Бабамыз батыр ғана емес, көсем, би болған

Қазақта батыр көп. Себебі мынау кең байтақ даламызға көз сұғын қадап, қызыққан жауларымыз да көп болды. Шындығын айту керек жартылай көшпелі ел болған соң ба, нақты тарихымыз жазбаша түрде аса сақталмаған. Тарихымызды шежіреміз арқылы, өзге елдердің мұрағаттарынан тауып жатырмыз. Әрине оның бұрмаланған тұстары көп. Егерде шынайы тарихымыз болғанда батырларымыз бұдан да көп болатындығында сөз жоқ. Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламалық мақаласы осы тарихымызды аршып алуға, өткенімізді саралауға зор түрткі болып жатыр. Ұлы даланың бір пұшпағы ғана Мойынқұм, Шу өңірінің өзі тұнып тұрған тарих. Иә, менің де, осы өңірдің тұрғындарының да мақтаныш ететіндігі Қазақ хандығының ту көтеріп, ел болып біріккен, тұтасқан жері мынау жатқан қасиетті аймақ екендігі. Осы қасиетті өңірдің әр тасы, төбесі, тауы Тарих баба болып сөйлеп тұрғандай бейне. Шіркін деп ойлаймын кейде. Егер жазба тарихымыз мұрағатымыз болғанында батырларымыз бұдан да көп болар еді-ау. Бүгін мен Биназар бабамды, оның жанында жандарын шүберекке түйіп, елін, жерін қорғаған батырлары туралы ұлықтап, еске түсіріп жатқанымызға қатты тебіреніп, толқып, қуанып тұрмын. Бозаң бабамнан басталған Көкіректердің тарихына үңілсеңіз қаншама тарихи оқиғалар өткен десеңші! Әрине, Дулат болсын, оның Шымыры мен Көкірегі болсын, оларды қазақтан бөле жармаймыз. Біздің біртұтас ұлт екенімізді мына бір дерекпен байытқым келеді. Ұлы жүз Бәйдібек бидің қыздары Гүлбүбі мен Нұрбүбі орта жүз найманы Төлегетайдан тарайтын екі үлкен руының атымен аталды. Олар Гүлбүбі-Қызай, Нұрбүбі-Мұрын деп аталып, сіңісіп кеткен. «Қарға тамырлы қазақ» деп босқа айтылмаған. Менің айтайын дегенім Биназарды тек Дулат, Көкіректер көтерген жоқ, бүкіл қазақ болып көтерді. Жас батыр Биназар Қоқан батырын күйрете жеңер алдында Сыпатай батыр батасын берді. Кейін Биназар бабамның атағы алысқа кеткенде де үнемі қарт батыр Сыпатай қолдап, демеп отырды. Көкіректердің Мойынқұмды таңауына, ата қоныс етуіне де сол Сыпатай батыр мұрындық болды, көмектесті. Сондай-ақ батыр бабамның Ағыбек батырмен, Бөлтірік бимен қоян-қолтық араласуы олардың ағалық ақыл бата алуы да қазақтың әрқашанда тұтас ел болғандығын дәлелдейді.


Біз Биназар батырды тек Дулаттың батыры демеуіміз керек. Ол Алты алаштың, қазақтың ортақ батыры. Мен тарихшы болмасам да біздің тарихтың әлі де толыққанды жасалмағандығын, селкеулігі бар екендігін айтқым келеді. Қоқан, Хиуа хандықтарының қазақ халқына тигізген залалы мен зияны, зұлымдығы мен нәубеті Жоңғар шапқыншылығынан бірде кем емес. Ал біздің тарихта да, өнерде де, көркем фильмдерді айтамын тек Жоңғар соғысын кеңінен көрсетеді. Міне осындай көзқарастың кесірінен Биназар және оның жанындағы батырлардың жанқиярлық ерліктері жарқырап көрінбей жүр. Сондықтан тарихшыларымыз Қоқан шапқыншылығына, жаулаушыларына шыншыл баға беріп, тереңдеп зерттеуі тиіс. Он сегізінші-жиырмасыншы ғасырларда қоқандықтар, хиуалықтар оңтүстіктегі қалың қазақты қынадай қырып, ақтабан шұбырындыға ұшыратқанын қыздарымызды қорлағанын-зорлағанын тарих және кейінгі ұрпақ білуі тиіс.


Қай заман болсын халықты ұйыстыратын, біріктіретін, сөйтіп жұдырықтай түйілтіп жауға шаптыратын, оның бетін қайтаратын алмас қылыш іспеттес нәрсе осы Биназар бабамыз сияқты тұлғалардың, батырлардың, билердің болуы. Егер ынтымаққа шақыратын ондай тұлғалар болмаса халық зор зиян шегіп, тіптен жер бетінен жойылып кетуі мүмкін еді. Биназар бабамыз тек батыр ғана емес, ол көсем, би, шешен, әскери стратег, тактик, алысты көре білетін әулие деуге де болады. Бұған диқандық, бағбандықты, отырықшылықты еліне үйреткен, оны өмірде жүзеге асырған өнерін, талантын қоса айтқан жөн. Жалпы Биназар бабамыз жайлы әлі де тереңірек білуіміз, зерттеуіміз тиіс. Бәлкім батыр туралы Ташкентте, Бұқарада жалпы Өзбекстанда деректер мол болуы әбден мүмкін. Оған арнаулы маман жіберілсе.


Бүгін осындай бабамызға ас беріп, салтанатты жиын жасап жатқанымыз елдігіміздің жарқын белгісі. Елін, жерін қорғап шаһид болған батырларымыздың, тұлғаларымыздың жатқан жерлері жайлы, имандары саламат, жандары жәннатта болуды Аллам нәсіп етсін! Келе жатқан қасиетті Рамазан айы құтты болғай! Тағы бір айта кететін жайт Биназар бабамыз өлер алдында Жайлыбек атты жас жігітке аманатын айтып кетіпті. «Көкірек елі өзіңе аманат. Ел-жұртыңды бөле жармай бәріне бірдей қара, өмірде әділетті бол! Артымнан еріп келген туыстарым осы жерде ұрпақ өрбітіп, өркен жайсын. Сол үшін бар күш-жігеріңді сал!» жайлыбек болыс еліне қадірлі, Биназар ағасындай данышпан, көреген адам болған. батыр ағасының аманатын өле өлгенше жанын да аямай орындауға тырысып, елінің осы Мойынқұмға тамырын тереңге жаюға зор үлес қосты. Болашақта газетіміз осы бабамызды да ұлықтауға күш салады.

Сәуле Мешітбайқызы,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

(31)