Иек астындағы майдан арыламын десеңіз…

Иек астына біткен май көбіне семіздіктен пайда болатын жағымсыз көрініс. Бірақ бұл көрініс тұқым қуалау арқылы да, адамның жасына байланысты тері өзгерулерінен де және ең бастысы салауатты өмір салтын сақтамағандықтан да пайда болып жатады. Сол себепті кейбір артық салмағы жоқ адамдарда да иек астына май жиналатыны рас. Қандай жағдай болмасын ең бастысы иек астынан төмен салбыраған май адамды көріксіз етіп, келбетін бұзары анық. Сол үшін оның алдын алу қажет, ал пайда болған майды кетіруге тырысқан абзал.
Иек асты майымен күресудің ең тиімді әдістерінің бірі — бет жаттығулары. Көп уақытты талап етпейтін беттің төменгі бұлшық еттеріне арналған мұндай жаттығулар беттегі қанайналымды жақсартып, бет бұлшық еттерін қатаюына септігі тиеді және бет терісін жұмсартуға пайдасы мол.
«Кітаппен серуен» жаттығуы. Төбеңізге салмағы бар қалыңдау кітап қойып он минуттай жүріңіз. Басыңыздан кітапты түсіріп алмауға тырысыңыз. Бұл жаттығудың пайдасы да сол әрекетте. Иекті бір қалыпты жоғары көтеріп тұру майдың кетуіне ықпал етеді.
Тілмен жаттығу. Үй жағдайында иек асты майын кетіруге өз тіліңіздің тигізер пайдасы мол. Ол үшін тіліңізді барынша шығарып ұшын мұрныңызға жеткізуге тырысыңыз да, кейін иектің ең төменгі нүктесіне созыңыз. Осы әрекетті бірнеше рет қайталағаннан кейін тіліңізбен ауаға сегіз санын жазыңыз.
Ерінмен жаттығу. Басты шалқайта ұстаған қалыпта астыңғы ерніңізді барынша жоғары көтеріп 30 секундтай ұстаңыз. Содан кейін сол төменгі ерінді төменге түсіріңіз. Сондай-ақ өзіңізге естірте и және у әріптерін кезек-кезек қайталау да иек асты майын кетіруге септігі тиеді.
Жұдырықпен жаттығу. Жұдырығыңызды түйіп иек астына тіреңіз. Жұдырыққа иекті серпи аузыңызды ашыңыз. Кейін бас бармағыңызбен иегіңіздің астын баса отырып, тіліңізді төмен қарай қаттырақ шығаруға тырысыңыз.
Жатып жасалатын жаттығу. Бұл жаттығуды орындау үшін тегіс жерге екі қолды желкеге қойып шалқалай жатыңыз да, басыңызды көтеріп өз аяғыңыздың ұшына қараңыз. Жаттығу жақсы нәтиже беруі үшін денеңіздің барлық жерін тырыстыра ұстап, барынша ұзақ тұруға тырысыңыз. Кемінде 10 рет қайталаңыз.
Саусақтарыңызды бір-біріне бекіте желкеңізден ұстап, басыңызды күштеп артқа лақтыруға тырысыңыз. Алайда қолдарыңызбен оған қарама-қарсы күш көрсетіңіз. Басыңызды қимылдатпай, ал мойын бұлшық еттеріне мейлінше күш жұмсаңыз. Осы қалыпта денені 5 секунд ұстап, кейін мойыныңызды босаңсытыңыз. Жаттығуды 10-15 рет қайталау керек.
«Керік» жаттығуы. Екі қолдың саусақ ұштарымен иықты төмен басып тұратындай етіп тигізіп тұрыңыз. Терең дем алып, иекті жоғары көтеріп ұстаңыз. Солай 10 секунд тұрып, иекті төмен түсіріп демді шығарыңыз. Жаттығуды бірнеше рет қайталаңыз.
Енді пайда болып келе жатқан иек асты майын алақанның сырт жағымен ұрғылап кетіруге де болады. Бұл шапалақтардың саны 50-ге дейін жетуі тиіс. Тері мұндай жаттығудан кейін қызарады.

(43)