Ресейліктер өздерін Қазақстанға қосуды сұрап отыр

Настоящее время: «Омбы қаласының маңындағы Ресейдің Дувановка ауылының тұрғындары өздерін Қазақстанға қосуын талап етіп отыр. Айтуларынша, ауыл деген аты болмаса, елдімекенде су, жол, тіпті, мектеп те жоқ»,— деп хабарлайды. Омбы қаласынан Дувановка ауылына дейін 140 шақырым болса, Дувановка мен Қазақстан арасындағы ара қашықтың бар-жоғы 1-1,5 шақырымды құрайды екен. Әлгі ауылға кірер тұстағы жолдың жағдайы тіптен мүшкіл деседі. Осыны алға тартқан ауыл тұрғындары: «Жолдың 17 шақырымында асфальт төселмеген, ол жолмен тек балшық құрғаған кезде немесе жер қатқан сәтте ғана жүре аласың. Аулымызда жол, су, дүкен, тіпті мектеп те жоқ. Бізді билік осылай ұмыт қалдырды. Содан кейде: «Бізді мүмкін көршілес Қазақстанға, Назарбаевқа қосқан дұрыс па деп ойлап қоямыз. Бәлкім ол жақта жағдайымыз оңалатын шығар. Себебі, жергілікті билікке айта-айта қажыдық. Ауылымызда 50-ден астам үй бар, балалар бізден 17 шақырым жерде орналасқан мектепке сабаққа барады. Пошта да мардымды істемейді. Ал төтенше жағдайларда келіп жететін мамандардың бізге уақтылы жетуі тіптен екіталай»,— дейді қынжылыстарын жасырмай. Әзірге Дувановка ауылы тұрғындарының аталған ұсынысының қаншалықты маңызды екені беймәлім. Тек ресейліктер осы арқылы жергілікті билікке аз да болса ықпал етіп, ауылдың жағдайын жақсартсақ дейді. Сондай-ақ олар ауылда дүкен жоқ болғандықтан, ара кідік Қазақстанға азық-түлік алу үшін барып тұрады екен. Бірақ, бүгінде шекара жабық болғандықтан, ресейліктер көрші елге де аяқ аттамайтын күйге жетіпті. Алайда ауыл тұрғындарының жанайқайы Ресей билігіне жетпеген сыңайлы.

(15)