Бұл бағдарлама ауылға жаңа серпін бермек

Сәуірдің 24 күнгі Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев 2018-2027 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын таныстырды. Бұл жобаның мақсаты — фермерлердің ет бағытындағы кооперативтерін дамыта отырып, ел экономикасына пайда әкелетін ет экспортын арттыру болмақ.

Сондықтан да фермерлік шаруа-шылықтарды ұлғайтуды негізге алған бағдарламада бірқатар жаңаша талаптар да жоқ емес. Ендігі жерде фермерлік шаруашылықтарда 100 бас (50 бас аналық) тиімді мөлшер болып қарастырылмақ. Бұл жағында асыл тұқымды малдарды елімізге жеткізу арқылы жайылымдық жерлерден пайдалана отырып Қазақстанның етті мал санын көбейту жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуда мол мүмкіндіктері бар еліміз соңғы кездері ауыл өңірінің дамуы үшін көптеген бастамаларды қолға алып жатыр. Халықтың тең жартысына жуығы мекен ететін ауылдағы тіршілікке серпін беруді жоспарлап отырған министрлік ендігі жерде етті мал шаруашылығын дамытуға күш салмақ. Бұл жұмыстардың төңірегінде қазірге дейін атқарылып келген ішінара жоспарлар өзгеріске ұшырайтын болады. «Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жан-жақты дамыту мақсатында аймақтық семинар кеңестер өткіздік. Сонымен бірге бірқатар халықаралық институтпен бағдарламаны талқылап, олардың ұсыныстарын ескердік», — деді Арман Евниев. Алдағы жерде ет бағытындағы ірі қара мен қой басын көбейту үшін нақты жоспарлар жүзеге асырылмақ.
Арман Евниевтің мәліметіне қарағанда министрлік тарапынан етті мал шаруашылығын дамытудың нақты тапсырмалары мен орындалу мерзімі айқындалған Жол картасы әзірленген. Ол жер және су ресурстарын дамытуға арналған қаржыландыру және мемлекеттік қолдау, экспортты дамыту, ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау, адам ресурстарын және ғылымды дамыту, салықтық режимді қайта қарау, ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін дамыту және цифрлы ауыл шаруашылығын дамытуды қамтиды. Мұндағы аталған Жол картасының жобасы Қаржы министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, кәсіпкерлер палатасы қатарлы маңызды мекемелермен бірлесе отырып жүзеге асырылатын болады. Алдағы уақытта етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасында тікелей берілетін субсидиялар алынып тасталып, оның орнына жайылымдық жерлерге қазылған құдықтарды субсидиялау жоспарланған. Онда өз күшімен жайы-лымдық жерлерге құдық қазушы-лардың жалпы шығынының 80 пайызын мемлекет төлеп беретіндігі айтылған болатын. «Кең-байтақ жайылым алқаптары мен суармалы жерлер, мал шаруашылығымен айналысу қанмен дарыған кәсіп түрі біздің артықшылығымыз болып отыр. Осы саланы дамытуға бүгінгі таңда барлық ресурс жеткілікті: жайылым жер көлемі 180 млн. гектар, ал біз әлемде жайылымдық жер көлемі бойынша 5-орындамыз. 110 млн. га алқап жер асты және жер үсті су көздерімен қамтылған. Соңғы бес жылда 6 млн. га алқабы суландырылды. 2 млн. га жерді суландыруға су көздері бар», — деді Арман Евниев мырза.
«Ет өндірісі кооперация контейнері фермерлерді асыл тұқымды бұқаларамен қамтамасыз ететін репродукторлардан, ірі қара мал өсірумен және бордақылау үшін бұқашықтар сатып алумен айналысатын фермерлер малды қарқынды бордақылаумен айналысатын алаңдардан, дайын өнім шығрумен айналысатын ет комбинаттарынан және өнімдерді диструбициялау орталықтарынан тұрады. Қой етін өндіру технологиясы ірі қара мал шаруашылығына ұқсас құрылым бойынша жүзеге асады», — деді вице-министр. Егер барлық жоба сәтімен жүзеге асатын болса, «жаңа мал өсіруші фермер класын құруға; фермерлік шаруашылық санын 20 мыңнан 100 мыңға дейін өсіруге; ауыл тұрғындарына жұмыс орындарын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтуға; ірі қара мал санын 7 миллионнан 15 млн. басқа дейін көбейтуге; сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн. тоннаға дейін арттыруға; экспорттан түсетін пайда көлемін 2,4 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғайтуға; бір жұмысшының еңбекке өнімділігін 1000-нан 8000 АҚШ долларына дейін өсіруге негіз болады екен.
Оның айтуынша, 1 млн. га жерді суландыру үшін су жинау инфрақұрылымдарын қалпына келтіру немесе жаңадан салу қажет. Қаражатты тиімді пайдалану мақсатында потенциалы бар аудандарда су жинау инфрақұрылымын салу ұсынылады.
Министрліктің жоспарына сәйкес асыл тұқымды ірі қара немесе қой өсірумен айналысатын фермерлерге жер телімдерін бөліп беру жағы да назардан тыс қал-маған екен. Алайда кейбір ауылдарда жайылым-дық жерлер-дің ірі моно-полистердің иелігінде екендігін де естен шы-ғармаған жөн болар дейміз. Ауылдағы ағайынның жай-күйі мен ауыл шаруашылығы тақырыбына жіті назар аударып отыратын газетімізге кейде ауылдағы ағайыннан жерге мұқтажды-ғы туралы шағымдары да келіп тұратыны бар. Өз кезегінде аса күрмеулі тақырыпқа айналып тұрған жер мәселесі туралы толықтырылған заң-жобасы таяуда сенаттың мақұлдауынан өтіп, Елба-сының құзырына жөнелтілетіндігі туралы да ақпарат тарап жатыр. Дегенмен халық игілігіне жарайтын жер телімдері мен жайылымдық және егіс алқаптарын бөлу төңірегінде де түйткілді мәселелер толып жатыр.

Ерқазы Сейтқали

(16)