Жангүл ИБРАЕВА: Сұлулық — сәнмен киіну емес

Сұлулық пен сымбаттылық — әрбір иманжүзді қазақ қызының бойынан табылады. Осындайда ерекшелеп тұратын сәнді киімің болғаны да жақсы. Өйткені «киіміңе қарап қарсы алатын» қоғамның назарындамыз. Оған қоса, көктем де келді…
Көктем келсе бәйшешек бүр жарады. Көгілдір көктемде нәзік жандар құлпырады. Сәнге айналған киімдерге тапсырыс көбейеді. Ал қарағандылық дизайнер Жангүл СЕРІҚҚЫЗЫ «Сұлулық — сәнмен киіну емес» дейді. Сән әлемінде қазақы, қайталанбайтын бренд қалыптастыруды көздейтін жас дизайнердің оқырманға айтары бар.

— Бүгінгі әйелдердің киім үлгісін ғасыр бұрынғы әйелдермен салыстыра алмаймыз. Өзгерген. Кейбірі үстіне не іліп жүргенін өздері білмейді. Соны жасаған дизайнерлер «Сән әлемін мойындатты» десе марқаямыз. Жалпы, сән қуған жөн бе?
— Сәннің соңына жету мүмкін емес. Мысалы, сән қуам деп, шариғаттың талаптарын орындамайтындар бар. Ойлап қараған адамға, қазақ қызы киген ұлттық киімдеріміз өзінше бір сән ғой. Сондықтан ұлттық нақышты бірінші орынға қоямын. Өйткені, нақышты үлгілер, алдымен, қазақы болмыстан, руханилықтан хабар беріп тұрады.
Ал нәзік жандарға келсек, олар тек үй тіршілігін ғана емес, отбасы, бала тәрбиесі, қызмет, бизнес, көлік жүргізуді де қатар алып жүр. Мысалы, ұлттық киімдерді мемлекеттік қызметте немесе басқа істе киіп жүру — ыңғайсыз. Сондықтан ұлттық нақышқа заманауи белгілер қосқан дұрыс. Коллекциямда ұлттық әрі заманауи кімдер қатар жүреді. Көбінесе, тапсырыспен тігемін.
— Сұраныс болуы үшін жарнама қажет. Қалай жарнамалайсыз?
— Жарнама жасамаймын десем өтірік болар. Өзім үшін де тігіп киетін болғандықтан, тойларда, отырыстарда, сауда орындарында колымнан шыққан киім үлгілерін көргендер өздері қызығушылық танытады. Тапсырыс беру жолдарын сұрайды. Бірде Астанадағы конкурста менің киіміме қызығып, тігіп беруді сұрағандар болған. Қазір ондай киім тапсырыс берген адам екеумізде ғана бар.
Алдағы уақытта киімдерді салып беретін өзіндік белгісі бар арнайы сөмке шығару арқылы жарнамалауды жоспарлап жүрмін. Көшелерге жарнама роликтарын беру де ойда бар.
— Тапсырыс берушілер көбінесе қандай киімдер сұрайды? «Мынау Жангүлдің киімі ғой» дер, қолтаңбаңызды аңғартып тұратын элемент бар ма?
— Әртүрлі. Біреулер классикалық киімдер, көйлек, белдемшелерді қалайды. Кейбір көйлектерді тойларға арнаймын. Жақында полиэтилен пакетінен және дискілерден көйлек тіккенім бар. Тапсырыс берушілер «осылай тігіп берсеңіз» деп суретін әкеледі. Дәл үлгідегідей шықпайтынын жақсы білемін, сондықтан, киім үлгісіне өзім шамалы өзгеріс енгіземін. Жалпы, біреудің үлгісін қайталағанды ұнатпаймын. Оған да тапсырыс берушілер қарсы болмайды. Ерекшелігім — осы болар.
— Жалпы, дизайнерге өзіндік ерекшелік болуы қаншалықты маңызды? Бұл кез келген адам тігінші бола алмайды деген сөз бе?
— Жоқ. Кез келген адам тігінші бола алады. Әрине, қызығушылық пен талпыныс болса.
Оның үстіне тігін дегеніңіз — таза қол еңбегі ғой. Мен кішкентай кезімнен көйлекті пішуге, қазақы ою-өрнек, киімдерге, құрақ көрпелерге қатты қызығатынмын. Әжем тігінмен айналысқан, бертін келе анам да осы жолды жалғастырды. Менде қызығушылық болды. Қазірге дейін анаммен кеңесемін. Бұл істе мен әр оюдың мағынасына терең мән беремін. Бұл — басты қағида.
— Ою демекші, бала кезде қабырға кілемінің оюларын қолмен бастырып жатып, армандап ұйқыға кететінбіз. Сән анасы — Коко Шанельдің жолын армандамайтын дизайнер жоқ шығар. Дизайнер атану да сол балалық арман ба?
— Тігінші болуды армандаған жоқпын. Тек қызығушылық басым болды десем дұрыс. Есейген шақта бұл істің қолымнан келетініне көзім жетті. Сондықтан болашағымды тек осы саламен байланыстырамын. Мысалы, өзіңіз айтап өткендей атақты «Кока Шанельдің ойлап тапқан ең алғашқы киімі — ескі свитерден жасалған көйлек еді. Жұрттың «Мұндай киімді қайдан алдыңыз?» деген сұрағына «Сізге де осындай жасап берейін» деп жауап қатады» екен.
Жеке шеберханамды ашқым келеді. Бизнес-жоспары дайын. Бұйыртса, бір бағыттағы киімдерді тігетін боламын. Бірақ міндетті түрде қазақтың иісі шығып тұратын белгілер болады. Демеуші, қаражат жағын қарастырудамын.
— Айтпақшы, Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасының сайтынан киім үлгілеріңізді көзім шалды. Жыл сайын жас дизайнерлерге демеу көрсетіп, конкурс ұйымдастырады екен ғой?!
— Елбасымыз жыл сайынғы Жолдауларында жастарға қолдау көрсетуді жиі айтады. Осы орайда Қарағанды облыстық кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер қауымдастығы демеушілік жасап, жас дизайнерлер арасында байқаулар жиі ұйымдастырады. Сөйтіп, бізге қолдау көрсетеді. Біз де отандық өнімдер қойылған «Алтын жіп» секілді байқауларға облыстың атынан қатысып жүрміз. Коллекцияларым 2016 жылы «Қайталанбайтын стиль», келесі сайыста «Авангардты стиль» аталымын иеленді. Сондай-ақ «Ұлы дала» жәрмеңкесінде киімдерім түгел сатылып кетті.
— Жалпы, әңгімеден түйгенім «Он саусағынан өнері тамған» дегенді сізге арнап айтуға болатын шығар.
— Мүмкін. Негізгі мамандығым — дінтанушы әрі мәдениеттанушы. Қазіргі таңда ғылыми мақала жазумен айналысып жүрмін. Оның үстіне тігіннен бөлек, тамақтың да түр-түрін жақсы дайындаймын. Күй күмбірі тербелген Мағауия мен ән бұлбұлы Күләш туып-өскен Ақтоғайдан болғандықтан, домбыра шертетінім бар. Компьютерлік бағдарламалармен жұмыс жасауды да жетік меңгердім. Тіл курсына қатысып, марапатқа иеленгенім бар.
— Әңгімеңізге рақмет, қазақстандық fashion-индустрияның көшінде болыңыз!

Сұхбаттасқан — Аяулым Совет

(26)