«Гауһартас» 300 өнерпаздың басын қосты

Облыс орталығындағы Жастар сарайында өткен ІІ республикалық «Гауһартас» фестиваліне 5 облыстан  4 ұлт аспаптары оркестрі мен 5 фольклорлық ансамбль қатысты. 

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған шара Қызылжар өңірінен шыққан батыр, композитор, ақын, қолданбалы өнер шебері, ел арасында Сегіз сері есімімен танылған Мұхамедқанапия Баһрамұлы Шақшақовтың туғанына 200 жыл толуына арналды.
Аталмыш шараға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.
— Сал-серілердің атасы, әнші-композитор, батыр Сегіз сері қазақ даласына кеңінен танымал. Оның композиторлық шеберлігі музыкалық өнеріміздің биік шыңдарының біріне баланады. Халқымыз үшін оның әндері мен күреске толы өмірі — баға жетпес мол мұра. Осымен өңірімізде екінші рет ұйымдастырылып отырған фестивальдің негізгі мақсаты да — Мұхамедқанапия Баһрамұлы Шақшақовтың атын асқақтатып, оның қайталанбас мұрасын келер ұрпаққа жеткізу, өлкеміздің мәдени имиджін көтеру болып табылады, — дей келіп, Мадияр Дүйсенбайұлы өнерпаздарға шығармашылық шабыт пен толағай табыс тіледі.
Фестиваль 300-дей өнерпазды тоғыстырды. Сегіз сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық ұлт аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Қайырлы Ғафуров: «Шығармашылық ұжымдардың осылай өзара бір-бірімен байланыс жасауы, тәжірибе алмасуы, жеткен жетістіктерін жұрт алдында талқыға салуы — фестивальдің басты ерекшелігі болып табылады», — десе, Астана қалалық филормониясының ұлттық музыка ансамблінің жетекшісі Тоғжан Жақин «Аталмыш шараның деңгейі өте жоғары: біз өз елін даңққа бөлеген Сегіз сері сияқты өнерпаз бабаларымызды насихаттаймыз. Олардың әндері дәстүрлі түрде халқымыздың қайталанбас өнерін толықтыра түседі», — деп ағынан жарылды.
Солтүстікқазақстандық әнші Мұхит Ахметовтің айтуына қарағанда, ұлттық әндеріміз бен күйлеріміз түп-тамырларын ұмытпас үшін жас ұрпаққа қажет.
— Соңғы жылдары Сегіз сері шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдар көптеген халық әндерінің жерлесімізге тиесілі екендігін дәлелдеп отыр. Көрермендер сол әндермен осы фестивальде таныса алады, — деді аталмыш шараға алғаш рет қатысып отырған Мұхит Ахметов.
Фестиваль аясында өткен 4 концертте Сегіз серінің «Гауһартас», «Ақбақай», «Алқоңыр» сияқты классикалық әндері шырқалды.

Нұрсайын Шәріп

(8)