«Сауда-саттық соғысы Америкаға тиімді» деген Трамп неге сүйеніп отыр?

Әлем жұртшылығы енді мұның арты неге апарып соғарына болжам жасаумен әуре-сарсанға түсуде. Айтса айтқандай-ақ бар. Сөзі мен ісі бір арнадан табылмайтын Д.Трамптың күнде бір сенсация жасамаса ұйқысы қашатын сияқты.

Жақында ол Қытайға сауда-саттық «соғысын» жариялап, аспан асты елінен мұхит артында жатқан өз еліне келетін болат, машина жасау, коммуникациялық техникалар, аэроғарыштық салалар өнімдеріне салықты 25 пайызға көтеру және ұлттық қауіпсіздікті қорғау мақсатында қытайлық инвестицияның АҚШ-қа салынуына шектеу қоюға байланысты шешімге қол қойған болатын. Бұдан кімнің ұтып, кімнің ұтылатынына келсек, біраз жәйттің басын ашуға тура келеді. Сөйтсек, Трамп Қытайды сауда-саттықта аярлыққа барып отыр деп айыптайды екен.

Соның мысалына осы Қытайда жұмыс істеп жатқан американдық компаниялардың өздерінің технологияларын жергілікті серіктестеріне (яғни қытайлықтарға) беретіндігін, келісім мерзімі аяқталғаннан кейін оны қайтарып алу, иә өз құқығыңды қорғау мүмкін болмайтындығын келтіріп, осылайша Қытай АҚШ-ты тапа-тал түсте «тонап» жатыр деп байбалам салыпты. Сөйтіп, бүркіт тұяғын кезеп сес көрсетсе, айдаһар да қарап қалмай, ақсиған тісін көрсетіп, қос ел бір-біріне дөңайбат көрсетуді жалғастыруда. Ал статистикаға жүгінсек, АҚШ жыл сайын Қытайға құны 150 миллард доллар тұратын тауарлар экспорттайды. Қытайдың АҚШ-қа экспортының көлемі 500 миллард доллар көлемінде. Соңғы 15 жыл ішінде Бейжіңнің АҚШ-қа тауарлар қою мен қызмет көрсету көлемі 270 пайызға артқан. Ендеше, Вашингтонның Қытайға қарсы сауда-саттық санкциясы аспан асты елінің экономикасын бар болғаны 0,2 пайызға ғана тежей алуы мүмкін. Қытай айдаһары қарсы әрекетке барса, оның салдары өте ауыр болуы ғажап емес. Ол көп күттірген де жоқ. Сәуір айының басында Бейжің АҚШ-тан осы елге келетін 128 тауарға салынатын баж салығын 25 пайызға көтеретінін мәлімдеді. АҚШ-қа әсіресе шошқа етіне деген шектеу ауыр соққы болып тиері анық. Өйткені аспан асты елі жыл сайын АҚШ-тан құны 14 миллард доллар тұратын 90 миллион тоннаға жуық доңыз етін сатып алады. Жақында кәсіпорындарды шетелдерде дамыту жөніндегі Қытай ассоциациясының бас хатшысы Хэ Чженьвэй: «Біз енді осы доңыз етін қайдан сатып алуға болатынын ойластыратын боламыз»,— деп мәлімдеді. АҚШ фермерлерінің президенттерінің мұндай әрекетінен кейін оны қолдарынан келсе тірідей жеп қоюға дайын болары сөзсіз. Себебі Boeing компаниясының Қытаймен келісімі 38 миллиард долларды құрайды. Егер Бейжің өзінің қызығушылық назарын еуропалық Airbusқа аударса, одан кімнің ұтылатыны белгілі болса керек. Сондай-ақ Apple өнімдерінің барлығы дерлік американдық тауар. Әлемдік гигант — айфондарды шығарудың барлық өндірістері Қытайда шоғырланған. Ал Ақ үй мұны естен шығарып алған сынды.

Біздің елімізге салдары қандай болмақ?

«Қос ел арасындағы сауда-саттық соғысы Қазақстанға қалай әсер етеді?»— деген сауалға макроэкономикалық зерттеулер Орталығының директоры Олжас Худайбергенов: «Мұндай қос алпауыт елдер арасындағы текетірес басқа елдерде протекционизмнің өршуіне жол ашады. Шындығында, бұл процесс 2008 жылдан бері жүріп келеді. Ол тек бүгіндері ғана мінберден ресми түрде жария етілді. Аталмыш әрекет сауда-саттықтың бірте-бірте құлдырауына, өңірлік сауда аймақтарын жаһандандыру мен оларды құруды кейінге шегеруге әкеліп соқтырады. Қысқа мерзімде бұдан Қазақстан аз-мұз болса да ұтуы мүмкін. Ал ұзақ мерзімдік кезеңде біз әлгіндей сауда аймақтарының бірінен табыларымыз анық. Ал бұл — бізге маневр жасауға кеңістік қалмайды дегенді білдіреді. Біз осы аймақтағы «бас» елге тәуелді боламыз. Жалпылай алсақ, қос ел арасындағы текетірес шикізатқа деген бағаны төмендетуге әкеліп соғуы мүмкін, ал, ол өз кезегінде біздің экспорттық табысымызды азайтады. Шын мәнінде алып елдер шайқасқанда, қашан да шағын елдер зардап шегеді. Рас, АҚШ-тың сес көрсетуінен кейін Қытай АҚШ-тан келетін ауыл шаруашылығы өнімдерін қоятын балама орындар табу үшін өз инвестициясын жедел түрде Қазақстанға сала бастайды деу асылық болар еді. Себебі онда өз жұмыс күші мен ақша жеткілікті.
Рас, қытайлықтар ұзақ ойланғанмен, тез шешімге келеді. Соның мысалы — Африка. Бейжің өз капиталын сонда орналастырып, енді содан табыс тауып отыр. Бірақ Қытай зәуде бір келетін болса, Қазақстанға өз жобаларымен келеді, айталық, өсімдік шаруашылығына бір жылдан кейін, машина жасау саласына 5-6 жылдан кейін дегендей. Бұл қатардағы қазақстандықтардың қалтасына қандай салмақ саларын болжау қиындау. Егер ол жақтан инвестиция түсіп жатса, мазасыздануға негіз жоқ, олай болмаса, мықтап ойлануға тура келеді»,— десе, кәнігі шетелдік сарапшылар: «Трамп: «Сауда-саттық соғысы — Америка үшін тиімді, өйткені онда жеңіске жету жеңіл»,— дейді астамсып. Бірақ бұл соғыста жекелеген елдердің экономикасы емес, бүкіл әлемдік экономика жеңіліске ұшырайды, әсіресе, қаржы жағынан. Бұл үшін олигархтар Трампты басынан сипай қоймасы кәміл. Америка шүмектетіп тер төгетін еңбекті көп талап етілетін өндірістердегі өзінің бәсекелестік артықшылығын баяғыда жоғалтқан. Өйткені янкилер оларды жұмыс күші арзан елдерге аударған. Қазіргі әрекеті арқылы Трамп тұтыну тауарларының қымбаттауына ықпал етеді. Бұл жағдайда Бейжің күллі әлемдегі еркін сауданың қорғаушысы ролін атқарады. Вашингтонға Қытаймен сыртқы сауда зәрулігі 375 миллиард доллардан кем болса да өте ауыр соғады. Си Цзиньпиннің «АҚШ-та шығарылған автокөліктерге импорттық баж салығын төмендетеміз, американдық фирмаларға кеме және авиажасау саласындағы БК-ларда үлкен үлесі болуына рұқсат береміз»,— деген уәдесіне сеніп қалуға болмайды. Бұл оның шын ниеті емес, қарсыласын келіссөзге шақыру. Себебі егер Ақ үй бұл ұсыныстан бас тартса, бұдан да сұмдық оқиға орын алады: онда Американың мемлекеттік қарыздарын сату басталады»,— деген пікірді алға тартады. Базбір американдық сарапшылар Цзиньпин осы әрекеті арқылы шиеленісті доғарып, уақыт оздыру арқылы жаппай сауда-саттық соғысына жол бермеуді көздейді деген болжам жасайды. Бар мәселе: «Вашингтон қанша ұзақ күте алады, анығы — шыдамсыз Трамп?»— деуге келіп саяды.
Мамыр айының орта шенінде Трамп осы мәселені ірі американдық корпорациялардың қожайындарымен талқылауы тиіс. Олардың өз табыстарынан айрылуға ниетті емес екенін ескерсек, Трамп амалсыздан райынан қайтып, оқиға «құда да тыныш, құдағи да тыныш» күйінде аяқталу мүмкін. Лайым, солай болсын деп тілейік.

Ермек Сахариев

 

(25)