Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіші қолды болды

Соңғы бір-екі жылда Астана қаласы көшелерінде қоладан құйылған мүсіндердің бой түзеп, жансыз болса да тірі жанға сабақ болар тарихи ескерткіштердің көбейгенін байқаған боларсыз. Алайда «түлкінің қызылдығы өзіне сор» демекші, зат ретінде аса қымбат болмаса да елдің есіне өткенін салатын ескерткіштерді ұрлайтындардың қарасы көбейген. Әйтсе де, вандализммен айналысып жүрген бір ғана адам немесе қылмыстық топ па, ол жағы әзірге белгісіз.

Бұдан екі апта бұрын елордадағы Абай-Республика даңғылдарының қиылысында орналасқан «1932-1933 ж. ашаршылық құрбандарына» арналған ескерткіштің жоғалу дерегі тіркелген еді. Кейін белгілі болғандай бала бейнесіндегі қола мүсін былтыр да қолды болып табылмаған. Ішкі істер органдарының қызметкерлері ізіне түсе алмағандықтан, орны ойсырап қалған қола мүсінді еңбек авторы Валерий Пирожков қайта жасап беріпті. Қайтадан қолды болған 135 келілік монументті жуырда ІІД қызметкерлері металл қабылдайтын пункттердің бірінде тәркілеп, баукеспе ұрыны ұстады.
Орта ғасырларда кең етек алған ескерткіштерді қирату, жаппай тонау әрекеті өркениет етек жайған бүгінгі таңда Астанада орын алып жатқаны өте өкінішті. Аталмыш қола мүсіннен бөлек, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаевтардың ерлігін еске салатын ІІ дүниежүзілік соғыс батырларының құрметіне қойылған тақтаның да бүлінгенін жоққа шығара алмаймыз.
Ашық аспан астындағы мұндай ескерткіштердің қайта-қайта ұрлануы да бекер емес екен. Тарихи-мәдени мұра мен ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету дирекциясының басшысы Мейрамбай Оралов мүсіндердің маңында бақылау камераларының жоқтығы ұрлыққа себеп болып отыр дейді. Ал камераларды орнату аталмыш мекеменің міндетіне кірмейді-мыс. М.Ораловтың айтуынша, қоғамдық тәртіпті бақылайтын ІІД мұндай жағдайларға көз жұмып қарамай, бейнебақылау камераларын орнатулары тиіс. Десе де, Еуропа көргендер Батыс елдерінде ескерткіш, мүсін түгілі иесіз жатқан мүліктерге ешкім саусағының да ұшын тигізбейтінін айтып тамсанып жатады. Ендеше, қолы алтын мүсіншілердің еңбектерін аяқасты етуді азаматтығымызға сын деп қабылдаған дұрыс шығар.

Ермұрат Назарұлы

(5)