» [12], — деп бағаланады.
Тағы бір мысал, менің паразитология мәселелерін зерттеудегі жетістіктері үшін докторлық ғылым атағын алған, марқұм болған досым Қойшыбаев Ғазиз, қазақтың көктемді аяқтай сала жайлауға көшіп, жаз аяқтай жайлаудан қайтуының бірден-бір себебі көктем аяқтай күш алатын, малды әртүрлі ауруға ұшырататын личинкалардың паразитке жетілуінің алдын алу әдісі екенін өз зерттеуімен дәлелдегенін айтып, ешқандай ғылымы жоқ деген көшпенділердің жайлауға шығуы (тау немесе солтүстік бағытта) шын мәнінде халық даналығының малды аурудан аман алып қалу үшін көктем қуалау амал-әдісі екеніне қайран қалушы еді.

Жеті ата жүйесінің тағы бір мызғымас қағидасы

Өзіңнен басталатын жеті ата, жеті ұрпақ тізбесін қамтитын — қыз алысып қыз беріспеу жүйесі.
Туысқандықтың үш жұрты өзіңнен басталады: өз жұртың (қыз алысып — беріспейтін); қыз алысып-беріспейтін нағашы жұртың (әкеңнің қайын жұрты) мен жиен жұртың, олардың әрқайсысының бірге туған бауырлары және олардың жеті ұрпағы (нағашы жұрт пен жиен жұртының көбіне-көп отырықшы болғаны қыйсынды, бұл туралы келесі мақалада кеңінен айтылады).
Өз жұртыңдағы туысқандарды желімдей біріктірген Абай ғұламамыздың айтқан: «Сыйласарлық тектінің Кім танымас нұсқасын» [8], — дегеніндегі «сыйластықтың» сыры неде? Бабаларымыз «сыйластық», түсіністік, ортақ мүдде, береке-бірлік басымдығы молшылыққа қол жеткізетінін бек түсінген. Үлкенді, Тек атаға дейінгілерді (ол дүниелік болғандарды да, аруақты да, оларға табынусыз) сыйлап-құрметтеуге; кішіге, туажат ұрпағына дейінгілерге камқорлық — ізет сыйластығын ыждахатты тәрбиелеген. Жеті буынды әулет ауылының ажырамас тұтастықта көшіп-қонып жүріп, ұрпақты «сыйластықпен» сусындатуы, «төбедегі төртеудің» [ескерту: төбедегі төртеу — өз жұртың, нағашы жұртың, қайын жұртың, жиен жұртың («қыз туса өрісің» дегеннің сыры), олардың сыйластығы] түгел болуын мүлтіксіз қамтамасыз етуімен ұштасқан. Бұл құндылыққа дақ келтіру «ауыздағы алтаудан айырылуға әкелетінін» (мөлшермен: өзіңнің үш жұртың мен жиеніңнің үш жұрты) ескеріп әулетте қалыптасқан құндылық дағдысын рулық, тайпалық, жүздік, халықтық қарым-қатынастарға да жалғастырып, қоғамды тұтастықта ұйытатын мәйек-құндылыққа ұластырған.
Көнеде қалыптасқан «сыйластығымыз» Халықтар Ассамблеясында қалыптасқан береке-бірлігіміз, әлемге танылған бренд-бейнемізбен сабақтасып жалпыхалықтық мемлекеттігіміздің нұсқасына айналды. Бұл құндылығымыз, әртүрлі елдердегі сияқты алауыздық қасіретке жібермейтін, адамзаттың, кез келген сыйластыққа негізделген, әлеуметтік-экономикалық бірлестігімен астасатын, сабақтасатын қазақстандық Мәңгілік елге апаратын нұсқамыз.
Нағашы жұртың да, жиен жұртың да (әр жерде әртүрлі аталуы мүмкін), дәл өз жұртыңдағыдай өзара сыйластық жақындық қарым-қатынаста болуы объектілі (басқаша болса жеті ата жүйесі, одан келетін синергизм эффектісі де қалыптаспайды).
Үш жұртымыздың туысқандық атау тізбегі қыз алысып-беріспейтін туажаттан кейін қыз алысып-берісетін сегізінші буындағы — жекжат, тоғызыншы буындағы — жүрежат, оныншы буындағы — жұрағат туыстармен жалғасқан. Осылардың бірлестігі «рулық» туысқандыққа әкелген болса керек. Одан кейінгі туысқандық-бірлестіктің аты «тайпа», «жүз», «халық». Осылардың арасындағы да қарым-қатынастың негізгі қағидасы сыйластықта болғаны объективті болса керек.

Қыз алысып, қыз беріспеу жүйесі бұзылса…
өлім жазасы!

Қыз алыспайтын дәстүр құндылығы қазақ халқы қалыптасқанға дейін де болса керек, ол туралы, 1015-1070 жылдары өмір сүрген ғұлама бабамыз Ю.Баласағұн: «Әйел алсаң — төрт рудан алысты ал, Ол болмаса — ей, азамат, қалыс қал»[2], — дегені айғақ.
Осы «туыстық араға жеті ата толғанша жастарға бір-бірімен некелесуге болмайтынын», тіпті «бұл дәстүрді бұзған адам ұлттық қорғаныс тетігіне нұқсан келтіруші» [3] екенін; оны бұзғандарға, тұңғыш Қазақ мемлекеті қалыптаса бастағандағы Жеті жарғыда, өлім жазасын бұйырғанын; ел қамын, ұрпақ болашағын ойлаған даналар қыз алыспау заңдылығының қылдай ауытқымауын әрі қырағылықпен, әрі қаталдықпен қадағалауын, Еңлік пен Кебек, Қалқаман мен Мамырдың өлім жазасына бұйрылғанынан жақсы білеміз.
Қыз алысып, қыз беріспеу құндылығымыздың мүлтіксіз сақталуы ұрпақты аздырмауға қол жеткізуіміздің ең тиімді жолы екендігі туралы халық даналығы, бүгінгі «генетика», «ұрпақты жақсарту», «евгеника» ғылымдарына белгілі, қанды бұзуға байланысты, белгілі бір үрім-бұтақты қуалап, ауысып отыратын 1000-нан асатын аурулардың барлығымен [4] расталады (қыз алыспау қағидасы мен оны жүзеге асыру туралы арнайы мақала болады).
Сегізінші буыннан кейін басқадан қыз алып, қыз берісу қошеметтелген. Нағашы, жиен жұрттары (басымы отырықшылар) «…ру аралық қатынасқа жол ашып, өзінен-өзі жалпақ қазақтың этникалық тұтастығына ұласады. …қазақ арасында әрбір адамның өзін жалғыз сезінбеуі — иісі қазақ арасынан туыс табатынына сенімді болуын» [3], олардан сыйластық қарым-қатынасты табатынын орнықтырады.
Басқаға, мүмкін болар құдалық үмітінде ашықтық — қонақжайлылығымыз, толеранттығымыз экономикада еншілестікке де қол жеткізді. «Еншілес болу — тұтас ру (тайпа, жүз, мемлекет — Б.Б.) аясындағы әулеттер мен аталардың қандас-туыстас болуына немесе болмауына қарамастан мақсат-мүдделерін бір ету және материалдық игілікке (негізінен төрт түлік малға, қоныс-өріске, жер-суға) ортақ болу дәстүрі» [5], «Күн ортақ, ай ортақ, көш жолы ортақ», «жер Құдайдікі», «қара жерге халық ие, қара халыққа хан ие» деп келетін киелі ұстанымдарды қалыптастырды. Осы қонақжайлылығымыз, толеранттылыққа беріктігіміз қазіргі әлемге тәнті болған еліміздегі әртүрлі ұлт пен ұлыстар арасындағы береке-бірлік, бір киімнің астарындай тұтастығымызға ұласып мыңдаған жылдарда қалыптасқан тектілігімізді растап бекіте түскендей.

«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда — қазан» деуіміз неліктен?

Қазақта «елу жылда ел жаңа, жүз жылда — қазан» деген де ұғым бар. Жоғарыда келтірілгендей, жеті атаның алмасуы 140 жыл десек, елу жылда тіпті жеті ата туысқандығы да жаңармайды, сонда ол нені меңзейді? Сұрақтың жауабын жеті атадан кейінгі буындарды қуалай туысқандыққа берілетін «жекжат», «жүрежат», «жұрағат», «ру» атау логикасынан іздесек мынандай заңдылықты байқаймыз: жеті ата — 7-ші буынмен аяқталады; «жекжат» — 8-ші буын; «жүрежат» — 9-шы буын; «жұрағат» — 10-шы буын; ал 11-ші буыннан (әр жерде әртүрлі буын саны болуы мүмкін) ары қарай туысқандық «ру» бірлестігіне ұласып, елуінші буында ру бірлестігі, туысқандықтың жаңа атауы — «тайпа» қалыптасуына беттейтіні объективті болса керек, болмаса шашырап өзара байланыстың сұйылу қаупі белең берері анық. Қазақтың елу жыл дегені — елуінші буын дегені болса керек. Сәйкесінше, жүзінші буында тайпалар бірлестігі, аталған заңдылықпен туысқандықтың жаңа атауына «жүз» қалыптасуына әкелсе керек. Ол «жүз жылда — қазан» дегенге балама болса керек. Жүз туыстығы ары қарай жүз бірлестігі «халық» атауына ұласатыны заңды болса керек. Осымен туысқандық атауының жаңаруы тоқталаса керек, сол себепті, жүзінші буыннан кейінгі кезең «қазан» деп аталса керек. Ары қарай халықтық сезімді дамыту басымдыққа айналуы объективті. Тұңғыш қазақ мемлекеттігін қалыптастырушының бірі Төле би бабамыздың: «Жүзге бөлінгендердің жүзі қара» [6] — дегені осы біртұтас халықтық сезімді оятудың қамымен айтылса керек. Бұл құндылық бүгін де өз өттілігінде. Мәңгілік ел мәртебесіне жету биігіміз біртұтас халық екендігімізді ғана емес біртұтас мемлекет екендігімізбен ұласатын Елбасымыздың бастауындағы мемлекеттігіміздің биік мақсаты сол жеті ата жүйесі қалыптастырған стратегиялық ойлау қағидамыздың үндестігі.
«Елу жылда ел жаңа, жүз жылда — қазан» деген ұғымның шын мәні «елу буында ел жаңа, жүз буында — қазан» екенін, тарихта 1105-1225 жылдар шамасында ғұмыр кешкен қазақ халқының Төбе биі, әйгілі бабамыз Майқы би Төбейұлының тайпа бірлестіктерінің бастарын қосып, Қазақ шалдың үш ұлынан тараған тектеріне қарай, Ақарыс (Ұлы жүз), Бекарыс (Орта жүз), Жанарыс ( Кіші жүз) атауларын бекіткен деген дерек [7] растай алады. Егер, қазақтың ұрпақтарының шамамен тайпадан жүзге айналу мерізімін — 2000 (100х20) жылдан Майқы би Төбейұлы бабамыздың ғұмыр кешкен жылдарын шегерсек (2000-1105) — (2000-1225): біріншіден, Қазақ бабамыздың шамамен ғұмыр кешкен кезеңі б.з.д. 105-225 жылдар [ескерту, есептеу тарих ғылымының кандидаты ҚазҰУ-інің доценті Құсайынұлы Қайсардың кеңесімен жүзеге асты] болғанын табамыз; екіншіден, оның үш ұлының аты, шежірелердің көпшілігінде өзгеріссіз аталынуымен орнығады; үшіншіден, жеті ата жүйесінің белгілі алгоритммен (жеті ата әулетінен басталып, румен, тайпамен, жүзбен жағасып халықтың пайда болу сатыларымен) дамығандығы, алдын ала қарсы болғандардан басқалар үшін күмән келтірмесе керек; төртіншіден, 550 жылдығы тойланған хандығымыз құрылып, Қазақтың алғашқы ханы болып Керей жарияланғанда, олар өздерінің Қазақ деген бір адамнан тарағанын куәландырғанын түсіне аламыз. Осыған қоса, кенже ұл институты қағидасымен, бастапқы жеті ата әулетінің шаңырақ иесі кенже ұл Жанарыстың (Кіші жүз) үрім бұтағы бүгінгі күні де сол бастапқы бабамыз Қазақтың өмір сүрген аймағында (Кавказда Қазақ деген қала да, өзен де бар екені белгілі), еліміздің батысында; тұңғышы — Ақарыс (Ұлы жүз) үрім бұтағы оңтүстік шығысында; ортаншысы — Бекарыс (Орта жүз) үрім бұтағы солтүстік шығыс алқабында қазір де өрбіп өсуі: біріншіден, жеті ата жүйеміздің өміршеңдігін, әрине бұл екіншіден, сегізінші буыннан бастап Қазақстанда жайғасуымыздың сырын да ашады (арнайы зерттеуді күтіп тұр).
Жеті ата жүйесі қалыптастырған тағы бір феномен — ұмытыла бастаған, бүгін халқымыздың көбісі үшін жүзеге асуы мүмкін емес, бөлінетін және бөлінбеген енші институты. Бөлінетін енші отау құрған жас жұбайлардың еншісі болса, «бөлінбеген енші — кез келген қазақ жанұясының жолаушылап келген қонаққа беретін сый-сыбағасы (тамақ, жатын-орын, малының жем-шөбі)» [5]. Осы дәстүрді ғұлама этнограф марқұм Ақселеу Сейдімбек ары қарай былайша саралайды; «Бөлінбеген енші, яғни, қонақтың еншісі қазақтың дәстүрлі өмір-салтында және сол өмір-салтпен орайлас қалыптасқан ру-тайпалық жүйеде ел-жұрттың біртұтас этножаралым (этноорганизм) болуын ойластырылудан туындаған айнымас әдет, бұлжымас қағида, қатал тәртіп». Сонымен қатар: «…кез келген қазақ жолаушысы кез келген қазақтың үйінде бөлінбеген еншім бар деп сеніммен босаға аттай алған. Ондай жолаушыдан тамақ ақы, жамбас ақы, мініс көлігіне берілетін жемшөп ақы алынбаған. Керісінше, жолаушы түскен үйінен оң шырай, ықыласты күтім көре алмаса, ол жолаушы биге жүгініп, сол үйден айып-шам алуға хақылы болған», — дейді ғалым [5].
Бөлінбеген енші институты пайда болу мүмкіндігін халық жадында «Баяғыда бай бопты, төрт түлігі сай бопты» дейтін суреттеулерімен де, бояуы бұзылмай ауыз әдебиетімізде де әңгіме айтуымызда сақталғандығымен де дәлелдей аламыз. Мысалы, «Алпамыс батыр» жырында: «Байбөрі деген бар екен, Байбөрі малға бай екен, Төрт түлігі сай екен…» делінсе, «Қобыланды батыр» жырының көптеген нұсқаларында «Тоқтарбайдың дәулеті: Байлығында есеп жоқ Айдалып бағып жайылды Төрт түлік малдың бәрі сай,..» — делінеді [9]; парсылардың көне жәдігері «Авестада»: ұлы даланы мекендейтін көшпенді тайпалар «Жүйрік атты турлар» деп аталады, олардың мүліктері — бұқалар, жылқылар және түйелер, тамақтары — сүт және ет. Құдайға шалатындары «жүз айғыр және мың сиыр, және сансыз қойлар», — дейді [10].

Алтын киімді Адам — ханзаданың алтын жылқысының сырын ашқанда…

Жеті ата жүйесі, оның қауымдық құрылысы қалыптасуының алгоритмі бастауын көшпенді сақтардан алатынын Есік қорғанынан табылған Алтын киімді Адам-ханзаданың, біздің заманымыздан бұрын V-IV ғасырларда өмір сүрген сақ көсемінің киіміндегі алтын пластинадағы (тілімдегі) жануар нақышында жеткен жәдігерден табамыз.
Алтын киімді Адам-ханзаданың беліне таққан қанжарының қынабының сағасына (ернеуіне) орнатылған алтын пластинада, бұралып жатқан жылқының бейнесінің алдыңғы аяқтары алға көсілдіріліп, артқы аяқтары көкке көтерілдіріліп бұралып жатқызылуы және жылқы құйрығының екіге бөлініп көтерілуі (Сурет 1, 2 көңіл аударыңыз) жеті ата жүйесін бейнелейді деп түсіну, көшпенділер мұрагері (малды мүшелеп сойып таратушы) — қазақ ұрпағы үшін онша қиын емес. Осыған қоса, жануар стилін зерттеуші ғалымдар — біріншіден, аңдардың денесінің осылайша бұралып бейнеленуі ол дүние мен бұл дүниенің бірлігін паш ететін әдіс және оның ақиқат екенін мойындауға болады, — дегенді оқып жүрміз [14]. Екіншіден: жылқының алдыңғы мүшелерінің тура қалыпта жатуы бұл дүниедегі жеті ұрпақты (жылқының бұралу нүктесі, жоқтан барды әкелетін, кіндік — өзіңді; алты алдыңғы жілік: екі жауырын, екі тоқатай жілік, екі кәрі жілік бала-шаға сыбағасы ретінде — бала, немере, шөбере, шөпшек, немене, туажаттарыңды) бейнелейді деп; сәйкесінше, артқы мүшелері бұралып көкке көтерілуі ол дүниелік болатындарды, болғандарды (алты артқы жілік: екі асықты жілік, екі ортан жілік, екі жамбас сыйлы үлкендердің сыбағасы — әкеңді, атаңды, арғы атаңды, баба атаңды, түп атаңды, тек атаңды) бейнелейді деп ұйғара аламыз. Сойылған малды (жылқыны да) он екі мүшеге жіліктеп, оның әрқайсысын, әрбір иесіне қалтқысыз ұсынатын көшпенділерден қалған дағдымыз да дәлел. «Тіпті басқаларын былай қойғанда, қонақ күту, дастархан басына отыру, табақ тарту, етті мүшелеп, әр сүйекті мағыналы бөлу, бас тарту кәдесі Аттила (Еділ патша) заманында да дәл қазіргідей болса, оған не деуге болады?» — дейді ұстаздар [15]. Осы Атилла заманынан қалған кәде таратудағы бас тартуға көңіл аударсақ жеті ұрпақты бастайтын әке мен жеті атаны аяқтайтын баланың да кәдесін таба аламыз. Біріншіден, бастың екі құлағы болатыны аян, оның иегерлері екі ұл. Кем дегенде екі ұлды өмірге әкелу өз жұртыңдағы өзара қыз алысып беріспейтін туысқандық қатынасты қалыптастырудың кепілі. Ал екі ұлды әкелуші әке мен шеше. Бастың үстіңгі бөлігі (екі құлағымен) әкенің (әкесі бар бала бас ұстамау салты да бар) кәдесі, төменгі бөлігі шешенің кәдесі. Қазақта үйленген ерлі-зайыптыға: «бір бас болдыңдар, қосағыңмен қоса ағарыңдар», — деген өсиет бар. Табақ тартудағы қадірлі, қасиетті кәде — құлақты бастың бөлігі, ал жақ пен тіл әйелдерге сыйланатын мүше. Басқа құрмет әке-шешеге деген құрметпен сабақтастығымен ғана емес, екі жас «бір басқа» айналмай өмір жалғасуы болмайтынын жылқының бұралу нүктесі оның кіндігіне сәйкес келуімен де қайран қалдырады.
Осыған қоса, Алтын киімді Адам қынабындағы алтын тілімде бейнеленген жылқының бейнесін бүгінгі біздің түсінігіміздегі Жеті Ата жүйесінің бейнеленуімен салыстырсақ (Сурет 1-мен 2-ні) сырттай өзгешелігі болмаса (біріншісі белгімен, екіншісі сөзбен) іштей астарласып жатқанына қайран қалмасқа болмайды. Тіпті, суреттердің төрт бұрышты қоршаумен көмкерілуі де ұқсас, айырмашылығы бірінші суреттегі төрт бұрыштың ұрпақтар жағы үшкірленіп-бұрышталып өмірдің қай бағытта дамитындығын бағдарлауының өнегелік дәлдігі (екінші сурет, пластинаның тылсым сырын түсінгенге дейін құрастырылған — автор ББ). Бірінші суреттегі, тілімде бейнеленген жылқы құйрығының екіге бөлініп көтерілуін түсіну үшін X11-X111 ғасырда өмір сүрген А.Йүгінеки бабамыздың: «Тегім асыл» деп біреулер мақтанар, Мен айтайын тура жауап сақтанар, Бұ халықтың ата-анасы, тегі бір — Арасында айырма жоқ сақталар» [16], — дегеніне көңіл аударсақ А.Йүгінеки бабамыздың «Бұ халықтың ата-анасы, тегі бір» деуіндегі «ата» — Адамды, «ана» — Хауананы меңзесе керек. Демек, жылқы бейнесіндегі жылқының ширатылған құйрығының қылшықтарының екіге жарылып көкке көтерілуі де, сол бастапқы ата-ананы, көтерілген құйрық қылшықтары жалпы ол дүниелік болғандарды меңзеуі ықтимал. Біздің өзімізді «адамбыз», әлемдегі адамдарды «адамзат» деуіміз көнеден басталатынын, зерттеушілердің — сөздің өміршеңдігі [17], адам баласының тілі Адам Атадан бастау алатыны туралы пікірлері [17] орнықтырады. Біздің алдыңғы буындарымыздың елдігіміздің бастауын — «адамзат», «алма» деген ұғымдарымызбен бірге қалыптастыруы мен бүгінгі Мәңгілік Ел мәртебесіне көтерілуді мақсат етуіміз тарихи заңды жалғастық, сабақтастық десе болады.
Бұралып жатқан жылқыны бейнелейтін алтын тілімнің, қанжардың қынабының сағасына орналасуының мәнін сараласаңыз, дана, өр тұлғалымыз Қайрат Рысқұлбековтің «Еркек тоқты құрбандық» [18], — дегені мен отан сүйгіштеріміздің әнінде айтылатын: «Жан емес маған керегі, көк тудың желбірегені!» — дегені «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады» дегендей, бабаларымыздың ниетін бейнелейтінімен жалғасқан қайран қалмасқа болмайды. Заманауи алтын тілімдерді отан қорғаушыларымыздың қанжарларының қынабының сағасына орналастыру отан сүйгіштікке тәрбиелеудің өскелең нұсқасы болары күмәнсіз.

Андора елінің үрдісі немесе мәңгілік ел болудың 5 қағидаты

Қазақ бүгін отырықшы, қалыптасқан мемлекеттің шаңырақ иесі. Жеті ата жүйесінің, сыйластыққа негізделіп тектілікті қалыптастырған қоғам болғанының мәнін ашып әлемге таныстырып, оның қызықтырар сырын, құндылықтарын бірінші қазаққа, екінші отандастарымызға танытып, тектіліктің Алтын киімді Адам дәуірінде қол жеткізген биіктерін мақсат етіп, «ұлттың айбындылығының формуласына» айналдыру мүмкіндігі бар. Ол үшін, еліміздің егемендігін беріктендіретін; кең байтақ, байлыққа тұнған жерімізді ұтымды игеріп; Конституциямызбен бекітілген халқымызға ортақ құндылықтарымызды дамытып, «қазақтың өзіндік ұлттық қасиеттерінің қайта қалыптасуына қамқорлық жасауды… парыз» [ 19] еткен Елбасымыздың мақсаттарын жүзеге асыратын келесілерін атауға болады:
— экономиканы бірінші қою қалпымызда «Қазақстан — 2050» стратегиясын мүлтіксіз (отанымыздың қай нүктесінде, қай мамандық ең жоғары еңбек ақылы екенін біліп соны сегіз қырлы игеріп) артығымен орындауға қол жеткізу, кем дегенде, жан басына шаққанда шамамен ЖІӨ-ді 60 мың АҚШ долларына көтерумен тең. Оның он пайызы еңбек ақысына бағытталса, бүгінгі туған балаларымыздың орташа еңбек ақысы жан басына щаққанда шамамен алты мың АҚШ доллары болады. Осы қарқыннан таймаған оның туажаты, сәйкесінде, шамамен 42 мың АҚШ долларының иегері болады деп болжауға негіз бар. Бүгінгі күннің өзінде Сауд Арабиясында шейхтары қажылыққа келгендерді түгел, жол бойы ілеспелі қонағасымен сый-сияпаттаумен елінің тартымдылығын еселеуде. Бизнесмендеріміз қонақтарымызды «бөлінбейтін еншіміздің есебінен», — деп қарсы алса, жетінші буында туажатымыз екі еншіні бекітуге жетсе — жаңа имиджіміздің (жақсы атақ, пікір, түсінік бейнесі) үрдісінің басталғанына әкелуі хақ;
— төрт түлігі сай көшпендінділердің басымдығы басқаларда жоқ төрт түліктің энергиясын пайдаланғаны болса, бүгін ЭКСПО-2017-нің берерін, сегіз қырлы игерсек, жаңа энергия басымдығына жетеріміз хақ;
— «Ел тұтқа. Ел тарихының әйгілі тұлғаларын-да» [20] сомдалған жоғары тектілеріміздің дәстүрінде, үш тілділікпен әлемдік озық әдістерді еркін игеретін, заманымыздың талабына сай елдің билік басына, «Сегіз қырлы бір сырлы», «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар», «Тура биде туыс жоқтарымызды» ұсынсақ (олардың туысқандары оларға салмақ салудан тыйылса) парақор, жемқорлықтан арылып, жоғары сапалы еңбекке оңтайлы ортаны ұйымдастырушыларымызды сомдаймыз;
— достас елдермен, әлемнің барша елдерімен тұрақты, сыйластықтағы қол жеткен өзара тиімді қарым-қатынасымызды дамыта отырып, азаматтық алу бойынша, ертедегі Андора еліндегідей (ол елдің азаматтығын алу үшін Андора бойжеткеніне үйленіп 300 жыл бойы тапжылмай сол елдің тұрғыны болу міндетті болған) біздің елде де жеті ата айналсоқпасы болмаса да, сол Андорада қабылданған уақытқа дейін азаматтық алуды күттіруге болса, жеріміз бүгінгі қазақстандықтарымызбен толтырылар еді. Басқалар азаматтығымызды алмай-ақ еліміздің ресурстарын игеруге атсалысып, бюджетімізді толтырып, еліміздің тұрғыны болу қызығын көрер еді;
— жеті аталық әулетін бүгіннен бастап қалыптастыратын балаларымыз заманауи ақпараттық инфрақұрылымды пайдаланып жетінші ұрпағына дейінгі туысқандық тізімін үзбей жүргізіп сегізінші ұрпаққа дейін қыз алыспау салтын бекемдей алады. Осы тізбені, білгірлер жалғастыра бере алады.
Жеті ата жүйесін өрбітуге дайын еліміздегі институттар жетіп артады: балабақшадан бастап, мектеп, орта, жоғары, тіпті өмір бойы оқыту жүйелері де, ұлттық тәрбие кафедралары да, журнал, газеттер, тағы басқа тізімі ұзақ мүмкіндіктер баршылық. Тек, олардың бағдарламаларына жеті ата жүйесінің құндылықтары мен қағидаларын, заманауи талаптарға сай, басымдық беретін биікке көтеріп, мыңдаған жылдар қалыптастырған тектіліктігімізді жаңаша қалпына келтіріп, Ұлы Даланың Мәңгілік Ел тұжырымдамасын «ұлттарымыздың айбындылылығының формуласына» айналдырып, «нұрлы жолмен» сапарымызды болашаққа бағыттауымыз сәтті болғай.
Ал жеті ата ұғымының екінші, үшінші сырларын Тұңғыш Президентіміздің «Рухани жаңғыру» Бағдарламасымен, ұлттық код, ұлттың діні ұғымдарымен сабақтастырып тарқату келесі мақалалардың арқауы болмақ.
Автор осы мақаланы жазу үшін көп ізденгенін пайдаланған әдебиеттердің тізімінен көруге болады. Бұл мақаланың біздің газетімізде жариялануына зор үлес қосқан жас ғалым, өнертапқыш Мұхаммад Егінбайұлына алғысымызды айтамыз.

Болсанбек Болат, зейнеткер,
«Тұран» университетінің профессоры, «Қазақстан Республикасы
Білім беру ісінің үздігі»

Жеті ата жүйесі институтын ашайық

Жеті ата жүйесінің қан, тек тазалығына пайдасы барын бұлыңғыр болса да әрбір қазақ білетін болар деп ойлаймыз. Әз-Тәукенің «Жеті жарғысында» жеті ата толмай үйленетіндерге, тұрмысқа шығатындарға қатаң тыйым салып, тіптен өлім жазасына да кесетін бұйрық та барын білеміз. Иә, қазақтың Жеті ата жүйесіне қазір бүкіл әлем бет бұрды. Бүгін газетімізде жариялап отырған ғалым, ұстаз Болат Болсанбек ағамыздың бұл жөніндегі мақаласының бір парасы осы көкейтесті мәселені тереңнен, соңынан көтерген. Кеңес өкіметіне дейін шынында да халқымыз Жеті ата дәстүріне қатаң қарап, әр ру, тайпа оны өмір де үйленуге, тұрмыс құруға рұқсат беру жүйелі түрде той, мереке жасай отырып жүзеге асырған. Соңғы жүз жылда бұл жүйе бұзылды. Шежіреге қарап туыстық байланыстарды көбіміз білгенмен Жеті атаға толды ма немесе одан асып кетті ме оған маңыз беріп, зерттеп жатқан ешкім жоқ.
Бұл маңызды да, қажетті жүйені қайта қалыптастыру үшін не істеуіміз қажет? Алдымен Жеті ата жүйесі институтын ашу керек. Содан соң ғасырлар бойына келе жатқан бұл салт-дәстүрімізді патенттеп иемденіп алғанымыз жөн болар. Институттың филиалдары әр облыста, ауданда ашылсын. Айтпақшы ашылған институтымызда Болат Болсанбек ағамыз сынды білгір, шежіреші, осы мәселені терең білетін мамандар болуы тиіс. Мемлекеттік тұрғыда шешілетін бұл мәселе жөнінде бәлкім арнайы заң шығару қажет болар. Онда Жеті ата жүйесінің қалай жүзеге асырылатындығы жөнінде нақты қаузалғаны жөн. Арнаулы комиссия немесе институт бүкіл руларды түгелдеп, қай ру Жеті атаға толды немесе асып кетті, соны зерттеп бір жүйеге келтіргені абзал.
Бұл бір жағынан тарихымызды білуге, екіншіден салт-дәстүрлерімізге қаныға түсуімізге, үшіншіден қазақтың ынтымақ-бірлігін арттырмақ. Төртіншіден, әрине бұл бай тәжірибемізді бізге назар аударып отырған бүкіл әлемге паш етуге, жаюға, үйретуге деген септігіміз тиіп, бір жағынан бұл әрекетіміз қазақты төрткүл дүниеге танытатыны сөзсіз. Қанның, тектің бұзылуынан небір ауруларға, дертке ұшырап жатқан ұлттар көп. Оларға әрине, бұл дәстүрімізді, тәжірибемізді үйрету үшін арнаулы қаражат бөлдіруге мәжбүрлеу қажет. Себебі құрылған институтымызға кеткен мол қаржының қайтарымы болуы керек қой.
Сонымен бүгінгі жарияланған мақаланы тереңдеп оқысаңыз бұл мәселенің өте маңыздылығына көзіңіз жетеді. Біз оны халқымызға насихат арқылы жеткізе білсек жұмыс өз жүйесімен жүре беретіні сөзсіз. Қанеки, ағайын өзіңіздің, ұрпағымыздың, отбасыңыздың, әулетіңіздің, руыңыздың, ұлтымыздың, мемлекетіміздің тұрғындарының саулығын ойласақ, тағдырына алаңдасақ жоғарыда айтылған мәселені сөзбұйдаға салмай тезірек жүзеге асырсақ деген бұйдалы ой бар. Ой-пікірлеріңізді қосыңыздар, жәмиғат!

(34)