Ресейлік «тылдағы жеңіс» автошеруі Қызылжарға неге келді?

Фашистік Германияны жеңуге Қызыл Армия жауынгерлері, партизандар мен астыртын ұйым мүшелері ғана емес, тылдағы еңбеккерлер де жанқиярлық еңбегімен зор үлес қосқаны тарихи шындық. Олар майданды қару-жарақпен, дәрі-дәрмекпен, киім-кешекпен, азық-түлікпен қамтамасыз етті.


Майдан шебінен Шығыс өңірлерге көшірілген зауыттар тез арада іске қосылып, жеңіс үшін қажеттілердің барлығын жасауға кірісті. Батыстан қоныс аударған әйелдер мен қарттар, балалар тылда пана тапты. Әскери госпитальдар да тылға орналасты. Батыста қанды шайқас жүріп жатқан кезде тылдағы адамдар күн-түн демей, майдан үшін барлық жұмысты атқарды.


Тарихи деректерге жүгінетін болсақ, Қазақстан мен Орал федералдық округінінің аумақтарына Батыстың ең ірі өнеркәсіп кәсіпорындары, Ташкент пен Бішкекке 70-тен астам балалар үйлері көшірілді, тылға 11 миллионнан астам адам қоныс аударды. Тек Ханты-Манси округіндегі консерві зауытында 1 мыңнан астам адам жұмыс істеді, оның 80%-ы әйелдер.
Осы тарихи шындықты көрсету мақсатында Ресейдің Ханты-Манси автономды округіндегі Югорск қаласының жастар парламенті мен «Югорскінің жас журналистері» өңірлік қоғамдық ұйымы «Тылдағы жеңіс» автошеруін ұйымдастырып отыр.
Автоколоннаның құрамында 5 ГАЗ М-20 «Победа» автомобилі бар. Шеру округтің 8, Түмен облысының 2, Қорған облысының 1 қаласын басып өтіп, Қазақстанның Петропавл, Көкшетау, Астана, Қарағанды, Балқаш, Алматы қалаларына аялдауды, сосын сапарларын Қырғызстан мен Өзбекстанда жалғастыруды мақсат етеді. Экспедиция 8-9 мамыр кезінде Ханты-Мансийск қаласына қайтып оралмақ.


Сапар барысында шеруге қатысушылар ардагерлермен және тыл еңбеккерлерімен кездеспек, соғыс кезінде көшірілген кәсіпорындарда болмақ, нақты оқиғаларға негізделген спектакль көрсетпек, 2012-2017 жылдардағы медиа-экспедицияның фото және бейне материалдарымен таныстырмақ.
Қызылжар — медиа-экспедиция аялдаған Қазақстанның бірінші қаласы болды. Бес «Победа» автокөлігінің төртеуі экспедиция өтетін елдердің ұлттық түсіне, біреуі бастамашы болып отырған Югорск қаласының түсіне боялған екен.
Экспедицияның 30-ға тарта мүшесі облыс орталығындағы «Мәңгілік алау» мемориалына, 314-атқыштар дивизиясы мен Жеңіс ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.
Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында ардагерлермен және тыл еңбеккерлерімен өткен кездесуде халықаралық медиа-экспедицияның жетекшісі, Ханты-Манси автономды округі Думасының Жастар Парламенті өкілі Николай Заболотнев:
— Өзіміз болған қалаларда тұратын ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, соғыс кезінде көшірілген және майдан мұқтажы үшін жұмыс істеген кәсіпорындар жайлы материалдар жинаймыз. Содан кейін жиналған ақпараттарды өңдеп, жастар үшін арнайы әлеуметтік желілерге орналастырамыз. Біздің мақсатымыз — Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан жастарымен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнату, соғыс ардагерлеріне лайықты құрмет көрсету және қиындықпен келген Жеңісті ұмытпау, — дей келіп, жылы ықыласпен қарсы алған солтүстікқазақстандықтарға ризашылығын білдірді.
Кездесудің соңында Жастар Парламентінің өкілдері мен қызылжарлық жастар өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Нұрсайын Шәріп

(4)