Ақан серінің ауылы тозып, ескерткіші құлайын деп тұр!

Ақмола облыстық мәдениет басқармасы, Елбасының  «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақан сері Қорамсаұлының (1843-1913) 175 жасқа толуына арнап «Мәңгілік әуені» Этноday іс-шарасын өткізді. Іс-шара Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Ақан сері ауылында басталып, Ақмола облыстық Қазақ драма театры, облыстық тарихи өлке тану музейінде жалғасын тапты.

Айыртау ауданы әріден бастасақ Көкшетау уезі, беріде Көкшетау облысына қараған. Кейін Көкшетау облысы жабылып, Солтүстік Қазақстан облысына бірігіп, қайта Ақмола облысы болып ашылғанда сонда қалып қойған-ды. Көкшетаулықтар бұрынғы жерлесі, суырып салма ақын, әнші сазгер Ақан серінің мерей тойын жыл басынан бастап, солтүстіктегі ағайындарға үлгі ретінде, мерей тойдың тұсауын кесіп беруді жөн санаса керек. Бұл ауданда қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын Ақан серіден басқа, шығыстың жұлдызы, ғалым Шоқан Уәлиханов пен ханша Айғанымның өмір тарихының ізі бар. Қоғам қайраткерлері, өнерпаздар, Ақан серінің ағайын жекжаттары, баспасөз өкілдері Ақан сері ауылының шетінде орналасқан Ақан сері ескерткішінің басында Солтүстік Қазақстан облысының өкілдерімен кезікен соң, Ақмола облыстық Әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері іс-шара ұйымдастырды.
Ақан серінің 150 жылдық мерей тойына арнап, ақынның туған жерінде жаңадан ауыл бой көтерген-ді. Онда мектеп, балабақша, клуб, 64 коттедж салыныпты. Той дүркіреп өтіпті. Туысқан үш ел Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстанның елбасылары мерейтойға арнайы келіпті. Амал не жаңа қоныста жұрт тұрақтамады. Үдере көшкен кешегі тоқсаныншы жылдары. Қазір 18 отбасы қалған. Жаңа салынған әлеуметтік нысандар қираған, тоналған. Салынған 64 коттежден қазір жөні түзу 6 коттеж табу қиын. Серіге тұрғызған ескерткіш тозып, өңі кеткен. Былтырдары ауыл тұрғындары шамаларынша бояп, жамап жасқап, жөндеген болыпты. Кезінде осы ауылдың орны дұрыс таңдалмаған ба деген ой орала береді. Ақан сері ауылы Көкшетау-Қостанай тас жолымен, темір жолының бойындағы Кеңащы ауылынан таяқ тастам жерде. Кеңащымен іргелесіп тас жол бойында Комаровка деген шағын ауыл тағы тұр. Міне, осы 3 ауылды біріктіріп, үлкейтіп, жаңадан салған ғимраттарды бірлесе пайдаланғанда ғой. Жаңа салынған Ақан сері ауылы бүйтіп тозбас еді деген ой келеді. Амал не, сол кездегі атқамінер ағайындар, ары тарт та бері тартпен, келешекке көз жүгірте алмағаның кесірінен болашаққа балта шапты. Ақан серінің өзінің қазған, Құлагерді суарған құдық жол салғанда астында қалыпты. Осы жолдарды жазып отырған, мына мен 2000 жылдың басында осы Ақан сері ауылының жүдеген, тоналған жағдайын көріп, мұғалімдері, дәрігері ішінде Монғолиядан ағайындарды көшіріп әкеліп, ауылды сақтайық деп облыс әкіміне жазғанда, өтініш жауапсыз қалды. Бір емес, бірнеше жазылды, бірақ, естір құлақ, елейтін жанашыр табылмағанды. Ал ауылдың қазіргі хәлі мүшкіл. Кей ағайындар ауылды білмеймін, ескерткішті сақтап қалайық, — деп ұрандатып жүргені естілді. Ескерткішті Астанаға немесе ауданның кіре берісіне, не күре жолдың бойына көшіріп орнатуды ойластырып жүр екен. Оған Ақан сері ауылының тұрғындары түбегейлі қарсы. «Оданда ауылды көтерейік, мұнда мүмкіндік бар. Тек ықылас ынта жетіспей тұр», — дейді. Осы жайға жаны ауырған көкшеліктер мерейтойдың тұсауын осы жерде кесіп, бастама көтерді. Осы бастама ауылды көркейтуге ықпал етсе игі болар еді.
Ауылдағы іс-шарадан соң Ақмола облыстық қазақ драма театрында Ақан серінің шығармашылығы, өмір тарихы жайлы, серінің тарихын зертеушілердің пікіралмасуы ұйымдастырылды. Іс-шарада, ақынының өмір тарихы айтылып, серінің махаббат символына айналған «Балқадиша», серігі адалдықтың үлгісіндей «Құлагер» , «Маңмаңгер», «Мақпал», «Көкжендет», «Сырымбет» және тағы басқа әндері шырқалды.
Шараға қатысқан, ақынның туыстары естеліктерін айтты. Осылардың ішінен серінің өміріне қатысты ерекше оқиға болды. Ол Ақан сері сүйіктісі Ақтоқты сұлуға силаған жүзік еді. Ақтоқтының туған жиені Орынбасар Токенова жүзіктің өзіне қалай жеткенін көпшілікке жеткізді.
— Жүзікті Орынбасарға анасы, яғни Ақтоқтының туған қызы, өзінің керектеніп жүрген іс машинасы, әшекей бұйымдары сияқты құнды заттарымен бірге силаған. Жүзіктен басқасын музейге өткізіп, анамның көзі, аманаты деп жүзікті өзім алып қалдым. Көшірмесі облыстық музей көрмесінде тұр, — деді жүзік иесі.
Шарада «Ақан серінің адалбақаны» атты қысқаметражды фильм көрсетіліп, Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармониясы, Ш.Құсаинов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртістері Ақан серінің әндерін орындап, өмірі мен шығармашылдығын көпшілікке тамашалатты.
Ақан серінің 175 жылдық мерей тойын бұрынғы жерлестері көкшетаулықтар бастады. Енді Солтүстік Қазақстандықтар қызу қостап, ауылды көтеріп, ескерткішті жаңартып ақын рухын асқақтатады деген үміт зор.

Дахан Шөкшир

(18)