Жүзімізді құбылаға бұруға шақырған жазушы-ғалым Абдул-Хамид Мархабаев!

«Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жыр патшалығына адал ақын, Есенғали Раушанов, «Қайрат» командасының басшысы, футболшы Сайлаубек Есімбеков (марқұм), саяси ғылымдардың докторы, профессор, сенатор Қуаныш Сұлтанов, Алматы қалалық Қажылар кеңесінің төрағасы, тележурналист Бақтыбай Айнабеков, Халықаралық Франс Кафка сыйлығының лауреаты, Тұманбайды жоқтатпай, белгілі мерейтойшыларға өлең арнаудың шебері, Шөмішбай Сариев. Осынау тізімді соза беруге болар еді. Алайда бұлармен шектелуге итермелеген бір гәп бар. Қазіргі қоғамымызда танымалы тұлғаларға ортақ бір фактор, олар — алдарыңыздағы мақала авторының жетекшілігімен қорғаған Қазақ университеті журфагі дипломының иегерлері, жоғары білімді қаламгерлер. Оның үстіне, әр салада өз қарымдылығын көрсетіп жүрген атаулы азаматтарымыз осыншама биікке жетулеріне бірден-бір, ғарыштану тілімен бейнелеп айтсақ, зымыран — жеткізгіш бола білген сол көп векторлы жураналистика мамандығының кәсіби конондарын меңгере алғандықтары…»

(А. Мархабаев. «Жайсаң журналистер күтемін»,
«Алматы ақшамы» газеті, 26.06.2014 ж.)

Бисмиллаһи Рахмани Рахим.

Абдул-Хамид Мархабаевты біз көрнекті ғалым, фантаст-жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор деп білеміз. Жазушы есебінде ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына қосылған «Арал әуендері», «Балалардың аман қалғанын айт», «Аспанға құлады да кетті», «Жарылқаушы…», «Тосын ғарышхат», «Шортан планетасы, сен кінәлісің», «Қызыл қия» тағы басқа көркем шығармаларын білсек, «Қолыңды әкел келешек», «Қазақ фантастикасы, кеше, бүгін және…» «Қазақ фантастикалық әдебиеті. Жылнамалау, қарастыру, топтастыру, даралау, қисындау, дәйектеу», «Қазақ фантастикасының поэтикасы» атты монографиялары мен «Ислам – Ғылым – Журналистика» оқулығы арқылы ғалымдығын жақсы танимыз. Аударма кітаптары да баршылық, өзінің де бірсыпыра шығармалары басқа көрші елдер тілдеріне аударылған.
Жоғарыда біз үзінді келтіріп отырған мақаланы жазған кезде Әбекең 76 жаста екен. Ұстаз ұлағаты!
Содан бері өзінің де өмірден өткеніне екі жыл болып қалған Әбекеңнің 80 жылдығын да жеңгеміз Мағрипа телефон соғып есімізге салмаса, мына түкке тұрғысыз жалған дүниеде күнделікті мың сан тірлікпен жүріп естен шығарып ала жаздаппыз. Жарықтық Әбекең болса 76 жасында ұмытпай уақыт тауып, біздей бейбақ шәкірттері туралы мақала жазыпты. Біз ше? Әбекең мен үшін мінезі жайлы, қасиеті бөлек жан. Даладай кең жайылған сол ілме мінезімен іліп сөйлеп отыратын болмысына әбден үйренгенмін. Сол ілме сөзіне ілесіп отырып көп қазынаға қанығып шығумен бірге, ғалым-қиялгер жазушының көп қазыналы сырына қанықтық. Әр қалжыңының өзінде қиялға батырар тереңдік болатын. Мұны айтып отырғаным, «ғалым болған соң, олардың көп білуі заңды емес пе?» — дейтіндер де болуы мүмкін.
Біздің Әбекең болса осы жұмбақ әлем тіршілігін ерекше терең ұғынуы арқасында, өз әріптестерінен бөлек көрінуші еді. Ғайып әлемі туралы әңгіме өрбісе қанаттанып шыға келетін. Ол әлемді ынтамен ұғыну екі ғалымның біріне берілмейтін бақ. Ол — ілім тілімен айтсақ, деңгейді қажет етеді. Әбекең діни ілімге ерекше мән беретін, оны мойындайтын. Менімше оның қиялгер жазушы болуы да түптеп келгенде осы ерекшелігінде.
Мен — ілімшімін. Ілім Жаратушының бұйырумен қонатын қасиет.
— Әй, бала, біз көз майымызды тауысып оқып жеткен көкке, сен сол жақтың өз қалауымен жеттің ғой, — дейтін үнемі.
— Әбеке-ау, «Алла Тағалам хикметті, терең білімді қалаған құлына береді. Ал кімге білім берілсе оған көптеген игілік берілген болады. Бұдан ақыл иелері ғана ғибарат алады» («Әли Ғымыран»,269) — деген емес пе. Ол аз болса «Раббыларың бұйырады; Маған дұға етіңдер, жауап берейін» («Ғафыр»,60) — деп тағы да ескерткен. Алла антына берік қой. Дұға — рақметтің кілті. Алламен сөйлессек қайтеді, — дейтінмін. Осыдан кейін екеуміздің әңгімеміз рух әлеміне ойысып кететін. Әңгіме барысында «Нені жоғалттық?» — дегенге келгенде, бүгінгі ұрпақтың рухты жоғалтқанын, олардан тәрбие алу, солардың ізін қуып, солардың тынысымен дем алудың жоғалғанын, рух батасының үзілгенін, жастар арасында сенімсіздік өріс алғаны әңгімемізге өзек болатын. Ғайып пен аян, аруақ туралы әңгіме айтылғанда ойымыз он саққа жүгіріп, он тармаққа бөлінетін. Ғайып — Аллаға жол деген сөз. Ғайыптан қарғыс атқанның әңгімесі келмейді. Біздің қарғыс атқаннан айырмашылығымыз, әлі де Ғайыптан алатын іліміміздің бар екендігі.
Әбекең екеуміздің екеуара әңгімеміз тереңге кетіп қалатын. Осындай әңгімемен жүргенде, Әбекең, осыдан он жыл бұрын қолыма; «Ислам ілімі — ғылым алгоритмі» атты Алмагүл Құрманбаевамен бірге жазған «Үш қиян» баспасынан жарық көрген, көлемі 100 бетке жетер жетпес кітапшасын ұстата қойды. Кітапты ашып қарасам қойылған тақырыптарының өзі селт еткізді; «Құран — ғылыми танымдық идеялар реакторы», «Әлемтану энциклопедиясы», «Хадистер — ғылыми ғибраттық афоризмдер», «Танымның тұңғыш шырақшысы». Бұндай тақырыпты оқудың өзі қазіргі кей оқымыстының зәресін ұшырары хақ.
Осы кішкене кітапшада автор: «саналы адамзат өмірі неге мәңгілік емес?» — деген маңызды философиялық сұрақты алға шырақ ете отырып, соған жауапты өзі «Әлемтану энциклопедиясы» атаған Ұлы кітап Құраннан іздеуге шақырады. Іздей отырып ажалсыз өмір сүру мүмкіндігінің бір себебін ғалымдарымыз ашқан адам ағзаларының кереметтей ерекшеліктерінен қарастырып, ішкі құрылысымыздың клеткалары бірнеше тәулік аралатып жаңаратынын, қызыл қан клеткаларының әр төрт ай сайын өзгеріп тұратынын, жалпы организмнің 98 пайызы жыл сайын басқа атомдармен жаңарып тұратындығын айта отырып, осы бағыттағы болып жатқан зерттеу жұмыстары о баста «Бақара» сүресінде болғандығын, сол сүре аяттарын келтіре отырып, одан әрі оқырманды қамырдан қыл тартқандай мәйінмен жетелей отырып жалпы әлемнің о бастан бастау алу логикасына жетелейді. Осы ойды алға тартып, оған қажет мамандар пікірін келтіре отырып, жұртты елең еткізер соны ғылыми болжамдар жасайды. Кітап одан әрі әлемнің жарық жұлдыз ғалымдарының құранға байланысты айтқан әңгімелерін жүйе-жүйесімен келтіре отырып, дінсіздер үрке қарайтын құранға еріксіз кіргізіп жібереді. Құранмен тілдесіп кетесің.
Кітаптағы бір мақала: «жүзімізді құбылаға беріп, ақиқатымызды мойындайықшы», — деп фәлсафалық ой толғамның шыңы болып отырған құранды дәріптеп, оны әлемді жаратушы Ұлы конструктор ретінде таныстырып; «Құран — Жер планетасының тіпті «Галактика» аталатын он сегіз мың ғаламның жаратылу, даму процестерін зерттейтін ғылым атаулының барлығының түгелдей басын біріктірген Суперэнциклопедия. Былайша келгенде, таным — Білім квинтэссенциясы. Немесе Мұсылмандар конституциясы» (28-ші бет) — деп өз пікірімен түйіндейді. Алла разы болсын. Ілімде — Әбекең осы сөзімен де бақытты жан. Құдіретті Тәңірім адам баласын ахиретке жеткізуде, ең соңғы кітап пен ең соңғы пайғамбарын беріп тоқтатты. Аллаға қызмет етуде адамның бойына дарытқан қасиеті бізді бақытты етті. Бакытты адамға — қамшы ұрсаң да, найза тықсаң да, қылышпен шапсаң да, рахаттанып өледі. Ал осы баққа апаратын бір-ақ дін — Ислам діні. Соны ұстанып сол жолда болу бақ. Осыны біліп, осы жолға шақыра білу бұл мұсылман адам үшін еселенген екі дүниенің сауабы. Пайғамбардың бізге берген бір-ақ жолы бар. Ол — «Алланың айтқанын орында» деген сөзі ғана. Бұл пайғамбардың батасы. Осы бата иесі болған жан Жаннаттың асыл суын ішуге, кәусарын қабыл етуге, Алламен рахаттанып сөйлесуге, бойын кеңітуге, шаршағанын басуға, денесін демалтуға, дінін қабыл етуге, ұрпағымен қайта қауышуға, дозақтың есігін мәңгілік жабуға жететін көрінеді. Жарықтық, Әбекең, пайғамбардың осы дұғасының иесіндей көрінеді маған.
Енді, мақаланы қалай бастасам, сонымен аяқтағаным мақұл болар. Әбекең біз жайлы жазған мақаласында КазГУ-де журналист кадрларын дайындауда орын алып отырған проблемаларды озық ойына өзек еткен екен. Өзі өмірден өткенше қызмет еткен шаңырақта жураналист кадрларын дайындауда орын алып отырған «минустарды» нақтылы дәлелдермен ортаға салып, творчестволық факультетке талапкерлерді тек қана шығармашылық бәсеке — конкурс арқылы қабылдау қисындылығын батыл қойған екен.
— Әбеке, мына жерде қатты кетіпсіз ғой, басшылардың енді көзқарасы қалай болар екен? — десем;
— Журналистер еркін ойдың иесі. Журналистика тәріздес тек қана шығармашылық басымдық беретін жоғары мектеп факультеттеріне түсушілерді басқа нақты ғылым салаларын таңдаушылармен бірге байлап тестілеу — білместік. Мұндай жағдай тұрақтылыққа айналса, халық арасында өте сирек ұшырсатын, өнерінен үміт күттіретіндердің жолын «тестілеу» деген «монстр» әбжыланмен шорт кесіп тыну, — деп еді.
Қиялгер жазушы ғалым әңгімесіндегі қисынның тағы бір күдігі — «мамандығымызға халықаралық стандартқа сәйкес білім берейік» деген ұрандау «жаратылыстану» «нақтылы» тіпті «іргелі» — деп аталып жүрген ғалымдар үшін қажет болғанымен, журналистика есімді сиқырлы салаға бұл стандарт — залалды рак ісігі екен. Шынында да «Жазу, сызу ісі» саналатын бұл қасиетті кәсіпті қандай қалыпқа салып, стандарттай аламыз? Әбекең үшін әр қалам иелері өз бетінше бір әлем, тұтас бір галактика. Әр журналист ақыл-ой иесі, ғалымдар ойтүрткісінің қоздырғышы болар катализатор, әлем мен оқырман тандемі арасындағы ғажайып көпір миссиясын атқарушы. Бұл — журналистің кім екенін білетін ойшыл адамның айтар тұжырымы.
Осы мақаланы жазып жүрген Әбекең, «Ислам ілімі — ғылым алгоритмі» кітабында; «жүзімізді құбылаға беріп, ақиқатымызды мойындайықшы» — деп ашық айта білген Әбекең, өмірінің соңында «Ислам – Ғылым – Журналистика» атты оқулық жазып, осы оқулығымен жоғары оқу орындарында оқитын студент журналистердің де жүзін құбылаға бұрып, имандылыққа ұйытып кетуі, ұлағатты ұстаз, ғалым-жазушының бәрімізді де ата-бабамыздан дәстүрлі мұра болып келе жатқан өнегелі жаңылмас жол имандылық әлеміне, Ислам дініне шақырып кеткендей.

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ,
ілімгер

 

(19)