Жалақының жоғары көрсеткіші халықты неге қуантпайды?

15 мамыр күнгі Үкiмет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрi Тимур Сүлейменов 2018 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтiк-экономикалық даму қорытындылары бойынша баяндама жасады. Министр осы аралықта елiмiзде орташа еңбекақы мөлшерi 152,3 мың теңгенi құрағанын айтты. «Еңбек нарығында тұрақтылық сақталып отыр. Биылғы жылдың басынан 134,8 мың адам жұмысқа орналастырылды. Осы жылдың сәуірiнде жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалды және ол 4,9% құрады. Айтарлықтай ұзақ мерзімнен кейін, биылғы жылдың басынан бастап нақты еңбекақының өсiмi байқалады. Ол 1,2% құрады. Қаңтар-сәуірде орташа айлық еңбекақы 152,3 мың теңгені құрады», — дедi Тимур Сүлейменов. Мұндай мәліметті министр мырза осыған дейін де бірнеше мәрте жариялаған болатын. 2017 жылдың қорытындысы бойынша республикада орташа айлық жалақы 149,7 мың теңге көлемінде болғаны белгілі. Сандық мәліметтерді шемішкеше шағатын адамдардың ресми мәліметі көңіл қуантарлық деңгейде. Алайда көптеген адамдардың мұндай «жағымды жаңалықтарға» сенімсіздікпен қарайтыны тағы бар. Адамдардың назарында шикі мұнай өңдеу мен табиғи газ өндіру саласы секілді «майлы жамбастың» төңірегінде жүрген басшылар, жұмысшы, қызметкерлердің алатын қомақты еңбекақылары жалақының жалпы деңгейін жоғары болып шығуына ықпал ететін көрінеді… Осы төңіректе таралып жатқан ақпараттарға талдау жасағанда ең жоғары жалақыны қаржы және сақтандыру саласының жұмысшылары (2018 жылдың бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 299 мың теңге), сонымен қатар ғылыми, техникалық қызметпен айналысып жүрген қызметкерлер (255,1 мың теңге) алады екен. Өнеркәсіп саласы жұмысшылардың айлығы орташа есеппен 223,3 мың теңгені құраған. Ал тау-кен саласының қызметкерлері айына 366,2 мың теңге алады. Жалақының ең көп өсімі әкімшілік, қосалқы қызмет көрсету және құрылыс сегментінде тіркелген.
Ресми мекемелерден таралған мәліметтер осылай дейді. Әрине қуанарлық жағдай. Мемлекеттік даму мен ІЖӨ-нің көрсеткіштеріне өз септігін тигізетін «сүйкімді цифрлар». Дейтұрғанмен біраз адамдарға Ұлттық экономика министрлігі тарапынан тарқалған «150 мыңның аржақ-бержағындағы жалақы» мөлшері қуаныш сыйламайтын секілді. Себебі айына 40 мың теңге жалақы алып та күн көріп отырған ададмдар қаншама? Халықтың көңілін күпті ететін екінші бір мәселе, ел тұрғындарының жалақы мөлшерінің артып келе жатқандығы, өз кезегінде ол зат бағасының қымбаттауына да ықпал етеді. Яғни алдымен қала қымбаттайды, оған ілесіп өзге аймақтарда өре түрегелмек. Сөйтіп ең соңында төмен жалақымен күн кешіп жатқан адамдарға тиімсіздік туындайды. Яғни «бір кем дүние» орын алмақ.

Ерқазы Сейтқали

(13)