Н.Нығматулин Ресей елшісін қабылдады

   Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Ресейдің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады. Тараптар екіжақты, соның ішінде, парламентаралық ынтымақтастықты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады. Н.Нығматулин: «Ресей — Қазақстанның стратегиялық әріптесі, сенімді досы және тату көршісі. Өткен жылы қос мемлекет арасында дипломатиялық қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Қазақстан мен Ресей Президенттерінің терең түсіністік пен достыққа негізделген салиқалы саясаттарының арқасында біздің елдеріміз өзара әріптестіктің жоғарғы көрсеткіштеріне қол жеткізді. Маңызды бағыттар қатарында аймақаралық және шекаралық ынтымақтастықты, Еуразиялық кеңістікте интеграциялық бірлестіктер аясында өзара іс-қимылды атауға болады»,— десе, өз кезегінде А. Бородавкин: «Ресей үшін Қазақстанмен достық қатынасты дамыту зор маңызға ие.  Екі ел арасындағы ауқымды жетістіктер жетерлік. Екі елдің Парламент өкілдері ТМД ПАА аясында ұлттық заңнамаларды үйлестіру бойынша табысты еңбек етіп, ЕурАзЭО заңнамалық базасын қалыптастыруда бірлесе белсенді жұмыс істеуде.»,— деп мәлімдеді. Мәжіліс төрағасы елшіні жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтай келіп, А. Бородавкиннің дипломатиялық жұмыстағы мол тәжірибесі біздің елдеріміз арасындағы байланысты жан-жақты тереңдетуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Ермек Сахариев

(8)