Министр Абаевтың айтқаны орындалар болса…

ҚР Ақпарат жəне коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің бұйрығымен БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уәкілетті тұлға (бөлімше) туралы үлгілік ережені бекітті. Бұл құжат еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрді. Онда баспасөз хатшысының немесе баспасөз қызметінің мақсаты, функциялары, құқықтары мен міндеттері қамтылған.

Бұйрықта баспасөз хатшысы пайдаланушыларға мемлекеттік органның құзыретіне, сондай-ақ оның қызметіне жататын мəселелер бойынша анық жəне қажетті ақпарат беретіні, БАҚ-қа сұхбаттар, түсіндірмелер, жарияланымдар əзірлеуге жəрдемдесетіні, журналистерді уақытша немесе тұрақты аккредиттеуден өткізетіні, сондай-ақ оларға мемлекеттік органның құзыретіне жататын мəселелер бойынша ақпаратты неғұрлым толық жəне кеңінен тарату үшін көмектескені жазылған. Баспасөз хатшысы немесе баспасөз қызметі лауазымды адамдардың БАҚ өкілдерімен баспасөз конференцияларын, брифингтерін, сұхбаттары мен кездесулерін ұйымдастырады. Сонымен қатар олар интернет-ресурстың қызметін жаңғырту жəне жаңа технологияларды енгізу мəселелері бойынша ұсыныстарды əзірлеуі тиіс. Сонымен қатар баспасөз хатшылары ақпараттарды пайдаланушылардан келіп түсетін сауалдарға уақтылы жауаптар дайындауы керек. Сонымен қатар баспасөз хатшысы пайдаланушылардан келіп түскен сауалдарға жауап беру үшін қажетті ақпаратты құрылымдық бөлімшелерден сұратуға, интернет-ресурстың қызметін техникалық қамтамасыз ету мақсатында ақпараттандыру саласындағы сарапшыларды тартуға, біліктілікті арттыру курстарынан өтуге құқылы. Бұған қоса, БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі уəкілетті тұлға медиакеңістікте қоғамның теріс пікіріне əкелетін ақпарат анықталған жағдайда мемлекеттік органның бірінші басшысын уақтылы хабардар етуге міндетті.
Бекітілген бұйрықтың ішінара мазмұндары қазірге дейін атқарылып келген заң талаптарымен үндесіп жатқандығын байқау қиын емес. Дейтұрғанмен «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болып есептелетін бұқаралық ақпарат құралдарының әлеуметтік жағдайы қиындап бара жатқандығы, жоғары жақтағыларды қаншалық ойландырып отырғандығын құдай білсін? Аталған ереженің жалпы мәтіні «жұтынып» тұрғанымен, мемлекеттік органдардың баспасөз беттерінде көтерілген мәселелерге лайықты көңіл бөліп уақтылы жауап қатып отыру мәселесі көңілді көншітпей отырғаны жасырын емес. Осы ережені шығарып отырған Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің өзіне журналистер тарапынан қойылған сауалдар мен күрмеуі қиын, қалтарысы көп мәселелер төңірегіндегі материалдарға өз деңгейінде жауап қатып көңіл бөлмейтіндігі туралы әлеуметтік желілерде наразылықтар жиі байқалып жатады. Соның бір шағын ғана мысалы, өткенде журналист Тоқтар Жақаш мырза өзінің фейсбуг парақшасында Дәурен Абаев мырзаға жолдаған сауалына (министрліктің электронды хат сандығына да жолдаған) неше апта өтсе де жауап ала алмай жатқандығын жария етті. Көтеріп отырған мәселесі анау-мынау емес, қомақты қаражатты «игеріп» отырған порталдар төңірегінде. Содан бері қандай жауап болғаны немесе мемлекеттік мекемелердің «атқа қонғандығы» туралы нақты хабарларды өз басым естіген емеспін. Әрине, шағын мақаламызда еліміздегі аса маңызды әрі нәзік сала есептелетін, өзіміз де дәргейіне бас ұрып отырған ҚР Ақпарат жəне коммуникациялар министрімен ищайласпаймыз. Сонымен қоса мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларының БАҚ-тарда көтерілген маңызды мәселелерге де өз деңгейінде көңіл бөліп, мәселені шешу жолдарын қарастыру төңірегіндегі жауапкершіліктері туралы ережелерді әлі де «жетілдіріңкіреп» жіберсе деген ұсынысымызды айтқымыз келеді. Жаңадан бекітіліп жатқан ереже талапқа сай атқарылып, БАҚ пен билік арасы қауыша түссе, сөйтіп халық үні діттеген жеріне жетіп жатса, осы ережені енгізіп отырған Абаев мырзаға алғыстан басқа айтарымыз болмас еді.

Ерқазы Сейтқали

 

(7)