Екі қолға бір күректі «enbek.kz»-тен табасыз!

Қанша жерден бос жұмыс орындары бар, жұмыссыздықпен күрес жүйелі түрде жүріп жатыр десек те, еңбекке етене араласа алмай отырған жандардың көптігіне бәріміз де куәміз. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі ауысқалы бері іске асқан жобаның бірі — enbek.kz порталы. Интернет әлеміндегі бұл құрал қоғамдағы жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында іске қосылған болатын.

— Апта басында министр Мәдина Әбілқасымова елордадағы Жұмыспен қамту орталығында болып, атқарылған іс-шаралар барысымен танысып, атқарылуы тиіс жұмыстарды тізіп берген-ді. Мәселен, күні кеше өзгерістер енген Жұмыспен қамту туралы Заңға сәйкес, жекелеген жұмыспен қамту агенттіктеріне аутсорсинг қызметтерін ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ министрдің Жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің қазіргі қарқынына оң бағасын бергенін айта кетейік. Жыл басынан бері аталмыш орталыққа 5 825 адам өтініш білдірсе, олардың 1051-і жұмыспен нақты қамтылған. Ал enbek.kz порталында Астана қаласы бойынша 2116 жұмыс беруші мен 5799 бос жұмыс орындары тіркеліпті. «Жас келсе — іске» демекші, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындары мен қайта даярлауға 991 адам жіберілді, — дейді орталық мамандары.

Ермұрат Назарұлы

(8)