Сайын Назарбекұлы: Өтірік айтпайтын екі кісі болса, біреуі — Әбіш

Маңғыстауда Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Н.Назарбаевтың еңбектерін оқып, үйрену», «Әбіштану», «Шәрелхантану» кабинеттері ашылып, мектеп оқушыларының мүйізі қарағайдай арыстардың өмір тарихтары мен шығармашылықтары, қызмет жолдарымен кеңінен танысуларына жағдай жасалды. Дәулет ауылында табиғат анаға көрік берер сәнді субұрқақ, әдемі ағаш үйлер орнатылып, оның мектебінің іші бұрынғысынан да құлпыра түскен.


Айтулы кешке Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың жары Клара Жұмабаева, педагог, ақын Шәрелхан Әленовтың жары Күнайым Хамитова және Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Сағын Қырымқұлов арнайы шақырылып «Ұлылар ұлағаты» алаңының лентасын бірлесе қиды.
«Әбіштану» кабинетіне бастап барған мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мақсат Ағылаев қабырғаға жабыстырылған Әбіш суреттерінің НР Reveal бағдарламасы арқылы сөйлейтінін, кітаптары QR code бағдарламасы арқылы оқылатынын, ол үшін ұялы телефоныңызға осы бағдарламаларды қондыруыңыз қажет екендігін түсіндірді. Заман талабына сай, жастардың білім алуына ыңғайлы түрде жасақталған бұл кабинетте заңғар қаламгердің асыл жары мен дос-жараңдары, өткен күндерден естеліктер айтып, емен-жарқын әңгімелесті. Біз де Әбіш Кекілбаевпен тел өскен досы, замандасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайын Назарбековпен аз-кем сұхбаттасқан едік.
— Әбіш әлемі бізден гөрі сізге көбірек таныс. Бозбала шақтан бірге жүрдіңіз. Оны қай қырынан еске аласыз?
— Әбіш туралы сөйлеген уақытта кез келген кісінің ойына оның данышпандығы, өнері, кемеңгерлік қасиеттері келуі мүмкін. 15 жасымнан 75 жасыма дейін, 60 жыл бірге жүрген жолдасым есебінде Әбіш деген атты естіген кезде, егер бұл дүниеде ӨТІРІК АЙТПАЙТЫН екі кісі болса, біреуі — Әбіш, жалғыз кісі болса, ол да Әбіш дер едім. Егер біреуге ЖАМАНДЫҚ ОЙЛАМАЙТЫН екі кісі болса, біреуі — Әбіш, жалғыз кісі болса, ол да Әбіш деймін. Әбіштің бойындағы өнері, Әбіштің бойындағы дарыны оқудан, үйренуден, ата-бабадан жұқты дегенде мен көп келісе бермеймін. Әйгілі жазушының туа біткен таланты біздің қазақ халқына, әсіресе Маңғыстауға, адайларға берген Алла Тағаланың сыйы. Хақ Тағала әр уақытта, әр ғасырларда, әр жерлерде қоғамның өсуі, өркендеуі үшін, адам баласы санасының жетілуі үшін өздерінің кемеңгерлерін беріп тұрады. Мысалы, бір кездері орыстарға Пушкинді, Менделеевті бергені сияқты, біздің қазақтарға да мысалы, Абайды берді. Алаштың арыстарын берді. Соларға жалғаса, келесі бір кезек лебіне келген Алла Тағаланың сыйы Әбіш Кекілбаев деп ойлаймын. Оның достыққа, сағынышқа толы жүрегін кейбіреулер түсінбеген де шығар. Себебі ол ондайды көрсетпейтін, байқатпайтын.
Өзенде жұмыс істеп жүрген кезім. «Ауылға Әбіш келді» дегенді естіп, Оңдыға бардым. Ағасы Мұқырдың үйінде екен. Екеуміз сыртқа шығып, сөйлесіп тұрмыз. Күн батуға таяған уақыт еді. Анадай төбенің басында 5-6 кісі отыр екен. Әбекең:
— Сайын, қарашы аналарға, — деді. Қарадым.
— Бұлар кімдер екен? — деп едім,
— Кімдер болсын. Менің жолдастарым-дағы. Олар ауылдық түсінікпен. Мен олардың үйіне кіріп, әрқайсысына амандасуым керек. Сонда ғана олар өздерінің достық сезімін білдіріп, қуанышында шек болмас еді. Ал менің ондайға уақытым жоқ екенін олар ойламайды да, — деді. Мұнысымен ол бала күнгі достарын сағынатынын, сөйлескісі келетінін, бірақ қоғамдық жағдай оған мүмкіндік бермейтінін айтқысы келді.
Біз алыста жүрдік, Алматыда. Туған жерімізді сағынамыз. Оңаша кездескенде Маңғыстау туралы, замандастарымыз жайлы сыр шертісеміз. Сонда талай адамдардың аттарын айтып, достарын сағынып отырады. Ол жолдастарын ешқашан ұмытқан емес.
— Екеуіңіз түйдей құрдас болдыңыздар ма?
— Әбіш менен 1 жыл 27 күн үлкен. Тартыншақтау, ұяңшақтау мінезімнен болуы керек, көпшілік ортасында Әбіштің қасында тұру, соған жақындап жүру не болмаса сол туралы сұрамаса сөйлеу деген қасиеттер жоқ менде. Мысалы, кез келген біреулер бір-екі көріп, қасынан шықпай дос болып, тіл табысып жатады. Ал мен өмір бойы бірге жүрсем де, өзім түсірген жалғыз-жарым суреттен басқа суреттерге де ілікпеппін. Себебі мен шеттеу тұратынмын. Салыстырып қарайтынмын. Әбіштің деңгейі қандай? Ол Алатаудың басында тұрса, мен ала төмпектің басында тұрғандай сезінетінмін.
Тағы да көзге түсуге ұмтылмайтын, орынсыз жерге жабыспайтын қасиетімнен ғой. Әбекеңнің өмірін зайыбы Кларадан артық білемін демесем де, өзінің шаңырағынан басқа сырт кісілердің ішінде ең көп білетін адам өзім деп ойлаймын. Бұл кісі — терең ойдың кісісі. Бірде жаңа жыл қарсаңында телефон соқты маған.
— Ай, Әбеке, Клараға айтсаңшы, біздерді жаңа жылға қонаққа шақырсын, — дедім.
— Еее, немене болып қалды, неге шақыруы керек? — деді.
— Сізге аздап ақыл айтайын деп едім, — дедім. Сонда Әбекең: «Шырағым, шай ішкің келсе мархабат, бірақ мен бұл өмірде ешкімнен ақыл да сұрамай, ақша да сұрамай өмір сүрейін деп едім», — деді. Тапқыр ғой.


Менің өмірімнің әрбір жаңа баспалдағының басында Әбіш тұрды. Мысалы, ең алғаш мектепте қоғамдық жұмыспен айналысуыма септік етті. Себебі Әбіш 9-сыныпта оқып жүргенде дружина советінің председателі болды да, мені 5-сыныпқа отряд жетекшісі етіп тағайындады. Болашақ тұлғаның қалыптасуы, адаммен қарым-қатынас жасауы мектептен басталады емес пе?
50 жасымда алғаш рет өлең жаза бастадым. Ол жағы қызық болды. 17 ақпан зайыбымның туған күні. Жыл сайын Хантөренің туған күнінде Әбіш отбасымен міндетті түрде біздің үйге келеді.
1987 жылдың 17 ақпаны. Үйге кешігіп келдім. Әбекең үйде екен. Ол маған «Назарбеков» деп сөйлейтін.
─ Әй, Назарбеков, қайда жүрсің? Біздің қайтатын уақытымыз болды ғой, — деді.
─ Әй, Әбеке, ғафу етіңіз, мен мына Хантөреге өлең жазамын деп, әрі-бері шығара алмай, алтын уақытым сарып болды, — дедім.
— Ал, оқышы, — деді. Оқыдым.
— Әй, сен ақын екенсің ғой, — деп арқамнан қақты. Содан бастап мен жасырын өлең жаза бастадым. Менің ақындығымның басында Әбіш тұр дейтінім сол.
Қызды-қыздымен бір дәптер өлең жазып, бір күні оқытайыншы деп Әбекеңе келдім. Кабинетінде отырып оқыды да, менің өлеңдерімнің буын саны, ұйқасы, теорияға сәйкес келмейтін жерлері көп екен.
— Өлеңді былай жазады, — деп, қарындашпен төрт жол өлеңнің екі-үшеуін жазып, қалай ұйқасады, қалай буындары келеді, қалай аталады, үйретіп шықты. Сол шыжбайлардың үстіне «Менің университетім» деп бажырайтып жазып, астына қол қойып, қазір ең қымбат дүнием ретінде сақтаулы тұр.
— Онда сәулетшілік өнеріңіздің басында да Әбіш тұрған болар?
— Мұның рас. Себебі 1991 жылы Әбіш Павлодар-Баянауылдан депутаттыққа өтіп, сол жақта сапарлап жүргенде «Біздің өлкенің қай жерін көргіңіз келеді?» дегендерге «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың бейіт басына апарсаңдаршы», — депті. Өйткені марқұм келесі жылы 100 жасқа толады екен. Сөйтіп, уәделескендер халық қалаулысын С.Торайғыровтың басына алып келеді. Келсе, бар-жоғы 27 жыл өмір сүрген атақты ақын, «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам! Қараңғылықтың көгіне, Күн болмағанда, кім болам? — деп жүрген кісінің басында екі-ақ түйір тастан өзге ешнәрсе жоқ екен. Бұл Әбекеңнің жүрегіне батып, келесі жылға дейін әдемі күмбез тұрғызуға ниеттеніпті. Сол мақсатта бір күні мені телефон соғып шақырып алды. Шай ішіп отырған кезде, «Сен әкеңнің басына күмбез тұрғыздың ғой, керемет әдемі боп шықты. Енді сондай бір күмбезді С.Торайғыровтың басына тұрғызып бер», — деді. Келістім. Қыс бойы тасын тасып, жазда дайын қылдым. Содан кейін менің шеберлік атағым шыға бастады. Бірақ одан бұрын Маңғыстауда Абыл ақын, Досан батырлардың күмбездерін тұрғызғанмын. Сонсоң Абай кесенесін салуға ілесіп кеттім.
Сөйтіп жүргенде драматург атағым шыға бастады. Бір күні Әбішке драматург болғанымды айтып мақтандым. Әбіш күлді де: «Сенің бойыңда өнерің көп, не болам десең, сол бола аласың, тек биші болам деп ойлама», — деп күлкіге қарық қылды.
— «Университетіңіздің» арқасында бірталай өлең жазып тастапсыз ғой.
— Құдайға тәубе. 1987 жылы екі өлең, 1988 жылы 2-3 өлең жазыппын. Негізі, 1991 жылдан бастап ұйқас жасауды үдете түстім. Себебі сол жылдары өңештің қылтамағы боп қатты ауырып қалдым. Өңешімді алып тастады. Үйде отыратын болдым. Барлық уайым-қайғыдан өлең құтқарып шықты. Күні-түні өлең жазумен айналысамын. Ауруға ұшыраған мені үкімет екінші топтағы мүгедектікке шығарып тастады. Содан бері қалаған ісімді істеп келе жатырмын. «Сайын егемен ел құрылғаннан кейін бір қолына қалам алып, бір қолына қалақ алып іске кірісті», — деп Әбіш айтпақшы, менің мойнымда қоғамның шаруасы болған жоқ.
— Әңгімеңізге рақмет. Сау болыңыз. Аман жүріңіз.

Әсел Таңатарова

(19)