Банк алаяқтарының торына түскендер құрдымға кетеді

Халық даналығында «Қарыз күліп келіп, жылап қайтады» десе, бүгінде қарыз қуантып келіп, жылатып кетуі де кездеседі. Өйткені банк біреулерге алты миллион теңге қарыз ақша береді, өсімімен тоғыз миллион болса жылатпай қайтеді:

— Кеңес заманында, бір ағамыз: «Ақшақұмар болсаң, адал жолдан таясың, ақша жүрген жерде албасты жүреді», — деуші еді.
Бүгінде 25 шағын несие беретін банкілер алушысын тонаудың алаяқтық неше түрлі амалын пайдалануда. 15 күнге 50 мың несие алған Алматылық тұрғын және Қостанайлық тұрғындар 1 миллион 400 мың өсім төлепті деп теледидарда зарын шағады. Заңдастырылмаған осынау банкілердің ақша қоры бүгінде 39 миллиардқа жетті деседі.
Банкіден қарыз алып, оны төлей алмай, үй-мүлкінен айырылған Өзбекстаннан оңтүстікке көшіп келген қандасымыз: «Бұл жерде неге қыстадың, артыңды неге қыспадың, қарызға батып өлермен, қу таяқты ұстадым», — деп әндеткендей теңселеді. Кім зорлапты? Өзі кінәлі. Банкіден несие аларда оның өсімін төлейтін уақытын заңгерлермен ақылдасып шешпегеніне өзі кінәлі болмағанда… Кейбір банкіде 2,5 % өсім көрсетіледі. Ол өсімді несие алушы айында төлеймін бе, күнінде төлеймін бе, сағатында төлеймін бе деп сұрап жатпайды. Сондықтан шағын несие беруші банкілер болса, қарыз өсімін 90 %-ға дейін көтеріп жіберетін сұмдығын алаяқтық демей не дейміз?! Ал кейбір банкілер болса қарыз алушының жанұясында неше адам қызмет атқарады, олардың айлықтары қанша, жұмыстары тұрақты ма, отбасылық шығындары қандай, оның бәрін есептемей, қарыз алушымен келісім-шарт жасамайды. Сондықтан банк өзінің есебін, пайыздық мөлшерін көбейтумен зиянға қалмасын деп ойлайды. Ал кейбір ертеңін ойламайтын азаматтар ұл-қыздарының тойы үшін шашылып, миллиондаған қарызды жүрексінбей алатынына қайран қаласың. Біздегі той жарысында өлең айтқан кейбір елеулі әншілерге 10 мың долларды қалтасына сала салатыны неткен ессіздік. Қазақта: «Үшкүндігін ойламаған әйелден без, үшжылдығын ойламаған еркектен без», — демеуші ме еді? Осындай шашпа туыстырамыз банкілерге қарызданып, ақырында оны төлейтін кезде жанжалдасып, ажырасып кетушілер де жетерлік. Суицидке ұшырап жатқандар қаншама?!
Статистикаға қарап отырсам елімізде 5 млн-нан аса адам несие алып, олардың миллиондайы оны қайтара алмай қиналып жүр.
Біз кейбір банкілердің несиені мөлшерлемей алушыға бере салуын немен түсіндіре аламыз? Қарыз алушының ғұмыр жасына немесе жұмыс орнының тұрақты болуына кім кепілдік беріпті? Ал жоғарыдағы заңдастырылмаған шағын несие беретін банксымақтықтардың алаяқтық қылмысын тізгіндеп, олардың қорындағы ақшаны жетім балалар үйінің тәрбиеленуші түлектерінің есеп-шоттарына аударса қақы кетіп қайғырып қалған салымшылардың көңілі тоғаяр еді.
Халықтық банкілерге қарттар мен қариялар қаралы күніне жиған-терген ақшасын да салады. Келісім-шартта өсімі 14 пайыз делінсе, айлар өте келе ол 11 пайызға дейін төмендеп жататынын банк басшылары немен түсіндірер екен? Банк құпиясы заңдылық пен ақылға салынбаса, несие алушының қарызға батып қаңғып кетушілердің өсе беретіні сөзсіз. Ағайын, несие алардың алдында қатты ойлан! Мүмкіндік болса алмағаныңыз жақсы.

Табыл Құлияс, сатирик-жазушы

(5)