Нұрлан Ноғаев: Бұқараның мемлекеттік органдармен қарым-қатынасы тетіктерін жақсартамыз

Атырауда ауқымды да іргелі жұмыстар жүзеге асуда

Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаев республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, облыс халқының «Рухани жаңғыруы» және «Бес әлеуметтік бастама»  Үндеуінің өңірде жүзеге асырылуы  бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды кең көлемде әңгімелеп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Жаңғыру — ұлт руханиятынан бастау алады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы Атырау аймағына да тың міндеттер мен өзгерістерін ала келді. Өңір халқы қайта түлеудің маңызды қадамы жолында өзекті істерді нысана ете отырып, өзгерістерді жүзеге асыруға батыл қадамдар жасауда. Елбасы мақаласы жарық көрген бір жылдан аса уақыт аралығында облыста қандай жұмыстар жүзеге асқанын облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «Атамекен» кіші бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстардан бастады. Осы бағытта Атырауда «Асар» үш жақты әріптестік республикалық форумы өткізілгенін, онда әлеуметтік мәселелердің талқыланғанын айтты. Форум жұмысының нәтижесі үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобаларының республикалық базасының жасалуына мұрындық болды. «Асар» сайтындағы осы базадан кәсіпкерлер өздерін қызықтырған, қатысқысы келетін жобалар жөнінде толық ақпарат алуына болады. Базаның 10 әлеуметтік жобасы қолдауға ие болып, оның 5-уі Атырауда жүзеге асуда.
Мемлекеттің азаматтық қоғамды дамытудағы ұстанып отырған саясаты мемлекет ісіне халықты кеңінен тарту жөніндегі Елбасы тапсырмасын орындау бағытында Азаматтық орталық ашылып, жұмыс жасалуда. Орталық жаңа ҮЕҰ-дың құрылуына және жұмыс жасап тұрған ҮЕҰ-дың бағыт бағдар алуы үшін кеңес беріп, жөн сілтеп отыратын кеңсе болып табылады.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында аудандарда жерлестер форумдары өткізіліп, өнегелі жұмыстары кеңінен сөз болды. Аудандарда жаңа балабақшалар салынып, күрделі жөндеулер жасалуда. Спорт кешендері жөнделіп, жаңалары тұрғызылуда. Ауылдық елді мекендерді, облыс орталығын абаттандыруға үлкен көңіл бөлініп отырғаны айтылды.
Жергілікті танымал кәсіпкер И. Ақдрашевтің демеушілігімен болып өткен, белгілі спортшылар қатысқан велошеру туралы да алдын ала айтып өтті. Веложорық аясында қайырымдылық аукционы ұйымдастырылып, түскен қаржы жаңадан ашылған облыстық веломектептің қажетті құралдарын алуға жұмсалатын болды. 80 бала велоспортпен тегін жаттығуға мүмкіндік алды.
«Рухани қазына» кіші бағдарлама аясында биыл наурыз айында өткен «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы жұмысына Нұрлан Ноғаев қысқаша тоқталды. Форумға 12 мемлекеттен делегация, «Түрксой» ұйымының басшылығы, 30 шетелдік шығармашылық ұжымдар, 700-ден астам өнерпаздар қатысып, ел-жұртты бір серпілтіп тастағанын айту керек. Мұнда біраз іс атқарылды. Қыз-келіншектер ұлттық қол өнердің шебері, танымал тұлға Ырза Тұрсынзада ханымнан шеберлік сабағын алды. Форум аясында «Наурыз адамзаттың материалдық емес, мәдени құндылығы ретінде» ғылыми-практикалық конференциясы, «Жаңа жасыңмен, Ұлы далам» фестивалі, ақындар айтысы, Фариза Оңғарсынова оқулары, Бақыт Қарабалинаға арналған күйшілер сайысы, дәстүрлі әндер байқауы, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. «Біздің тарихымыздан сыр шертетін, қол өнер, музыка, мәдениет, дәстүрлерімізді паш ететін шаралар өткізілді», — деді аймақ басшысы.

Жаһандық бәсекеге бейімделе бастадық

«Кітапханадан — ағарту орталықтарына: жаңғыртудың жаңа мүмкіндіктері» атты республикалық форумда қазіргі таңдағы зиялы қауымды алаңдататын тақырыптың көтерілгені айтылды. Жаһандану процесіндегі ақпараттандыру құралдарын пайдалана отырып, оқырман мен кітапхана арасын жақындатудың озық әдістері ортаға салынған болатын. Атырау облысында 155 кітапхана жұмыс жасайтынын айтсақ, кітапханашылардың жаңаша жұмыс жасай білуі рухани жаңғыру аясында игі ықпалын берері сөзсіз. Форумда ауыл кітапханаларын оқырмандар үшін интерактивті білім алу алаңдарына қалай айналдыру керектігі талқыланып, нақты ұсыныстар енгізілгені айтылды.
Өңірде бірінші рет: Арқа, Батыс, Сыр, Жетісу және Алтай-Тарбағатай ән мектептерін бір арнаға тоғыстырған «Әндария дүлдүлдері» І республикалық дәстүрлі әншілер байқауы, «Мәңгілік елдің алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалі, «Қайта жаңғырған Қазақстан» халықаралық ақындар айтысы, «Жайық нұры» республикалық академиялық әншілер және Д.Нұрпейісова атындағы «Бұлбұл-домбыра» республикалық қыз-келіншектер байқаулары, республикалық «Дарабоз», «Жаппай көкпар» сайыстары өтті. Бұл мәдени шараларға еліміздің барлық өңірлерінен және РФ-нан өкілдер қатысқаны әңгімеленді.
2017 жылы «Ибн Батутаның Ұлы Жібек жолымен саяхаты: мәдениеттер арасындағы диалогты алға бастыру» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясына Ресей, Египет, Иран, өзге де елдерден тарихшы, ғалымдар қатысып, өз ойларымен, еңбектерімен бөлісті. «Ағартушылар» көп сериялы тарихи-деректі фильмі түсірілді. Фильм арқылы еліміздің, халқымыздың ой-санасын кеңейтуге үлкен үлес қосқан зиялылармыз қазіргі қоғамға таныстырылды және олардың еңбектері насихатталды.
«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасында ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отырып, бұл іске облыстың оқушылары, студент жастары, педагог қызметкерлер қатыстырылды. «Бұл жұмыстар қазіргі заманда еліміздің жаһандық бәсекелестікке төтеп беруі үшін әр азамат өзі сол бәсекелестікке сай болуы керек, адамның көзқарасының көкжиегі кең болуы керек деген мемлекет басшысының тапсырмаларын атқаруға жасалып жатқан шаралар», — деді өз сөзінде Н.Ноғаев. 2018 жылы білім бюджетіне 2,2 млрд. теңге бөлініп, облыстың 197 мектебінің 177-нде робототехника кабинеттерін ашу жоспарланған. Былтырдан бастап облыстық бюджеттен облысқа қажет мамандық иелерін даярлау, оқыту бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен дарынды балаларды қолдау үшін 2017 жылы — 222 білім гранты бөлінді. Бұлардың 178-і мұғалім, 35-і дәрігер, 8-і ауыл шаруашылығының маманы. 2018 жылы — 300 білім грантын бөлу қарастырылуда.
Облыста Махамбет, Жұмекен, Фариза, Нұралы Әжіғалиевке арналған ақындар оқулары өткізілді. Ірі сауда орындарында «Буккроссинг» акциялары ұйымдастырылды. І-ші облыстық «Ханталапай» зияткерлік сайысы көпшілік көңілінен шықты. Сарайшық қалашығы жөнінде балаларға арналған анимациялық фильм түсіріліп, жергілікті арнадан көрсетілді. Ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру мақсатында алдыңғы қатарлы оқу орындары (Назарбаев зияткерлік мектебі, Білім және инновация лицейі) шалғайдағы ауыл мектептерін қамқорлығына алып, біліммен, озық тәжірибелерімен бөлісуде. Бірлесіп робототехника, компьютерлік бағдарламалау, үш тілде білім беру, биоресурстарды сақтау бағытындағы экологиялық жобаларды жүзеге асыруда.
Оқу орындарында «Жасыл Ел» студенттік жасақтары, «Жас археологтар» топтары құрылды. Бұл топтар жастардың жазғы демалыс уақыттарын тиімді еңбекпен өткізіп, қаржы табуларына мүмкіндік береді.
Меценаттар демеушілігімен Атырау мұнай және газ университетінде ғылыми орталықтың құрылысы басталды. Орталық әлемдік деңгейдегі ғылыми-ізденушілік жұмыстарын жүргізетін жас ғалымдар ордасы болмақ. 4000 келушіге арналған Жастар және оқушылар Сарайының құрылысы жүргізілуде. Сарайда өнер, спорт үйірмелері, робототехника, 3Д принтинг жүйесі, коворинг орталығы қарастырылады. Оқушылардың жазғы, қысқы демалыстарын тиімді өткізу мақсатында Атырау қаласының «Бесікті» елді мекені жанында 300 орындық балалар шынығу, демалу лагерлерін қайта жаңғырту қолға алынды. Сонымен қатар Каспий теңізіне баруға қолайлы орналасқан Исатай ауданындағы Зинеден елді-мекенінде 500 орындық балалар лагерін салу үшін жобалық сметалық құжаттама жасалуда. Бұл лагерьде балалар тынығады, басқа кезеңде спортшылар мен демалушылар үшін де жағдайлар жасалады.

«Сарайшық» — құндылықтарды қастерлеу үлгісіне айналады

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы республикалық тізіміне облыстан жеті нысан енгізілді. «Сарайшық» қалашығы, «Ақмешіт» кешені, «Ұшқан ата» кесенесі, М.Өтемісұлының кесенесі, «Аралтөбе» қорымы, «Құлшан ата» жер асты мешіті, «Иманқара» үңгірі. 2018 жылы «Сарайшық» тарихи-мәдени қорығы республикалық статусқа ие болды. Бұл нысандар туристер тамашалайтын тарихи орындарға айналады, бұл жерлерге жол салынып, инфрақұрылым дамытылады. Электр қуаты тартылып, газ жеткізілмек. Тәу етіп барған саяхатшы азаматтар үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады. Бұл Атырау облысы әкімдігі мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бірлесіп атқарып жатқан үлкен жұмыстарының нәтижесі.
Жайық өзені жағалауында орналасқан Сарайшық елді мекеніндегі қорымды өзен суы шайып кетуі салдары біраздан айтылып келеді. Бұл мәселеге орай жағаны бекіту жұмыстарына облыстық бюджеттен 1,6 млрд. теңге бөлініп, жұмыстар аяқталып келеді.
Тарихи орынды сақтауға және зерттеуді жалғастыруға енді толық мүмкіндік бар.
«Сарайшық» қалашығы орнына визит орталығы салынады.
«100 жаңа есім» жобасы бойынша республикада өткізілген ұсыныс таңдауына Атырау облысынан 53 адам ұсынылды. Солардың арасында көпшілік дауысқа ие болған 2 адам республикалық тізімге енді. Олар Ерлан Күмісқалиев — қоғамдық ұйым жетекшісі және Әсемгүл Оразаева — жас кәсіпкер. Екеуі де жас болса да үлкен жұмыстарды қолға алып, жастарға өнеге көрсетуде.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша өңірдің шығармашылық ұжымдары қазақстандық мәдениетті әлемге таныту үшін: Австрия, Үндістан, Македония, Португалия, Малайзия, Ресей Федерациясы, Түркия, Венгрия, Сербия мемлекеттерінде гастролдік сапарларда болды. Биыл Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театры академиялық атақ алды. Мұндай құрмет ұжымның бұрын қызмет атқарған ардагерлерінің, қазіргі кезде жұмыс атқарып жүрген азаматтардың еңбектерінің нәтижесі екенін облыс басшысы айтып өтті.
Атыраудың белгілі суретшілері Рафаэл Слекенов және Камилла Жапалова шетелдерде болып, халқымыздың ұлттық өнерін насихаттады. Олардың шығармашылық жұмыстарының көрмелері Америка мен Еуропа елдерінде ұйымдастырылды.

Анкарада Дина күйшіге ескерткіш орнатылады

Қазақ халқында күй анасы атанған дәулескер күйші Дина Нұрпейісоваға Түркияның Анкара қаласында мүсін композициясы орнатылатынын да брифингте облыс әкімі Нұрлан Ноғаев айтты. Бұл іске облыстың бизнес құрылымдарының өкілдері қолдау білдіріп отыр. Танымал қазақ композиторының ескерткіш мүсінін орнатуға бөлінген қаржының мөлшері 15 млн. теңге көлемінде екені де хабардар етілді.
Мүсіндік композиция Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын Түркияда мерекелеу аясында 2011 жылы Анкарада ашылған Дина Нұрпейісова атындағы саябақта орнатылады. Сол жылы Түркияда атақты қазақ композиторы Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойы кеңінен атап өтілген болатын. Бұл шараға кезінде облыстан арнайы делегация барып қатысып келді. Қазақстанның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында рухани және мәдени құндылықтарды сақтауға және молайтуға ерекше көңіл бөлінгенін атап өткім келеді, — деді Нұрлан Ноғаев. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазіргі таңда қазақ мәдениетінің үздік туындыларымен әлем жұртшылығын таныстыру үшін жағдайлар жасалуда. Бұл отандық шығармашылық зиялы қауым үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.
Қазақстан Елшілігінің, Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің, Түрік мәдениеті халықаралық ұйымының (ТҮРІКСОЙ) және Анкара қаласы Этимесгут ауданы мэрінің ұйымдастыруымен ашылған алғашқы саябақта енді Дина әжеміздің мүсіні көз тартып тұратын болады. Атақты қазақ композиторы Дина Нұрпейісова тек қазақ халқының емес, бүкіл түрік жұртшылығының ықыласы мен құрметіне бөленген, түрік әлемінде биік өнердің шырқау шыңына көтерілген алғашқы қазақ әйелі.

Әлеуметтік сала жобаларына — 215,5 млрд. теңге

— Қазіргі таңда Атырау облысында әлеуметтік салада жалпы сомасы 215,5 миллиард теңге болатын 103 жоба іске асырылуда. 388 әлеуметтік объектінің ЖСҚ әзірленуде, — деді Нұрлан Ноғаев. Оның ішінде 113 объект білім беру саласында: 45 балабақша, осындай мөлшерде мектеп, 7 лицей мен колледж, 7 музыкалық мектеп, жатақхана, екі пансионат салу бойынша 3 жоба. Мұнан басқа балаларға арналған сауықтыру лагері, балаларға арналған сауықтыру орталығы, отбасы үлгісіндегі балалар ауылы, сондай-ақ жасөспірімдер үй бар.
— Біз денсаулық сақтау саласындағы жағдайды жақсарту бағытында да жұмыс жасаудамыз. Бүгінгі күні 18 объекті құрылысы бойынша ЖСҚ дайындалу сатысында — бұл дәрігерлік амбулаториялар, емханалар және басқалары, — деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
— 17 мәдениет объектісінің құрылысына арналған ЖСҚ әзірленуде негізінен бұл мәдениет үйлері Атырау облысы аудандарының ауылдық жерлерінде салынатын болады.
Өңір басшысы түсіндіргендей, спорт саласында 27 жоба іске асырылатын болады. Бұл спорттың көпшілік түрлерін дамытуға оң әсер ететін спорт кешендері, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері болмақ.
— Мемлекет басшысы үнемі айтып жүргендей еліміз өз азаматтарына қамқорлық жасап келеді. Әлеуметтік саладағы объектілер санының өсуі тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар туғызып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына мультипликативті әсер етеді. Бұл объектілердің құрылысына арналған қаражат жергілікті және республикалық бюджеттердің трансферттері және жер қойнауын пайдаланушылар мен инвесторлардың аударымдары есебінен бөлінеді.

Баспана мәселесіне маңыз берілуде

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі бойынша барлық бастамалар Атырау облысында жоспарлы түрде атқарылуда. Әр отбасының баспаналы болуының мүмкіндіктеріне «7-20-25» бағдарламасымен жол ашылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қазіргі таңда Атырау облысында 25 000 адамның үй кезегінде тұрғанын айтты. 108 000 адам үй салу үшін жер кезегін күтуде. Былтыр облыста 624 мың шаршы метр үй тапсырылды. Яғни 36 көп пәтерлі қабатты үйде қоныс тойы тойланды. Биылғы жылы 44 көп пәтерлі қабатты үй құрылысы жүріп жатыр. Жыл аяғына дейін бұлардың 34 үйі толық аяқталып, жаңа қоныстанушыларға кілт тапсырылады деп жоспарлануда.
Қазіргі таңда Ұлттық банк Үкіметпен бірге «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру қағидаларын бекітіп жатқанын ескерсек, осы жылдың екінші жарты жылдығынан бастап, Атырауда бұл бағдарлама да жүзеге асырыла бастайды. Өңір басшысы «ТұрғынүйЖинақБанкісі» арқылы бұл бағдарламаға да дайындық жүріп жатқанын айтып өтті. Бұл бағытта құрылыс компанияларымен, жеке кәсіпкерлермен мемлекеттік — жеке серіктестік аясындағы жұмыстар өз бағытында жүргізілуде.
Басқа да төрт бастамаға жеке-жеке тоқталып өткен аймақ басшысы әңгімесін нақты факті, цифрлармен толықтырып әңгімеледі. Брифинг журналистердің сұрақ беруімен жалғасын тапты.

Облыс тұрғындары әкімдермен онлайн арқылы байланысады

Орталық коммуникациялар қызметінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен брифинг барысында журналистер қойған сұрақтар көп болды. Солардың бірі — жергілікті атқарушы органдардың тұрғындармен өзара әрекет-тестігі туралы мәселе. Яғни заманауи бай-ланыстардың облыста енгізілу жеделдігі қызықтырды.
Әкімдіктердің тұрғындармен кері байла-нысының ұтымды тәсілдерінің бірі әлеумет-тік желілер болып табылады, мұнда әрбір азамат өзін толғандыратын сұрақтарын қоя алады. Сонымен бірге облыс әкімінің тұрғындарды жеке қабылдауы кезіндегі қарым-қатынасы көптеген мәселерді шешуге ықпал етеді.
— Жергілікті атқарушы органдар тұрғындармен кері байланыс механизмдерін жолға қою бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Егер жеке қабылдаулар туралы айтатын болсақ, 2017 жылы өңір тұрғындарымен 40-тан аса жеке қабылдау өткіздім, — деді Нұрлан Ноғаев.
— 400-ден астам адам облыс әкіміне әртүрлі сұрақтары мен ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың тұрғындармен өзара қарым-қатынас механизмін жақсарту бағытында жұмыстар жасалуда. Облыс әкімдігі Telegram қосымшасында чат-арна ашып, мұнда барлық деңгейдегі әкімдер, басқармалар мен коммуналдық мекемелердің басшылары тұрғындардың сұрақтарына тікелей жауап береді. Қазіргі таңда чат-арнада 3100 пайдаланушы бар, уақыт аралығында 1500 сұрақ қаралды.
Облыс әкімі сондай-ақ облыс орталығында осылайша жұмыс жасайтын «Атырау Цифрлық Қабылдау» мобильді қосымшасы қолданылатынын да айтып өтті. Қосымшаға 3162 пайдаланушы тіркелген, бүгінгі күнге дейінгі кезеңде 600-ден астам сұрақ қаралып, жауаптары берілді.
— Өзі үшін маңызды сұрақпен хабарласқан әрбір пайдаланушы барлық қажетті ақпаратты ала алады. Жергілікті атқарушы органдар тұрғындардың барлық сауалдарына жедел әрі сапалы жауап беру үшін кері байланыстың жаңа механизмдерін енгізу бойынша тұрақты жұмыстар жүргізуде. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында онлайн құралдарға ерекше басымдық берудеміз, — деді аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев.

Светлана Муньянова,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

(42)