Халықаралық кеңесші Елена Садовская: «Қытайдың жұмыс күші қаптап кетті», — деп қара аспанды төндіре беруге болмайды

Аталған мәселеге қатысты Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтында «Қытайдың Қазақстанға бағытталған еңбек және бизнес миграциясы» атты дәріс оқып, жұртшылықтың көкейіндегі сұрақтарға жауап берген Елена Садовская тұшымды ойларымен бөлісті. Ол — Қазақстандағы және Орталық Азиядағы көші-қон және көші-қон саясаты жөніндегі халықаралық кеңесші, Мәскеудегі Көші-қон зерттеулері орталығы жанындағы ТМД елдеріндегі көші-қон бойынша зерттеулер кеңесінің сарапшысы, сондай-ақ түрлі халықаралық ғылыми жобалардың қатысушысы.

«Аспан асты еліне секеммен қараушылық осы алпауыт мемлекет туралы мағлұматымыздың аздығынан, зерттеп-зерделеп отырған институттың жоқтығынан туындап отыр. Ең алдымен Қытай — ірі қаржы доноры. Қытайдың Қазақстанға салған инвестициясы, қолға алған жобалары туралы деректер әртүрлі. Ұлттық банк «15 миллиард доллар» десе, Қытай дереккөздері 50 миллиард деп көрсетеді. Ал шетелдік деректер бойынша, құны 89 миллиард доллар болатын келісім-шарттарға қол қойылыпты. Бұл ақшаның көбі әлі аударылған жоқ. Қытай Қазақстанға әртүрлі салада қаржы доноры ретінде келіп отыр. Ең алдымен — энергетика, транспорт саласында, бұдан басқа ол — маңызды экономикалық серіктес, жұмыс күшінің көзі. Бұл жерде елдік мүдде де маңызды рольге ие. Көлік жолы және темір жол Қазақстан арқылы өтетін болады. Өйткені Қазақстан мен Қытайдың мүддесі сәйкес келеді және бірін-бірі толықтырып тұр. Қытайдың мүддесі неде? Оларға табиғи ресурстар керек. Қытайлар жасыл энергетиканы дамытуға мүдделі. Қытай мен Қазақстан шекарасындағы Жоңғар қақпасында жел энергетикасы жедел дамуы мүмкін. «Жібек жолы» экономикалық белдеуін дамытуда Қазақстанның транзиттік әлеуеті зор. Қазақстан үшін Қытаймен экономикалық ынтымақтастың маңызды тұсы — салынатын «Жібек жолы» Қытайдың Шығыс жағалауына жол ашады. Бұл біздің тауарларымызды Азияның үлкен нарығына шығаруға мүмкіндік береді.
Қытай Ресей, Еуропа одағы және АҚШ сияқты өзге де геосаяси ойыншыларды теңгеріп отырады. Батыстан өзгешелігі, Қытай ешқашан «демократизация, адам құқығы» секілді саяси талаптар қоймайды. Ынтымақтастықты дамытудағы басты мақсат — инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және кадрлармен, жұмысшы күшімен, инженерлермен қамтамасыз ету. Елімізде кадрлар жетіспейді. Жоғары кәсіби білім беру мәселесі де бар. Яғни, бізде гуманитарлық кадрлар жетіп артылады, есесіне инженерлік-техникалық кадрлар жетіспейді. Кәсіби мамандар ғана емес, білікті жұмысшылар да жетіспейді. Сондықтан еңбек миграциясын дамытып, мамандар шақырылып жатыр. Соның ішінде қытай мамандары да бар. Өйткені Қытай — маңызды инвесторлардың бірі. Тағы бір мәселе — еңбек миграциясы. Жалпы, көші-қон факторының бірі — диаспораның болуы. Тарихи тамырластық бар. Көне Жібек Жолы жоғары технологиялық сипатта қайта жаңғырып жатыр. Ең үлкен қазақ диаспорасы шекараның ар жағындағы Шыңжаңда тұрады. Миграцияның жаңа экономикалық сипаты пайда болды, олар — еңбек, бизнес және сауда көші-қоны. Қытайдан келіп жатқандарға қарағанда, Қазақстаннан Қытайға оқуға барып жатқандар көп. Мұны білім көші-қоны деп атайды. 14 мыңнан аса қазақстандық студент Қытайда оқып жатыр. Қытай миграциясына тоқталсақ, келіп жатқандардың бәрі ханзулар емес. Олардың ішінде қазақтар, ұйғырлар, дүнгендер, тіпті орыстар да бар. Көбісі — Шыңжаңнан. Жұмыс күшіне келсек, олардың дені — ханзулар. Бизнес миграцияда ханзулардан бөлек, ұйғырлар, дүнгендер де бар. Сауда миграциясы көп ұлтты. Ал көшіп келіп, тұрақтап жатқандар — негізінен Шыңжаңның қазақтары. Қытай миграциясына қатысты үрей, аңыздар ақпараттың жетіспеушілігінен туындап отыр. Оралмандардың дені Қазақстанның төлқұжатын алмай, Қытайдың төлқұжатын сақтап қалады. Бұл шекарадан өтіп, сауда жасауға, бизнесін дамытуға мүмкіндік береді.
Қазір шетелдіктер арасындағы қытайлық жұмыс күшінің үлесі соңғы 4 жылда 40 пайызға жетіп отыр. Соған қарап: «Қытайдың жұмыс күші қаптап кетті»,— деп, қара аспанды төндіруге болады. Шындығында, жағдай басқаша. Мәселен, Атырауда барлық шетелдік жұмыс күші еңбек жасайтындардың 2 пайызы ғана. Қытай жұмыс күші мамандар жетіспейтін жерде ғана жұмыс істейді. Олар қазақстандық-қытай бірлескен жобаларда еңбек етеді. Қытай жұмыс күшінің еңбек нарығына ықпалы туралы сөз қозғау — асылықтау. Ақпараттың жетіспеушілігі, қорқыныш, үрей, фобиялар шынайы түйткілдерді түсінуге кедергі жасайды. Тағы бір күтпеген жайт, 1,3 миллиард халқы бар Қытай соңғы он жыл ішінде бірте-бірте иммиграция еліне айналып барады. Демографияны шектеу саясатының салдарынан, 2050 жылға қарай Қытайдағы қарттардың саны 300 миллионға жетеді екен. Ал жастардың саны мұнымен салыстырғанда өте аз. Осыдан бірнеше жыл бұрын олар демографиялық саясатын өзгертті. Бұдан былай қытай өз халқын шетелге жібермей, керісінше, адамдарды өзіне тарта бастайды. Елімізде бірлескен қытай-қазақ компаниялары саусақпен санарлық қана. Олардың бәрі ірі салық төлеушілерге жатады. Мәселен, «СNРС – Ақтөбемұнайгаз» 50 ірі салық төлеушілердің ішінде 5-ші орында. Бюджетке миллиондап, миллиардтап салық төлеп отыр. Қытай компаниялары экономикалық қызметпен ғана айналысып, белгілі бір саланы дамытып қана қоймай, корпоративтік- әлеуметтік жауапкершілік саясатын ұстанып отыр. Оның ішінде, жергілікті бизнеске қолдау көрсету де бар. Олар жолдарды жөндеп, шалғай аудандарға коммуникация, арзан газ тартып жатыр. Мәдени, спорттық шараларды ұйымдастыруда. Кадрларын қайта оқытып, біліктілігін көтеруде. Қызметкерлерін Қытайда, Ресейде, Қазақстанның өзінде де оқытып жатыр. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытына қытайлар1 млрд. 130 млн. доллар қаржы салып, 115 жергілікті тұрғынды Қытайға оқуға жіберді. Бұл — шыны керек, үлкен көмек. «Мемлекеттік шенеуніктер мен қоғам белсенділері Қытай көші-қонына қалай қарайды?»— деуге келсек, бір жағынан алып қарағанда, бұл — қашып құтыла алмайтын нәрсе. Қытай көші-қоны негізінен дамыған Шығыс өңірлерге немесе батысқа бағытталған. Мен осы дәрісті шенеуніктердің тыңдағанын қалар едім. Қытай Қазақстанға қалай кіріп жатыр? Бізге қандай көші-қон керек? Оны қалай рәсімдеп, реттеуге болады? Мамандардың келуіне жасанды түрде кедергі жасағанша, осындай нақты түйткілдерді шешкен жөн.

Ермек Сахариев

(11)