Адам денсаулығына өте қауіпті! Азық-түліктер де, ойыншықтар да бар

Соңғы жылдары еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігіне баса назар аударылуда. Оның себебі азық-түлік қауіпсіздігі тұрғындардың денсаулықтары мықты болуына, қалыпты өмір сүруіне кепілдік беретін экономикалық санат. Біз осы бағытта жүзеге асырылып жатқан нақты шараларды білу мақсатымен өткен жылдары өндірілген және шеттен тасымалданған өнімдері мен тауарлардың сапасы жайлы, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету саласындағы жұмыстар туралы Алматы облысы қоғамдық денсаулық сақтау депар-таментінің басшысы Ерғали Сыдымановты әңгімеге шақырдық.

Сүт өнімдерінің 30 пайызы пайдалануға келмейді

2015 жылдың басынан бастап қоғамдық денсаулық сақтау органдары республика бойынша тұрақты түрде өнімдер мен тауарлардың қауіпсіздігіне мониторинг жүргізуде. Мониторинг отандық рыногты қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес келмейтін өнімдердің әкелінуінен және шекарадан өткізілуінен қорғауға бағытталған және бақылау үлгілерін сатып алу мен санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
2017 жылғы кезеңде 2 млн. 900 мың теңгеге өнімдер сатып алынып, игерілді. Осы жылы мониторинг шеңберінде облыста 2 мыңнан астам өнім сынамалары зерттелді. Жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың нәтижелері бойынша техникалық регламенттер мен қолданыстағы заңнамалардың талаптарына сәйкес келмеген өнімдер 2,7 % құрады, бұл 2016 жылдың көрсеткішінен төмен (5 %).
Тауар сөрелерінен кесіп алуды және тәуекелді бағалауды ескере отырып, тауар орындарының 24 тобы бақылаумен қамтылды, оның ішінде сүт, ет және балық өнімдері, құс еті, кондитерлік бұйымдар, алкогольсіз және алкогольді сусындар, жеміс пен көкөністер, ауызсу, балаларға арналған тауарлар, парфюмерлік және косметикалық өнімдер бар.
Жүргізілген талдау сәйкес келмейтін тамақ өнімдерінің ең көп пайызы — 30 % сүт өнімдеріне келетінін көрсетті. Бұл — «Вамин Татарстан» ААҚ филиалы «Балтасинский маслодельно-молочный комбинат» (Ресей), «Ала-ТОО-Сүт» АШК (Қырғызстан), «Умут и К» ОсОО (Қырғызстан), «Солнечный» СЗ ЖШС (Қазақстан), «GSK LactisLtd» ЖШС, «Молпродукт» ЖШС (Қазақстан) және т.б. өндіретін сүт өнімдері.
Сараптама нәтижелері бойынша ет пен ет өнімдерінің талаптарға сәйкес келмейтіндері — 22 % құрады. Ол «Риха» СБ ет өнімдері (Қырғызстан), «Батыр» СБ (Қазақстан) жартылай ысталған мұсылмандық шұжығы, жартылай ысталған шұжық (өндірушісі белгісіз). Аталған өнімдер таңбалануы бойынша талаптарға сәйкес келмеді.

Құс еті де талаптарға сай емес

Құс өнімдерін зерттеу кезінде де оң сынамалар анықталды, алынған өнімнің 6 % талаптарға сәйкес келмейді. Олар: «Мираторг» (Ресей) өндіретін мұздатылған бройлер балапанының сан еті, «Хачатрян» ЖК тауық жентегі (өндірушінің орналасқан жері белгісіз), «Приосколье» (Ресей) өндіретін бройлер-балапан етінен жасалған табиғи дүмбілез өнім, т. б.
Құс өнімдерінің 50 % микробиологиялық көрсеткіштері бойынша талаптарға сәйкес келмеді. Сәйкес келмейтін өнімдерді өндірушілер негізінен Ресей мен Қазақстан.
Сәйкес келмейтін сынамалардың шамалы пайызы жеміс-көкөніс, май, шырын өнімдеріне және кондитерлік, ұн-жарма бұйымдарына келеді. Негізінен осы өнімдер таңбалануы бойынша сәйкес болмай шықты. Негізгі өндірушілер — Қырғызстан, Ресей, Қазақстан.

Қытай ойыншықтарының 79 пайызы жарамсыз

Жалпы алғанда мониторинг нәтижелері 2016 жылмен салыстырғанда техникалық регламенттердің талаптарына таңбалануы бойынша сәйкес келмейтін өнімдердің пайызы 64 %-н 72 %-ға, микробиологиялық көрсеткіштері бойынша 9 %-н 11 %-ға өскенін көрсетті. Физикалық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкес келмейтін өнімдер өткен жылдың деңгейінде қалды — 8 %. Тұтынушыларды алдау көрсеткіші бойынша сәйкес келмейтін өнімдер 18 %-н 9 %-ға түсті.
Балаларға арналған тауарлардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. 2017 жылғы кезеңде тауарлардың 185 сынамасы сатып алынды, оның ішінде балалар ойыншықтарының 79 сынамасы алынды. Сараптама нәтижелері бойынша ойыншықтардың 11 сынамасы және киім-кешектің 4 сынамасы таңбалануы тұрғысынан техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеді (өндірілген күні, өндірушінің орналасқан жерінің толық атауы, т.б. көрсетілмеген). Мысалы, 3 жасқа дейінгі балаларға арналған «My baby» қуыршағы (ҚХР), 3-н асқан балаларға арналған дистанциядан басқарылатын «Racing» машинасы (ҚХР), пластмассадан жасалған аю «Brain Biocks» ойыншығы (ҚХР), «Baby iy Interactive» интерактивті қуыршағы (ҚХР), «Сөйлейтін әліппе» интерактивті плакаты (Қазақстан), 3 жастан асқан балаларға арналған конструктор ойыны (Қазақстан), құмда ойнауға арналған балалар жиынтығы (Ресей), «Великий человек Паук» пластинкасы (Ресей) және т.б. Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтін ойыншықтарды шығаратын өндірушілердің 79 % Қытайдан, 12 % — Қазақстан Республикасынан, 9 % — Ресейден.
Талаптарға сәйкес келмейтін ойыншықтар ЖК З.К. Құмашеваның «Сенім» дүкенінде, ЖК М.Ш. Аманбаевтың дүкенінде, «Балалар әлемі Қазақстан» ЖШС, ЖК К.Ж. Жағыпарованың «Алакөл» дүкенінде сатылған.
Тексеріс нәтижелері көрсеткендей, сауда объектілеріндегі ойыншықтардың ауқымды бөлігі олардың сәйкестігін және қауіпсіздігін растайтын құжаттарсыз сатылады. Кәсіпкерлік субъектілері ойыншықтарды жеткізушілерден сәйкестік сертификаттарын талап етпейді немесе түпнұсқасына сәйкес келуін тексермей, құжатты тауарға сәйкестендірмей, құжаттардың кез келген көшірмелерін қабылдай береді. Осылайша, балалардың денсаулығын қатерге тігіп, жеткізушілерге өз тауарын кеңінен өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ саудаға сапасыз балалар ойыншықтарының түсу себептерінің бірі ойыншықтарды елге шағын партиялармен, қол жүгімен кіргізу мүмкіндігі болып табылады.
Ойыншықтарды әкелумен айналысатын сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға камералдық бақылау жүргізу шеңберінде бұзушылықтарды жою туралы 6 ұйғарым берілді. Сөйтіп, сыртқы экономикалық қызметке қатысушының біреуі анықталған бұзушылықтары үшін 226900 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ойыншықтардың әкелінуіне және өткізілуіне бақылауды күшейту мақсатында ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті шартты түрде шығарылған режімдегі балалар ойыншықтарының әкелінуіне тыйым салу бойынша заңнамалық негіз болу бастамасы көтеріліп, қабылданды. Бұл алдағы уақытта ойыншықтарды кедендік посттардан кедендік тазалау сатысында емес, сәйкестік сертификаттары болса ғана өткізетін болады.

Қырғызстанның сапасыз өнімдеріне тыйым салынды

Қырғызстанда өндірілген сүт, ет, консервіленген жеміс-көкөніс өнімдерінің, кондитерлік бұйымдардың кейбір түрлерінің әкелінуіне және өткізілуіне уақытша тыйым салу туралы ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысын орындау бойынша да белгілі жұмыстар жүргізілді. Тапсырманы орындау бойынша Қырғызстанда өндірілген өнімдердің (тауарлардың) 76 сынамасы алынды. Бұл ретте, санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың нәтижесі бойынша 38 % өнімдер техникалық регламенттер талаптарына сәйкес болмай шықты. Сөйтіп, Департамент және оның аумақтық басқармалары жүргізген жұмыстың нәтижесінде шаруашылық жүргізуші субъектілер Қырғызстанда өндірілген 2193 өнімді саудадан шығарды. 1 млн. теңгеден асатын сомаға 7 шаруашылық жүргізуші субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бұндай өнімдер ЖК Т.Терещенкованың, ЖК А.Ж.Байжұманованың, ЖК О.В.Порохневаяның, ЖК Г.Смағұлованың азық-түлік сату бөлімшелерінде, ЖК Н.Бухаринаның «Колбасный мир», ЖК Е.Клевцованың дүкендерінде сатылып келген.

22 шаруашылық субъектісі жауапқа тартылды

Мониторинг нәтижесі бойынша шаруа-шылық жүргізуші субъектілерінің атына бұзушылықтарды жою туралы 32 ұйғарым берілді. Шаруашылық жүргізуші субъектілерімен жүргізілген жұмыстың арқасында 1 млн. теңгенің 2 тоннадан астам сәйкес келмейтін тамақ өнімдері айналымнан алынып, жеткізушілерге қайтарылып берілді. Сот қаулысы бойынша 22 шаруашылық жүргізуші субъектісі жалпы сомасы 3710800 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тамақ өнеркәсібі мен қоғамдық тамақтандыру объектілерінде өндірілетін өнімдердің қауіпсіздігіне де бақылау жүргізілді. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижесі бойынша зерттелген өнімдердің 2,8 % микробиологиялық көрсеткіштері бойынша талаптарға сәйкес келмей шықты. Сәйкес келмеуші сынамалардың 7 % сүт өңдейтін кәсіпорындарының, 6,8 % кондитерлік цехтардың 4,6 % қоғамдық тамақтандыру объектілерінің өнімдеріне келеді. Бұдан басқа, зерттелген өнімдердің 2,7 % санитариялық-химиялық көрсеткіштері бойынша сәйкес болмай шықты. Бұл ет өңдеуші кәсіпорындарының (5,3 %) және қоғамдық тамақтандыру объектілерінің (3 %) өнімдері болды.
Санитариялық нормалардың анықталған бұзушылықтары бойынша шаруашылық жүргізуші субъектілері атына 544 ұйғарым берілді, жалпы сомасы 30 879 170 теңгеге 863 айыппұл салынды.

216 келіге жуық жарамсыз тамақ өнімдері жойылды

Аумақтық қоғамдық денсаулық сақтау басқармалары жүргізген жұмыстың нәтижесінде 2017 жылдың кезеңінде 215999 кг тамақ өнімдері жарамсыз деп табылып, айналымнан щығарылды, оның ішінде 98,2 % алыс және таяу шетелдерден әкелінген өнімдер.
Атап өту керек, жарамсыз деп табылған өнімдердің 98,8 %-ң жарамдылық мерзімі өткен. Кәсіпкерлік субъектілерінің бастамасы бойынша барлық өнімдер жойылды.
Жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен арыздарды және жүгінулерді қарауға аса көңіл бөлінеді.
2017 жылы аудандық және қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармаларына қоғамдық тамақтандыру объектілерінің қызметіне шағымданған азаматтардан 24 арыз түсті, оның 20 арызы (83,3 %) бойынша фактілер расталды.
Бұдан басқа, тұрғындардан сауда объектілеріне шағымданған 36 арыз түсті, 26 арыз (72,2 %) бойынша фактілер расталды. Жүгінулердегі негізгі мәселе жарамдылық мерзімі өткен өнімдерге байланысты болды. Расталған барлық арыздар бойынша әкімшілік жазалау шаралары қабылданды.

Судың да сұрауы бар

Алматы облысында халықты ауызсумен қамту — 94 % құрайды. Облыстың 85,5 % елді мекендері орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, 12,8 % елді мекендер орталықтандырылмаған сумен жабдықталған (құдықтар, ұңғымалар, бұлақтар).
2017 жылы «2020 жылға дейін өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде облыс бойынша су құбырларының саны 28-ге өсті. Бірнеше жылдар бойы ауызсу сапасының микробиологиялық көрсеткіштері бойынша сәйкес келмеушілігі бір қалыпта 3-5 % деңгейінде тұрақтанды, бұл орта республикалық көрсеткіштен аспайды. Микробтық ластануы бойынша сәйкес келмейтін судың үлес салмағы — 2,8 % құрады, санитариялық-химиялық көрсеткіштері бойынша — 3,2 %.
2017 жылы 345 сумен жабдықтау объектілері ерекше тәртіп бойынша тексеруге жатқызылды. Тексеріс барысында барлық объектілерде өрескел бұзушылықтар анықталды. Тексеріс нәтижелері бойынша сумен жабдықтау объектілерінің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің атына бұзушылықтарды жою туралы 139 ұйғарым берілді, 123 айыппұл салынды. Облысымыздың елді мекендердің сумен қамтамасыз етудің өзекті мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдарына 69 ақпарат жолданды.

Қорытынды түйін.
Ойлану керек. Әрбір тұтынушы азық-түлік өнімдерін және ойыншықтарды сатып аларда сақ болғандары дұрыс. Сатып алмай тұрып таңбалануын мұқият зерделеп алу керек. Өндірілген күніне, жарамдылық мерзіміне, сақтау шарттарына, т.б. назар аударған дұрыс. Кез келген өнімді сатып аларда сәйкестігін растайтын құжаттарды талап етуге құқылысыз (азық-түлік өнімдерінің барлық түрлеріне сәйкестігі туралы декларация, арнайы тамақ өнімдеріне және тамақ өнімдерінің жаңа түрлеріне мемлекеттік тіркеу куәлігі, ет пен ет өнімдеріне, құс етіне және құс өнімдеріне ветеринариялық сертификат немесе ветеринариялық анықтама). Сауда желілерінде сыртқы пішіні немесе таңбалануы бойынша сәйкес келмейтін өнімдерді көрсеңіз, өнім қауіпсіздігін растайтын құжаттар жоқ болса, өнімді сатып алудан бас тартқан жөн және аумақтық қоғамдық денсаулық сақтау органдарына хабарлау керек. Өйткені пұлымызға не ішіп, не жеп жүргенімізді білу әр тұрғынның парызы.

Нұрила Бектемірова

(27)