Ажырасатын отбасылар жауапқа тартылуы тиіс!

Соңғы кездерде «киелі неке», ұғымы «күйелі некеге» айналып бара жатқаны қатты алаңдатады. Қай жерде болмасын, ерінің әйеліне, әйелінің күйеуіне деген көңіл толмаушылықтың соңы ажырасуларға соқтырып жатыр. Бір-біріне деген өкпелері, қара күйе жағудағы алдына жан салмайтын әрекеттері «өзі ғой» дейтін мектеп оқушысының ақталу қылығын қайталайтындай. Дегенмен сәл қателессең өмір атты арнада тағдыр тезінің тепкісінде қалғалы тұрғандарын солар, ойлайды ма екен? Мәселен, соңғы мәліметтерге назар аударсақ, еліміздегі әрбір үшінші құрылған неке ажырасумен аяқталады екен. Әділет министрлігінің таратқан мәліметіне қарасақ, былтыр ғана жаңа құрылған 140 мың отбасының 51 мыңы дәм-тұзы жараспай айырылысып кетіпті. Ал мұның артында мыңдаған «тірі жетімдермен», психологиялық күйзелістердің болып жатқанына бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Қаншама соттасулар, бір-бірінің үйін тартып алу, жанжалдасу, дүниеге таласу сияқты жағдайлар қатты белең алды. Бұзылған неке, отбасы, тек, жеке бастарына ғана емес, туған-туыс, құда-құдағилар арасына да жік салып, араздық тудыруда. Тіпті, жақындарының басын қатырып қойып, неке жаңартуды, құдды бір, кек қайтарғандай көріп, үсті-үстіне қатын алғандарды да көріп жүрміз. Кім-кімде болмасын, екінші, тіпті, үшінші мәрте неке ауыстырғанын ашық айтып, некенің үстіне «діни неке қию арқылы» некеге тұруларын енді ашық жариялай бастады. Мұндай сорақылықтарды көрген кейбір отбасы иелері жаппай қорғанысқа көше бастаған. Мұнда да жанұясын сақтап қалу мақсатында емес, дүние мүлікке ие болып қалуды көздейді. Көздің құрты болған, қу дүние үшін де ажырасуға дайындала бастаған сыңайлы. Мысалы, діліміз бен дәстүрімізге жат десек те, «Неке келісім шартына» назар аударатын уақыт жетті деп санайды арнайы мамандар. Айтуларынша, ол ажырасқаннан кейін қамқорлықсыз қалатын әйелдерді қорғауға көмектеседі. Ал бұл құжаттың сотта қандай күші бар екенін журналист Жанар Жолтаева төмендегідей жәйтпен түсіндіреді.
«21 жастағы Салтанат Шоланова осы бастан «Неке келісім шартын» ойластырып жүр екен. Айтуынша, қазіргі келіншектер үй жинап, тамақ әзірлеп, бала бағумен айналысып жүргенде, ер кісілер білім алып, жұмыс істеп, ақша тауып, мансап өсіруге толық қауқарлы. Бұл жайт жұбайлардың жолдары екіге бөлініп кеткенде әйелдердің өзін-өзі асырап, қамтамасыз етуіне көп кедергі болады», — дейді.
«Сіздің күйеуіңіз балаңызға алимент төлейді, дұрыс па? Ал сізді кім асырайды? Сіз отбасыға қарадыңыз, белгілі бір жауапкершіліктер болды, сіз де жұмыс жасадыңыз, соның бір өтемі болуы керек қой», — дейді тұрғын Салтанат Шоланова.
Салтанаттың сөзін психолог Анна Құдиярова да қолдаған. «Неке келісім шарты» ажырасқаннан кейін кімге не тиесілі екенін анықтап алуға мүмкіндік береді. Ал бұл болашақта әйелдерге мүліктік, материалдық жағынан қолдаусыз қалмауға кепіл болады —дейді ол.
«Ертең ажырай ма, көңіл-күйі тоқалға кетіп қалды ма, мына жақтағы 4-5 бала адыра қалды емес пе? Енді 1 айға алиментке 10 мың теңге береді. Бірақ өзі қалталы, аты шыққан адам. Ол ана жаққа коттеджге, жақсы келіншекпен шалқып өмір сүріп жатыр. Сонда көрдіңіз бе, «әттең тонның келтесі-ай!» болмақ. Бәйбішені қорғайтын ешқандай неке келісімі жоқ болып тұр ғой?» — дейді психолог Анна Құдиярова.
Сүйген жарымен бірге 18 жыл тату-тәтті өмір сүріп жатқан заңгер Жанкелді Сүлейманов те неке туралы шартқа отырғандардың бірі екен. Оның айтуынша, «кеңестік заманда жұбайларда бөлісердей мүлік болмаған соң мұндай шарттың қажеттілігі тумаған. Ал қазір, кей дәулетті отбасылардың ортақ қазынасы, жүздеген миллиондарға дейін жетеді, оны заңмен бөлмесек, екіара дау-дамай, жаға жыртысуға дейін жетеді», — дейді ол. Маманның айтуынша, «ата-аналар ажырасқанда балалардың ортақ мүлікке құқығы жоқ. Сондықтан ең бірінші кезекте, шартта балалардың сыбағасы бөлек ескерілуі керек. Сондай-ақ қолданыстағы мүліктің барлығы отбасы мүшелеріне тіркелуі керек», — деп түсіндіріп отыр.
«Зәулім үйде тұрады, 5 көлігі бар, баршылықта өмір сүріп жатады. Ал ажырасуға уақыт таяғанда жылжымайтын мүліктің барлығы әкесінің атында, көліктері компания атында, өзге заттары аға-інілерінің атына аударылып қойған болып шығады. Әйелдің бұл жағдайда ештеңеге иелік етуге құқығы болмай шығады», — дейді заңгер Жанкелді Сүлейманов.
Тағы бір айта кетерлігі, зорлықпен күштеп қол қойдырылып алған, екі тараптың құқықтары тең ескерілмеген «Неке келісім шартының» сотта ешқандай күші болмайды екен.
Бұл жәйттер, дүние үшін дау-дамай, айтыс-тартыстар болмас үшін жасалған шаралар болғанымен, бұған емес, еліміздегі ажырасу науқанын қалай тоқтатамыз, соған бас қатырсақ екен? Сондай-ақ ажырасатындардың басым көпшілігін әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар құраса, кейбіреулерінің мәселесі рухани қарым-қатынастың жоқтығы мен төсек қатынасының сәйкес келмеуінің салдары негізге алынып отыр. Қай жағынан болмасын, мұндай жағдайлардың алдын алмаса болмайтыны қатты ойлантады. Өйткені екі жас бас қосып, отбасын құрғанда «бірі-бірін шын сүйемін, өз бақытымды таптым», — деп дүрілдетіп той жасап, көпшіліктің ақ батасын алып, той жоралғыларын жасап, өздері түгіл, елді «шығынға» батырған жауапкершіліктері қайда? Сол үшін де бұлар ар-намыстарының алдында қылмыс жасаған болып табылады. «Қандай айып тағу керек» деген мәселеге келсек, отбасы мәселесінде жауапкершілік танытпағаны үшін болып табылмақ. Бұған маскүнемдікке, нашақорлыққа, жүргіштікке салыну сияқты және отбасын тастап кету сынды басқа да жат қылықтар қосылады. Сондай-ақ еліміздің «неке және отбасы» заңына, алдағы уақыттан бастап «ажырасатын отбасылар» қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қамауға алынатыны туралы мәселені заңға енгізу керек. Сонда отбасындағы жауапты бір кінәлі адам анықталып сотталар болса, барлық дүние мүлкі, қаржысы, екінші қосағына қалуы тиіс. Сөйтіп қатал заңның үкімімен еліміздегі ажырасу науқанын күштеп тоқтатпаса, неке қидырып, отбасын құрушылық, «ойыншыққа» айналып бара жатқандай. Егер бұл заң қолданылар болса, еліміз үшін өзге мемлекеттердің таңсық дүниелерін көшіре бергеннен гөрі, біздің еліміз, басқаларға үлгі болатындай бастаманы көтерген болар едік. Сонда бәлкім, қазіргі жастар отбасын құрмай тұрып, ертеңгі күнде сот алдында болса да жауапкершіліктері барын сезінер ме, еді? Ертеңгі күнде, тағы да мыңдаған «тірі жетімдердің» обалына қалмайық десек, солай істеген дұрыс шығар, ағайын!

Жанболат Сәрсенбай

(18)