Көне ұйғыр жазуы түркі халықтарының байырғы жазуы

Ұйғыр сөзіне түсініктеме: Ұйғыр түркі халықтарының бірінің атауы. Ұйғыр — бірігу, ұйысу деген мағына береді. Ұйғыр ұлты өз атауын өткен ғасырдың отызыншы жылдары қабылдаған.

Ғылым әлемінде «көне ұйғыр жазуы» аталатын бұл жазудың тарихы ұзақта жатыр. Яғни Сына жазуынан (runic script) кейінгі аса бір ауқымды аумақта ұзақ дәуір қолданылған көне түркі жазуының бірі — соғды жазуынан (б.з.д I — б.з. IX ғғ.) бастау алады. Жалпы 22 әріптен тұрады, жоғарыдан төменге және солдан оңға қарай жазылады. Ғылыми айналымда «ұйғыр жазуы» (uighur script) деп аталып кеткен көне түркі жазуы.

Көне «ұйғыр жазуындағы» жәдігерлер

Көшпелілер өркениетінің рухани мұрасы болып табылатын бұл жазу Орхонды бойлап Ханғайда (Күнгейде) қалған найман, керей сияқты түркі тайпа-мемлекеттерінің, Идіқұт ұйғыр хандығы мен Қарахан мемлекетінің, Шыңғысхан империясының, Шағатай мен Жошы ұлысының, содан кейін Алтын орда мемлекетінің мемлекеттік жазуы болды. Оны сонау Кіші Азиядағы Осман түрік империясы да қолданды. Осы жазу негізінде моңғолдар төл жазуы «тот моңғол жазуын» жасады. Моңғолдардың осы жазуынан үлгі ала отырып 1632 жылы Цин империясы мәнжу жазуын дүниеге әкелді. Осы жазу — моңғол империясы мен цин империясының дәргейіндегі өзге ұлттардың саяси, мәдени, тарихи өміріне белгілі дәрежеде ықпал етті. Бұл жазу кей өңірлер XVII ғасырға дейін, ал сары ұйғырлар арасында XIX ғасырға дейін қолданылған. Қазақ хандары бұл жазуды Абылайдың тұсына дейін қолданғаны туралы дерек бар. Қытайдың №1 мемлекеттік мұрағатында қазақ хандарының тот моңғол жазуымен Цин империясына жазған хаттары сақталған.Қазіргі күнде көне ұйғыр жазуында сақталған жәдігердің ең көлемдісі әрі көркемі — Қарахан мемлекеті тұсында (1069/70 жылы) хатқа түскен Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білік» (Бақытқа бастаушы білім, Qutadghu Bilig) дастаны. Екінші құнды мұра — шамамен XIII-XIV ғасырда көшірілген «Оғызнаманың» 42 беттік, әр беті 9 жолдан тұратын нұсқасы. Үшінші жәдігер — Ахмет Йүгнекидің «Һибату-ул хақайиқ» (Ақиқат сыйы, XII ғасыр) дастанының екі көшірмесі. Мұнан кейінгі «көне ұйғыр жазуымен» хатқа түскен тағы бір шығарма Хорезмидің «Махаббат-наме» дастанының бізге екі нұсқасы. Оның бірінші нұсқасы 1432 жылы хұдам бітік жазуымен жазылған. Ал біршама толық деп қаралатын араб әрпімен жазылған екінші нұсқасы 1508-1509 жылдар аралығында көшірілген. Алтын орда дәуірінде, 1393 жылы жазылған Тоқтамыс ханның жарлығы (Toqtamish Yarligh) мен 1398 жылы жазылған Темір Құтлұқтың жарлығы (timur Qutlugh Yarligh) тот-монғол әрпінде хатқа түскен. Осында сөз етіп отырған «Ұйғыр жазуында» таңбаланып кейінге жеткен мұралардың ауқымды бір саласы — Будда (пұт) мінажат уағыздары болып табылады. Жалпы алғанда, көне ұйғыр жазуымен сақталған жәдігерлерді мазмұнына қарай: 1) Ислам діні туралы, 2) Мани діні туралы, 3) Несториян діні туралы, 4) Будда діні туралы мінажат уағыздар 5) Және түрлі іс қағаздар (қазірге дейін белгілі болған іс қағаздар 400-ге жуық) деп бес бөлікке бөлуге болады.
Ислам дінінің Орта Азияда жаппай орнығуының нәтижесінде араб әліпбиі үстемдік етті. Әріптің алмасуы бірнеше ғасырға созылды. Жоғарыда атап өткен Жүсіп Баласағұнидың «Құтты білігі», Хорезмидің «Мұхаббат-намесі», Ахмет Йүгнекидің «Һибату-ул хақайиқы» екі жазуда жарыса көшіріліп таралуы соның дәлелі. Шығыс Түркістандағы Тұрфан мен Дунхуаңдағы пұт мінәжатханасы «Мың үйден» табылған жәдігерлердің көбі буддалық мазмұндағы шығарма-лар. Бұл өңірде сол заманда арнаулы баспа орталықтарының болғандығын археологиялық зерттеулер айғақтап отыр. Қожа Ахмет Яссауидің «Диуан-и хикметінің» ғылымда белгілі ең көне нұсқасы XVII ғасырға тура келеді. Сондықтан да араб әрпіндегі нұсқасымен қатар, оның хұдам бітік жазуында көшірілген нұсқасы да болуы әбден мүмкін.

«Майтри симит ном бітік» туралы зерттеулер

Көне ұйғыр жазуымен хатталып бізге жеткен шығарманың бірегейі «Майтри симит ном бітік» деген атпен белгілі жәдігер. Ол сақталуы мен көлемі жағынан осы күнге дейін белгілі болған көне ұйғыр жазуындағы жәдігерлердың ішіндегі шоқтығы биігі болып есептеледі. 1959 жылдың Сәуір айында, ҚХР, Шыңжаң ұйғыр автономиялы округы Құмыл аймағының Темірті деген жеріндегі көне пұтхананың жұртынан қой бағып жүрген қойшы «Майтри симит ном бітіктің» тағы бір нұсқасын тауып алады. Бұл нұсқа «неміс нұсқасына» қарағанда біршама толық сақталған. Қолжазба қоңыр түсті қатты, қалың қағазға қара сиямен көшірілген, жалпы көлемі 293 парақ, 586 бет. Оның 114 парағының, яғни, 228 бетінің жазуы анық әрі бүлінбеген. Тарау мен бет сандары әр парақтың алдыңғы бетінің сол жағында көрсетілген. Қолжазба ежелгі пұт дінін уағыздайтын кітаптардың үлгісінде көшірілген, ұзындығы 44 сантиметр, ені 22 сантиметр, беттің асты мен үстінде қара жиек сызық сызылған әрі әр жол сайын аралығы 1,5 сантиметр жол сызығы тартылған. Әр бетте 30 жол, ішінара 31 жол жазу жазылған. Жетінші мен тоғызыншы жолдардың аралығында диаметрі 4,6 сантиметр қара түсті шеңбер сызылып, шеңбер ортасында 0,5 сантиметр жіп өткізуге арналған тесік тесілген. Тарау (перде) сайын оқиғаның болатын жері қызыл сиямен жазылған. Сол жылы (1959) тамыз айында қолжазба Шынжаң мұражайына өткізіледі. 1974 жылы Шинжаңның Қарашаһар өңірінен аталған қолжазбаның 44 беттік тохар жазуындағы нұсқасы да табылды. Қазір ол да Үрімжі қаласындағы Шынжаң мұражайында сақтаулы тұр.
Құмыл нұсқасы туралы ең алғаш қытай ғалымы Фың Жияшың 1962 жылы «Әдеби жәдігер» журналының №7, 8 сандарында «1959 жылы Құмылдан табылған ұйғыр жазуындағы Будда номы туралы» атты мақала жариялады. 1961 жылы жазда, «Майтри симит ном бітіктің» Бейжиңге әкелінген орайын пайдаланған түрколог ғалым Гың Шымин қолжазбаның латынша транскрипциясын жасаумен қатар оны қытай тіліне аудару жұмысына да кіріседі. Десе де, қытайдағы саяси тұрақсыздықтың салдарынан зерттеу жұмысы орта жолда үзіліп қалды. Қытайдағы саяси жағдай орныққаннан кейін Гың Шымин мырза бұл көне шығарманы зерттеуге құлшына кірісті. Соның нәтижесінде 1980 Гарвард университетінен шығарылған «Түрколгия ғылыми журналының» №4 санында «Майтри симиттің» Құмыл нұсқасының екінші тарауы туралы зерттеуін жариялады. 1981 жылы «Әдебиет тарихы» журналының №12 санында «Ежелгі ұйғыр тіліндегі алғашқы Буддалық сахналық шығарма Майтри симитті (Құмыл нұсқасы) зерттеу» атты көлемді мақаласы жарық көрді. 1981-1983 жылдардың аралығында Германияның Бонн университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен кезде, университеттің салыстырмалы дінтану институтының директоры Х.Ж.Клаймкейтпен бірлесе отырып аталмыш қолжазбаны тереңдете зерттейді. Бұл еңбек 1988 жылы «Майтри симиттің алдыңғы бес тарауының зерттелуі» деген атпен Германияда жарық көрді. Сонымен қатар бұл туралы зерттеу еңбектерін түрлі беделді басылымдарда үздіксіз жариялап отырды. Осы саладағы табысты зерттеулері үшін 2000 жылы ғалым «Халықаралық Алтайтану қоғамының» (PIAC) сыйлығымен марапатталды. 2008 жылы Бейжиң қаласындағы Орталық ұлттар университеті баспасынан «Ұйғыр тіліндегі Майтри симиттің Құмыл нұсқасының зерттелуі» атты могографиясы басылып шықты. Бұл монографияда ғалым «Құмыл нұсқасын» негіз ете отырып, оны неміс нұсқасымен толықтырылып, түпнұсқаның латын қарпіндегі транскрипциясын және мәтіннің қытай тіліндегі нұсқасы мен қытайша аудармасын жинақтап жариялаған.Сондай-ақ, ғалымның шәкірттері Исрапыл Юсуп пен Абдухейум Қожа, Долқұн Қамбари 1987 жылы «Көне ұйғыр жазуындағы Майтри симит 1» атты еңбектерін жариялады. Мұнда түпнұсқаның кіріспесі мен 1-4 тарауларының қытайша, ұйғырша аудармасы, факсимилиясы мен транскрипциясы (қазіргі ұйғыр ұлтының XX ғасырдың 60-80 жылдарында қолданған латын әрпіндегі жазуымен) берілген. Өзбек ғалымдары да бұл еңбек жайлы қалам тартты. Өкінішке орай, қазақстандық қазақ ғалымдары бұл ретте соңғы кезге дейін үнсіз қалып келді. Тек 1989 жылы ғана, сол тұстағы жас ғалым Т.З.Қайыркеннің қолжазбаның сөздік қоры мен грамматикалық ерекшеліктерін тіл ғылымы тұрғысынан талдап, қазақ тілімен көптеген ұқсастықтарды бар екенін атап көрсеткен «Майтри симит және оның тілдік ерекшеліктері туралы» мақаласы 1991 жылы «Шынжаң ғылыми мақалалар жинағында» жарияланды.
Қолжазбаның неміс нұсқасы мен Құмыл нұсқасы мазмұны жағынан өзара пайымдас әрі бір-бірін толықтырады деуге болады. Ал мәні жағынан алғанда мұнда пұт танымының Хинаяна мазһабының көзқарасы бейнелегенімен, оның Махаяна мазһабының ықпалына көбірек бейімделгені байқалады. Көлемі жағынан соңғы нұсқасының үлесі басым. Жалпы алғанда, бізге белгілі жәдігерлердің ішінде «Алтын жарық» пен «Шуән заң хазіреттің батысқа сапары» атты екі шығарма ғана онымен шендесе алады.
Бұлардың хатқа түскен дәуірі туралы түрлі болжамдар айтылады. 1957 жылы A. Вон Габайн өзі зерттеген нұсқа (maitrisimit I) бойынша салыстырулар жүргізе келіп: қолжазба IX ғасырда көшірілген, ал аударылуы бұдан ерте жүзеге асқан — деген болжам жасады. Француз ғалымы Ж.Хамильтон (J.Hamilton) A.Вон Габайнның зерттеулері мен Дунхуаңнан табылған хұдам бітік жазуындағы жәдігерлердің көшірілген дәуірін негізге ала отырып, оның жазылған уақыты X ғасыр деген пікір білдірді. Түркия ғалымы Синаси Текин 1961 жылы шыққан A.Вон Габайнның нұсқасына (maitrisimit II) ғылыми зерттеу жүргізе келе, қолжазбаның жазылу мерзімін VIII деп белгіледі. Қытай ғалымы Фың Жияшың өзінің 1962 жылы жарияланған «1959 жылы Құмылдан табылған ұйғыр жазуындағы Будда номы туралы» атты мақаласында: «Ном кітабінің аударылған дәуірі ұйғырлар батысқа ауған 840 жылдан ерте емес, XI ғасырдан кеш емес», — деген тұжырым жасай отырып, X ғасыр мен XI ғасырдың аралығында аударылған деген қортындыға келеді. Көрнекті қытай ғалымы Гың Шымин: қолжазбаның неміс нұсқасы IX-X ғасырда түркі тіліне аударылған, ал Құмыл нұсқасы XI ғасырда, яғни, 1067 жылғы қой жылы көшірілген — деп есептейді. Өзбек ғалымдары Қ.Маһмұтов пен Қ.Садықов шығарма тілінің көнелігіне сүйене келіп, оны IX ғасырдың туындысына жатқызады. Шынжаң мұрағатындағы Құмыл қолжазбасын арнайы зерттеген Исрапыл Юсуп пен Абдухейум Қожа және Долқұн Қамбари көне жәдігерді VIII ғасырдың туындысы ретінде қарастырады.

«Майтри симиттің» жалпы мазмұны

«Майтри симиттің» қолжазба мәтініндегі жалпы жазу үлгісіне қарағанда үш түрлі қолтаңба анық байқалады. Ал бүлінбей сақталған қолжазбада оны екі адамның көшіріп жазғаны баяндалған. Құмыл нұсқасының оныншы тарауының 8b бетінің 10-12 жолдарында: «mn waptsun šäli bitidim (.) užik äksük boltï ärsär kim qutluγ (tïnlγ) oqïsar münämäzün kšanti bolzun – Мен тақуа ер Шәли, (бұл номды) бітірдім. Кемшілік-қателігі болып жатса, (қолжазбаны) оқыған құтты адам жазғырмасын, кешірім етсін», — деп жазылған. Қолжазбаның келесі бетінде екінші бір адамның аты аталады. Мәтін біршама бүлінгендіктен де, оның қай тарау, қайсы бет екені анықталмаған. Онда: «bars yïl ikinti ay yiti otuzqa mn tuγ tsupa äkä bitiyü tägintim — Барыс жылы екінші айдың жиырма жетісінде, мен Тұғ Тсұпа аға жазып тамамдадым», — деп көрсетілген.
Демек, «Майтри симит ном бітік» уағыз кітабінің құмыл нұсқасын көшіріп жазғандар:«Буддалық жолды берік ұстанған, білімдар тақуа ер Шәли мен сыйлы ел ағасы, оқымысты Тұғ Тсұпа аға», — деп қортындылауға болады. Ендеше, көшіріп жазғандар белгілі болса, кім үшін, не үшін көшірілген? Бұл сұрақтың жауабы да дайын. Буддалық мінажат ном кітабін жаздырған адам — Чұұ Тас игән тұтық. Қолжазбаның кіріспе бөлімінің бет ашар бетінде ол туралы:
1. ymä alqatmïš ayqa kösänčig künkä
2. ödrülmiš ädgü ödkä qutlug q(ï)wlïg qoluqa
3. qutlug qoyn yïl ziin üčünč ay
4. iki otuzqa mn üč ärdinigä kirt-
5. günč köngüllüg upasi (čuu) taš ygän
6. tutuq kišim tüzün birlä kin kältä-
7. či maitri burxan-qa tušalïm tip
8. bir maitri süö bäzätdimiz.. bir
9. maitrisimit nomïn ymä
10. bititdimiz.
Қазақша аудармасы:«Және алқаулы айда, армандағы күнде, ерекше кезде, құтты уақытта, құтты қой жылы үшінші айдың жиырма екісінде, мен — (Будданың) үш acылға сенетін, опалы көңілді тақуа ер Чұұ Тас игән тұтық, әйелім Түзүнмен бірге келешек Майтри бұрханға кездесейін деп, бір Майтри бейнесін жасаттық, Майтри симит номын жаздырдық», — деген мәлімет берілген.
Қолжазбаның көп жерінде аталып отыратын бұл адамның, біріншіден, буддалық жолды мықтап ұстанған, діншіл тақуа, адал адам екенін, екіншіден, қолында құқығы бар ықпалды кісі болғанын, үшіншіден, Майтри бұрхан жолына арнап уағыз кітапті жаздырғанын аңғарамыз. Гың Шымин мырза бұл адамның тегі туралы: «Идіқұт хандығына (850-1250 ж.ж) қарасты бір қаланың тұтығы (бегі) әрі осы хандықты билеген Чүй (qu) тектілердің ұрпағы болуы мүмкін», — деген жорамал айтады. Бұндағы «Чұұ» сөзі әулет тегі болуы мүмкін. «Тас игән» – оның лақап аты, ал Тас иген — тасты идірген, яғни, шапағатшыл, мейірімді, құтты немесе баяшатты, мамыржай, бейбіт тірлік иесі (Самарқанның көк тасы еритін күн)», — деген ұғымды білдіреді деп түсінуге болады. «Тұтық» сөзінің төркіні қытай тіліндегі «дуду» (du du) деген сөзден шыққан. Бұл аймақтық әкімшіліктің бас билеушісі, бас биі мағынасын білдіреді. Демек, Тас игән тұтықты — шапағатшыл, мейірімді, құт иесі немесе бейбіт тірлікке жеткізуші бас би деп жорамалдауға болады.
«Майтри симит ном бітік» — буддалық мінажат, уағыз кітабі. Майтри — буддистердің аңсары бойынша келешекте келетін құтқарушы, шапағатшыл Будда (Бұрхан). Симит — санскрит тіліндегі самити (samiti) сөзінен шыққан, кездесу, жолығу, қауышу, ұшырасу деген мағынаны білдіреді. Ном бітік — ном кітабі, буддалық уағыз кітабі. Тарқата айтқанда, «Будда (пұт) дінінің болашақ буддасы — Майтримен жолығуды баяндайтын уағыздық мінажат кітабі». Қолжазба — Кіріспеден және 27 тараудан (пердеден) құралған. Бұл — әуелі де ежелгі үнді топырағында дүниеге келген, будда дінінің қағидасы мен жөн-жосыны туралы аңыздарды арқау еткен, санскрит тілінде жазылған көлемді сахналық шығарма. Кейін санскрит тілінен тохар тіліне, тохар тілінен түркі тіліне аударылған. Аудармашының кім екендігі, қайда туғандығы мәтінде анық көрсетілген. Түркі тіліне аударылған нұсқасында оның сахналық сипаты өзгеріске ұшыраған. Онда оқиға болған жер, кейіпкерлер және олардың диалогтары мен монологтары — оқиға желісіне кіріктіріле баяндалған, оған қоса аудармашы мен уағыз кітабін жаздырған адамның (Чұұ Тас игән тұтық) хал-жағдайынан хабар беретін үзінділер мен кіріспе тарау тыңнан қосылған. Демек, буддалық үнді аңызын өзек еткен сахналық туындыны нәзиралық жолмен жаңғыртып, оқиғалы шығарма ретінде түркі тілінде қайта баяндаған.
Бұл қолжазбаның 1, 3, 10, 12, 16, 20, 23, 25, 27 тарауларының соңында көне үнді (änatkäk) тілінен тохар тіліне, тохар (toxrï) тілінен түркі (türk) тіліне аударушылардың аты-жөндері көрсетілген.
23. alqu šastar nomlarag
24. adartlayu uqtačï waybaš šastarlag noš suwsuš
25. ičmiš aryčantri bodiswt kši ačari änatkäk
26. tilintin toxri tilinčä yaratmïš(.) prtnarakšit
27. kranwaziki türk tilinčä äwirmiš maitrisimit
28. (nom bitig)dä badari bramannïng yagïš yagamaq
29. (atlag baštïnqï) ülüš tükädi(.)
Қазақша аудармасы: Барлық шасатар номдарын айыра ұға білетін, Уайбаш шасатарлық (будда тәпсірінің аты) шәрбәт суын ішуші ұлы ұстаз Аричантри буддсат үнді тілінен тохари тіліне аударма жасады. Пртнаракшит Крануазики түрік тілінше аударма жасады. «Майтри симит ном бітіктегі» «Бадари браманның садақа беруі» атты басқы бөлімі аяқталды.
19. alqu šasatarlarïγ ötkürmïš tüpkärmiš
20. waybaš šastr bošγunmïš aryačintri bodiswt
21. kši ačari änätkäk tilintin toxrï (tilinčä)
22. yaratmïš prtnarakšit karmawažik(toxrï)
23. tilintin türk tilinčä äwirmiš maitrisi-
24. mit nom bitigdä aniruti arxantnïng
25. awadani atlγ üčünč ülüš tükädi(.)
Қазақша аудармасы: Барлық шасатарларды өткеріп, түбіне (жетуші), Уайбаш шасатардан үйренуші ұлы ұстаз Ариячинтри буддсат үнді тілінен тохари тіліне аударма жасады. Пртнаракшит Кармауажик тохар тілінен түрік тілінше аударған «Майтри симит ном бітіктегі» «Анирұти арханттың тәмсілі» атты үшінші бөлімі аяқталды.
Жоғарыда аталған өзге тараулардың соңына ала берілген үзінділердің де мазмұны шамалас. Тек неміс нұсқасынан толықтырылған 27 тарауда: «agnidiš ulušta tuγmïš aryrančntr bodiswt kši ačari änätkäk tilintin toγri tilinčä yaratmïš il balïqda tuγmïš prtyarakšit kši ačari toγri tilintin türk tilinčä äwirmiš… — Қарашаһар ұлысында туылған ұлы ұстаз Ариранчнтр буддсат (бұрхан) әнәткәк (үнді) тілінен тохар тіліне аударды, Ил балықта туған ұлы ұстаз Пртиаракшит тохар тілінен түркі тіліне аударды», — деген мәлімет жазылған. Қарашаһар ұлысында дүниеге келген, будда дінінің білгірі, ұлы ұстаз, үнді тілінен тохар тіліне аударма жасаушы бұл ғұламаның аты мәтін барысында: Аричантри (Aryčantri, бір рет), Ариачинтри (aryačintri, екі рет), Ариачантри (aryačantri, бес рет), Ариачантари (aryačantari, бір рет), Ариранчнтр (aryrančntr, бір рет) — деп аз ғана өзгеріспен бес түрлі хатталған. Бұл жерде назар аударатын мәселе, кіріспе тараудың 12b бетінің 17-21 жолында: «…kim ymä üč solmïda ulušta öngrä baxšïlar boltïlar drmakam bogadati aryačantri ačarida ulatï baxšïlar qutïnga yinčürü yükünür mn — …(мен — Тас игән тұтық) тағы да, Үш Солмы ұлысында ілгеріде ұстаз болған Дрмакам, Боғадати, Ариачантри сынды ұлы ұстаздардың құтына бас иіп, жүгінемін», — деген сөздер бар. Мұндағы «Үш Солмы» деген жер атының нақты орналасқан аймағы туралы мынаны айтуға болады. Мұндай жер атауы «Юән тарихында» және Махмұт Қашқаридың «Түркі тілдер сөздігінде» кездеседі. Демек, «Майтри симиттің» неміс және Құмыл нұсқаларына сүйене отырып: Ариачантри ұстаздың туған жері Қарашаһар ұлысы, ал Үш Солмы ұлысы — осы Қарашаһардың екінші бір атауы немесе соған қарасты әкімшілік өңір — деп жорамалдауға болады.Түркі тіліне аударушы адамның атының жазылуы да біркелкі емес: Пртнаракшит (Prtnarakšit, үш рет), Пратнаракшит (pratnarakšit, бес рет), Пртиаракшит (prtyarakšit, бір рет), бірінші мен үшінші тарауларында Пртнаракшит Крануазики (Prtnarakšit kranwaziki, бірінші тарауда), Пртнаракшит Кармауажик (prtnarakšit karmawažik, үшінші тарауда) деп жазылған. Мұндағы Крануазики немесе Кармауажик дегеніміз — аудармашының лақап аты. Ол санскрит тіліндегі «karmavacaka» — майталман, өз ісіне жетік адам деген сөзден шыққан. Ал аудармашының Пратнаракшит деген атының төркіні санскрит тіліндегі «Prajnarakšita» сөзінен шыққан, мағынасы — білімді қорғаушы, білімпаз демеуші, парасат иесі — дегенді білдіреді.

Еркінжан Сыламхан,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің жанындағы «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының
жетекші ғылыми қызметкері

(217)