Дабыра етіп, миллиардтап қаржы шашқан алып жобалар қайда?

Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда бірқатар ауқымды экономикалық жобалар қолға алынып, оларға айтарлықтай қомақты қаржы жұмсалғаны мәлім. Солардың бірқатары елдің атақ-абыройын көтеретін визиткалық карточка ролін атқарса, қалғандары бастала салып тоқырап иә мүлдем тоқтап тынған. Бірақ солардың өзіне де аз қаражат шығындалмағаны кәміл. Бір қарағанда, биліктің бұл әрекеті елдің бақуаттылығына негіз қалағандай көрінгенімен, ел солардың пайдасын әлі күнге көре алмай келеді. Әлгі жобалардың қайсыбіріне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны да бар. Бірақ құмға сіңген судай жым-жылас болып жоғалған қаражат ақыры ел қазынасына қайтарылмады, оны талан-таражға салғандар заң алдында тиісті жазасын алған жоқ (экс-министр Қуандық Бішимбаевтан басқалары). Енді сол жобаларға бір экскурсия жасап көрсек.

Сонау 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша Алматы облысында Алматы шаһарының 4 серік-қалашықтары құрылысы жобасы (G4) мақұлданып, ол Мемлекеттік тұрғын-үй құрылысы бағдарламасында ескерілген болатын. Бағдарламаның құны 31 миллиард теңгеден астам деп бағаланған. Қалашықтар Алматы-Қапшағай жолы бойында бой көтеруі тиіс-тін. Біріншісі — Gate City (Қала қақпасы) бизнес-орталығы ретінде Алматы-Өскемен жол трассасы мен БАКАД-тың қиылысқан тұсында, екіншісі — Golden City атты тұрғын-жай, үшіншісі — өнеркәсіптік Growing City (Даму үстіндегі қала), төртіншісі — Green City атты (Жасыл қала) Қапшағай су қоймасы жағалауындағы туризм орталығы болуы керек-тін. Жоба бойынша құрылысқа жалпы аумағы 8000,7 гектар жер телімі бөлінген-ді. Осы төрт қалашықты мекендейтін халық саны 304 мың адамды құрап, тұрғын үй құрылысы 9311,6 мың шаршы метр жерді қамтып, әлеуметтік секторда 103 нысан салынады деп жоспарланған болатын. 2016 жылы Есеп комитеті жұмыс нәтижесіне қызығушылық танытқан. 2017 жылдың 28 желтоқсанында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев үкіметтің «Алматы облысындағы Green City серіктес-қалашықтардың бас жоспары туралы» қаулысының күші жойылатындығы туралы қаулыға қол қойды. Сонда бұдан кім ұтып, кім ұтылды?
Бұдан кейінгі атышулы бағдарлама — Көксарай қарсы реттеушісі (контррегулятор) болатын. Жобаның мақсаты мен міндетіне: Шардара су қоймасы арқылы жіберілетін судың апаттық жағдайға ұшырамауын қамтамасыз ету; Сырдария өзенінің қысқы қарқын суын жинақтау; қарсы реттеушіде жинақталған суды жіберу есебінен Сырдария өзені қойнауы мен айырығындағы ең тиімді кезеңде табиғи жағдайға жақын экологиялық жағдайды жақсарту; Арнасай жазығына жіберілетін су ресурстарының шығынын қысқарту; жергілікті ауыл-аумақтың көктемгі су тасқынынан қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды шаралар кіретін. Жобаның құны 52,35 миллиард теңгеге бағаланған. Құрылыс 2008 жылы басталып, 2010 жылы аяқталуы тиіс болатын. Жұмыс басталар алдында құрылыстың құны 42,9 миллиард теңгеге бағаланса, қорытынды құны 52,35 миллиард теңге болады деп жоспарланған. 2012 жылы сол кездегі Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік басшысы Владимир Божко Қызылорданы су басудан осы Көксарай қарсы реттеушісі құтқарып қалды деп мойындаған болатын.
Келесі жоба — елде атом электр стансасын салу-тын. Энергоблоктың құны 4 миллиард доллар деп бағаланған. 2006 жылы ҚР үкіметі АЭС құрылысын негіздеу мен техникалық-экономикалық зерттеу жүргізу үшін деп резервтен 104,7 миллион теңге қаражат бөлген. 2014 жылы Қазақстан мен Ресей ҚР территориясында АЭС құрылысын салуға байланысты ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған. Құрылысқа 2 алаң: бұрынғы Семей ядролық сынақ алаңы мен Балқаш жағалауындағы Үлкен ауылындағы алаңды бөлу қарастырылған. 2015 жылдың мамыр айында сол кездегі ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник Қазақстанда салынатын АЭС құрылысының мерзімі кейін шегерілуі мүмкін екенін жоққа шығармайтындығын мәлімдеген. Бұл мәселе әлі күнге нақты шешімін таппай, ұзын арқан, кең тұсауға салынумен келеді.
Келесі атышулы жоба — биоэтанол. Оның құны 94 миллион долларға бағаланған. 2006 жылдың қыркүйегінде кәсіпорын «30 өзекті жобалар» бағдарламасы аясында іске қосылуы тиіс болатын. Кәсіпорынның жобалық қайта өңдеу қуаты жылына 300 мың тонна деп болжанса, өндіретін өнімдер — этанол, клейковина, құрғақ барда, кебектер және крахмал болады деп жоспарланған. 2012 жылы зауыт банкрот деп жарияланды. 2014 жылдың ақпан айында Қазақстан даму банкі кәсіпорынды Қазақстан Инвестициялық қорына (ИФК) берді. 2017 жылы сәуір айында ИФК «КМГ-ПМ» АҚ мен «Bioline KZ» ЖШС акциясын сатып жіберді. Келісім құны — 7 миллиард теңге. Қазіргі уақытта билік BIOHIM-ді екінші қайтара іске қосуға дайындалып жатыр.
Келесі жоба — KazSat спутнигі. Оның құны — 300 миллион доллар. 2006 жылы телетаратылым мен спутниктік байланысты жүзеге асыратын KazSat-1 қазақстандық спутнигі ұшырылды. 2008 жылы ол істен шығып, «KazSat» АҚ 40 миллион доллар көлемінде страховка алды. 2011 жылы KazSat-2 спутнигі ұшырылды. Оның құны 115 миллион доллар тұрған. 2014 жылы KazSat-3 спутнигі ұшырылды. 2016 жылы Президент кеңесшісі Талғат Мұсабаев: «ҚР-дың алғашқы ғарыштық бағдарламасы сәтсіз болды»,— деп мәлімдеді. 2017 жылы ҚР аэроғарыштық комитеті МОАП KazSat-2-ні жаңартыл-ған KazSat-2R-мен ауысатынды жоспарлап отырғандықтарын хабарлады.
Келесі жоба — Кендірлі курорты. Оның құрылысына 300 миллиард теңге қаражат бөлу жоспарланған. 2014 жылы Маңғыстау облысы әкімдігі мен ҚР Индустрия және жаңа технология министрлігі ұлттық «Кендірлі» ұлттық жобасын дайындау тобын құру бойынша меморандумға қол қойды. Мақсат — Каспий теңізі жағалауындағы Кендірлі бұғазы аймағында жалпы аумағы 1700 гектар жерді алатын курорттық аймақ құру болатын. Онда 23 отель, гольф алаңы, спорттық кешендер мен парктер салу көзделген.
Балқаш ТЭС-і жобасы да осындай шығынды құрылыс санатында. Оның құны 566,6 миллиард теңге деп бағаланған. Мақсат — Қа-зақстанның оңтүсті-гіндегі электр энергиясы мен қуаттылықтардың зәрулігін жабу-тын. 2007 жылы Үлкен ауылында қуаттылығын 3000 МВТ-тан 4000 МВТ-қа дейін арттыру мүмкіндігін қарастыратын Балқаш ТЭС-і құрылысын салу туралы шешім қабылданды. 2012 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ мен кәрістік «Samsung Engineering Company Limited» компаниясы бірінші Балқаш жылу (көмірмен істейтін) электр стансасының модулін «кілтпен тапсыруды» қарастыратын құрылыс жобасы жөніндегі келісімге қол қойды. «Samsung» 50 пайыз және плюс бір акция алатын болды. Жобаны іске асыру кезеңі 2010-2020 жылдар аралығы деп белгіленген. Бірақ 2016 жылдың күзінде «Samsung Engineering Co Ltd» райынан қайтып, өздерінің ТЭС салу ниетінен айнып қалғандықтарын мәлім еткен. Осылайша бұл жоба аяқсыз қалған.
Қазақстан билігі бірнеше жылдан бері жаңа төртінші мұнай өңдеу зауытын саламыз деп қызыл танау болып жүр. Бұл мәселенің көтерілгеніне біраз жылдың жүзі болса да, іс өлі нүктеден алға жылжымай тұр. Аталған жобаның құны 6 миллиард доллар тұрады.
2011 жылы ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев елде жаңа мұнай өңдеу зауыты құрылысын салу қажеттігі туралы хабарлаған болатын. Оның бағалауынша құрылыс 2016 жылы басталып, 2019 жылы аяқталуы тиіс болатын. 2012 жылы қаржы мен мұнай және газ министрліктері зәрулік орнын жабу үшін толлинг тетігін қолдануға рұқсат берді. Сол үшін жанармай өндіру үшін Қытайға 893 мың тонна мұнай шығарылған-ды. 2014 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ы төртінші мұнай өңдеу зауытын салудан бас тартты. 2018 жылдың ақпан айында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев: «Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауыты құрылысын салу туралы шешім биылғы жылдың екінші жартыжылдығында қабылданатын болады»,— деп мәлімдеді. Биліктің біресе оңға, біресе солға жалт беретінін ескерсек, бұл да ақырғы шешім болмауы әбден мүмкін. Ендеше, бізге екінші жартыжылдықты күтуге тура келеді.
Жылына 60 мың тонна ет экспорттау жөніндегі шешім де аз қаражатты қажет етпейді. Мамандар оған ең кем дегенде 130 миллиард теңге қаражат керек деген болжам жасайды (5 жылға). 2010 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Ірі қара мал етінің экспорттық қуатын дамыту» бағдарламасын қабылдады. Құжатқа сәйкес, 2016 жылға қарай ет экспортын жылына 60 мың тоннаға дейін көтеру көзделген. Мақсат — жылына 3000 мың бас ірі қараны ұстайтын жемдеу алаңдары желісін құру; елге 72 мың бас асыл тұқымды ірі қара әкелу; асыл тұқымды мал басының санын 246 мыңға дейін арттыру; мал бағытындағы ірі қара мал басы санын 51 пайызға дейін арттыру болатын. Обалы не керек, министрлік айтқан сөзінде тұрып, асыл тұқымды ірі қараларды сырттан қымбат бағаға сатып әкелген. Бірақ олардың біразы ауру болғандықтан, олардың көзін жойып, қалған қалдықтарын жаппай өртеуге тура келген. Сол тұста: «Мұны алуға барғанда біздің елден барған мамандар ай қараған ба? Елге неге ауру малды әкелген? Оған кеткен шығынның орнын кім толтырады?»— деген сауал көтерілмей, жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Жаңағы желге ұшқан қаржылардың барлығы ел халқының табан ақы, маңдай терімен табылған ақшаларынан салық ретінде алынған қаржыдан құралғанын ескерсек, бұл үшін лауазымды тұлғалар заң алдында тиісті жазасын алу керек еді. Ол болмады, «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген осындайда айтылған-ау, сірә демеске амал жоқ.

Дайындаған — Ермек Сахариев

(25)