Табыс формуласы

Бүгін сұхбат берген кейіпкеріміз қостанайлық жас кәсіпкердің де осындай өз құпиясы бар.

2007 жылы негізі қаланған «Жас Қанат-2006» құс фабрикасында үш рет жаңғырту үдерісі жүргізілді. Оған барлығы 3 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған екен. Өндіріс ошағы жұмысын бастағалы бері құс саны 18 есеге өсіп, жұмыртқа алу жылына 240 миллионға жеткен. Жаңа ғимараттар салынып, оларда еуропалық озық заманауи технологиялық қондырғылар орнатылған. Жұмыс күші артып, жұмысшылар саны он есеге дейін артты, қазір мұнда 250 адам еңбек етуде. Ал құс фабрикасының өзі республикада алдыңғы үштіктің қатарына еніп отырғанын айта кеткен жөн. Ал өнімі табиғи тазалығымен ерекшеленеді.
Ең бастысы, кәсіпорын жоғары сапалы экологиялық таза өнім шығарып отырғанын айта кету керек. «Жас Қанат-2006» серіктестігінен шыққан өнім облысымыз бен республиканы ғана емес, алыс-жақын шетелдерге тарап кетті. Қазір өндіріс орны осы жетістігімен тоқтап қалмақ емес, жаңа технологияны қолдану арқылы цифрландыру үдерісін енгізіп, инвестициялық жобаларды әзірлеп отыр. Ет, жұмыртқаны қайта өңдеу арқылы органикалық тыңайтқыштар алуды жоспарлауда. «Жас Қанат-2006» инновациялық жобалар картасына, «Бизнестің жол картасы-2020» және моноқалаларды дамыту бағдарламаларына кірген еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірі.
Міне, осы науқанның басы-қасында жүрген «Жас Қанат-2006» ЖШС директоры, «Құрмет» орденінің иегері, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы Қайрат Майышев. Жас, іскер, сауатты, жан-жақты азаматтың зор жетістікке жету жолы да оңай болмапты. Еңбек жолын 1998 жылы «Дәулет М» ЖШС директоры болудан бастаған. Одан кейін «Алтын Дән Күз» серіктестігіне жетекшілік етті. 2006 жылы Рудный қаласында құс фабрикасын құру жоспарын іске асырды.

Жаңа серпін берген жоба

Қазіргі уақытта Қайрат Әлімбайұлының өмір тәжірибесімен бөліскісі келетіндердің қатары көп. Үлкен жиындар мен арнайы кездесулердің жиі қонағы болып жүр. Жыл басында Қостанайдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушылардың сан сауалына жауап берген басшыны Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы да шақырып, студент жастармен кездесу ұйымдастырды. Қайрат Майышев өз тәжірибесімен бөлісе отырып, өзгелердің, соның ішінде кейінгі буынның да пікірін тыңдауға бейіл екенін айтады.
— «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауына қатысқан үміткерлерді қарап отырып, расымен де нағыз үлгі алатын, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың зор жетістіктерге жетіп жүргені қуантып қана қойған жоқ, өз басыма үлкен ой салды. Мүгедектігіне қарамай, талпыну мен еңбектің арқасында әлемге танылған азаматтарымыздың бар екенін көрдік. Көбіне аяқ-қолымыз сау, денсаулығымыз мықты болса да, қарапайым дүниелерді жасай алмағынымыз былай тұрсын, жұмыссыз жүргендеріміз қаншама? Адамды ажалдан алып қалған, басқа да адам айтса нанғысыз ерліктер жасаған талай жандармен қатар додаға түсу біз үшін аса қиын әрі жауапты болғанын айта кетейін. Осыған қарап отырып-ақ, талай батырларымыздың, еңбек, өнер иелерінің өз арамызда бары мені шын қуантты әрі бұл жоба өзіме тың серпін бергенін айта кетейін.

Қайратты қайратты қылған — спорт

Бүгінгі кейіпкеріміз бала кезден оқуға, білім алуға құштар болған жандардың бірі. Өзі ауылдық жерде қарапайым ғана отбасынан шыққан алты баланың бірі. Мектепті де озат оқи қоймағанын өзі мойындап отыр. Десе де қатар балалардан қалмай, иық теңестіріп өсіпті. Құрдастарымнан бір ерекшелігім — белсенді болдым дейді. Спортпен айналысқан. Соның ішінде нағыз ер азаматтар сынға түсетін хоккей ойынын өте жақсы меңгеріпті.
Мектеп бітірген соң бозбала Қайрат жоғары оқу орнына емтихан тапсыруға келеді. Ол уақытта қазіргі А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті жаңа ғана университет мәртебесін алып жатқан кез, онда оқуға түсу үлкен мақтаныш болатын. Қайрат болса, сол заманда ең сұранысқа ие әрі деңгейі жоғары саналған заң мамандығына түсемін деген шешімге келеді. Алайда ол мамандыққа баруға екінің бірінің мүмкіндігі болмағаны белгілі. Кейіпкеріміз сол құқықтану мамандығына үш рет емтихан тапсырып барып қабылданған екен.
— Бірінші рет дайындығым төмен болды. Бірақ мен алған бетімнен тайған жоқпын. Бала күннен спортпен шұғылданғанның пайдасы осындай кезде тиеді екен. Әрине, дене шынықтырумен айналысқан адамда төзімділік деген алдыңғы орында тұрады. Мен сол шыдамдылықтың арқасында заң мамандығына екінші рет өтуге талпынып көрдім. Болмады. Кейбір адам сол бір рет өткелден, екінші рет өтпесең, беті қайтып қалуы мүмкін. Бірақ мен бәрібір оқуға тапсырамын деген сенімімді жоғалтқан жоқпын. Міне, төзімді, шыдамды болудың жемісі! Төзімі жетпеген адам кез келген уақытта сынып кетуі, өмірден түңіліп кетуі ғажап емес. Күнделікті жаңалықтардан естіп-көріп жүрген небір сұмдық оқиғалардың көбі сол шыдамның жоқтығынан болып жатқан жағдай.
Екінші курсты аяқтамай жатып, құқықтанудан экономика мамандығына ауысқан Қайрат үшін бұл таңдау болашақта үлкен менеджер, басшы болуына зор септігін тигізгені анық. Себебі, бір жағынан екінші курстан кейін сырттай бөлімге ауысып, сол кездің өзінде коммерциямен айналысуды қолға алған кезі екен. Әрине, алда үлкен мақсат бар — нәтижелі жемісін беретін бизнесмен болу. Жас күнінен алып-сатумен айналысу зор тәжірибе беретін дүние. Алғаш бизнеске барсам деген ойын ата-анасына айтқанда, баласының талабы барын білетін олар 200 АҚШ долларын ұстатыпты. Бірақ Қайрат бұл ақшаны айналдыра алмағанын мойындайды. Есесіне, ол небір беделді, іскер азаматтарға жолығып, өзінің жоспарымен бөлісіп, олардың көзіне түскенін айтады.

«Маған ешкім сенген жоқ»

— Бұдан 15-20 жылы бұрын қазіргідей бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар болған жоқ. Бірақ сонда да өзімнің мақсат етіп қойған жоспарымды жүзеге асыруға бар күшімді салдым. Мен бұл жолда ештеңеден тайынған жоқпын. Себебі табысқа жетуге бала күннен армандап жүретінмін. Рас, адам өзіне мақсат қойып, оны дұрыс бағдарлап, оны нақты жүзеге асырамын деп мұрат қоя білсе, ол дегеніне жететіні шындық екен.
Бұған дейін бизнестің түрлі салаларында еңбек етіп келген Қайрат Майышевтің ойына 2007 жылы құс фабрикасын салу идеясы келеді. Бірақ оның мұндай шешіміне ешкім сенген жоқ. Жарайды, дайын тұрған өнеркәсіпке басшы болып баруға болады, алайда қирап қалған орынға жүз мыңдаған құс ұстап, одан миллиондап жұмыртқа алу деген нағыз жүрек жұтқандық емес пе! Бұған дейінгі сауда-саттықтан жиналған азғана қаражат бар, банктен несие алып, сол иен қалған құс фабрикасының қоражайларын қайта жаңғыртуды бастап кетті. Міне, сол жолғы тәуекелге баруын дұрыс шешімім дейді. Ол уақытта Майышевтің бұл ісіне таң қалғандар да, райынан қайт дегендер де аз болмапты.
Ол кезде бизнес-жоспар жасау, басқа да құжаттар әзірлеу жағы өте қиын кез. Әрі бұл жолда жүрген бәсекелестері де көрген жерде «іске сәт» дегені болмаса, өз тәжірибелерін ашылып айта қоймайды. Бірақ сенің іскерлігіңді шын мойындап, жолыңды ашып беретін адамдар бар екен. Қайраттың да бойындағы бизнеске деген ұмтылысын байқаған ауқатты ел азаматтарының бірі оған демеушілік жасап, қаржылай көмегін жасапты. Міне, содан бастап жас кәсіпкердің ісі алға басты.

Отыз жасында фабрика салған

Адам үш жақты даму керек — рухани, интеллектуалды және физикалық тұрғыда. Осы кезде ғана оның бойында адами қасиет бар деген сөз. Кез келген ортада, кез келген жерде өзіңнің қабілетіңді, артықшылығыңды көрсете аласың. Қайрат Майышев қылшылдаған 30 жасында құс фабрикасының негізін қалады. Содан бері он жылдан астам уақыт өтіп, жас басшы нағыз көшбасшыға айнала білді. Дегенмен ол әлі күнге өзінен үлкені бар, кішісі бар, барлық жұмысшылардың ұсынысын, кеңесін тыңдайтынын жеткізді.
— Рас, кейде өздеріңіз секілді жастар ой саларлық пікір айтып жатады. Ол бүгін болмаса да, кез келген уақытта алдыңнан шығуы мүмкін. Ал біздің кәсіпорын қызметкерлері өз ісінің мамандары болған соң, олардың айтқандарымен, кем-кетігіңді толықтырып жатқан сөзімен, ісімен келіспей қоймаймыз. Қазіргі уақытта ай сайын өнеркәсіп жұмысшылары бас қосып, бір айда атқарылған жоспарға талдау жасап, алдағы міндеттемелерді талқылаймыз. Кез келген цех басшысы болсын, қатардағы жұмысшы болсын, олардың әрқайсысының пікірі жерде қалмайды, барлығы ескеріледі.
Кездесу барысында «Несиесіз бизнес бастауға бола ма?» деген сауал қойылды. Әрине, ең алдымен қолыңда қанша қаражат бар, сол қаржы бастапқыдағы көтерілуің үшін керек. Екіншіден, кәсіпті бастайтын адамның ниеті, мақсаты айқын болу керек. Бірақ қазіргі уақытта табысты, пайдасы зор бизнес бастауға мемлекеттің қолдауы, әрине, ауадай қажет. Бүгінгі таңда несие алуға алдыңнан кес-кестеген кедергілердің бары анық — кепілге қойылатын жылжымайтын мүліктен бастап, құжаттау, жоспар-жобаң, тағысын тағы. Көп жағдайда кәсіп бастайтындар мемлекеттің жасап отырған жеңілдіктерін біле бермейді. Яғни, бір іске мұрындық боласың ба — онда қаржы-несие шарттарын, оларды ең оңайлы, күшке тиіп кетпейтіндей жолмен алуды үйрен. Ал тәуекел іске талаптанған жан еш қатеге бой алдырмауы керек. Несиеге ақша алып тұрсың ба, оны не үшін, қандай мақсатқа жұмсағалы тұрсың, соны ойлан. Несиенің ақшасы қолыма тиді екен деп, алдымен көлік мініп, басқа да қажетсіз дүниелерге жұмсадың ба – бастапқы мақсатыңның да, жасағалы тұрған ісіңнің де берекесі болмайды. Ал бизнесте табысты болуың үшін әр нәрсенің есеп-қисабы, міндеті, оны орындағалы тұрған сенің төрт құбылаң сай болу қажет.
Қайрат Майышевтің ойы осындай.

«Шетелдіктер бізбен тәжірибе алмасуға келіп тұрады»

Қазір кәсіпорын басшысы құс фабрикасының әрі қарай бәсекеге қабілетті болып, белгілі бір биіктік деңгейіне жету жолында аянбай тер төгіп отырғанын жеткізді. Жоспар көп, соның негізгісі – Батыс елдерінің озық тәжірибесін қолдану үдерісінен қалып қоймау. Себебі, бастапқыдағы бесжылдықта жылына 20 миллион дана жұмыртқа қанағат секілді көрінген, бірақ уақыт өте келе белгілі, әсіресе, басқа өзі қатарлы өнеркәсіптердің өнім қуаттылығымен салыстырғанда, көш бойы қалып келе жатқаныңды ұғынған кезде өндіріс көлемін арттыру талабы тұрады. Ал ендігі жерде жылына 240 миллион дана жұмыртқа қалыпты орындалған норма іспеттес. Бірақ алда тағы бәсекелесіңнің өнім көлемі ұлғая беретін болса, сол кәсіпорынмен терезеңді тең ұстауың керек. Міне, бұл нарықтың қатал талабы!
— Бізде бәсеке деген Қазақстанмен ғана шектеліп қалмайды. Себебі құс өсіру, жұмыртқа алудың басқару жүйесі басқа өнеркәсіптерге қарағанда өзгеше келеді. Көрші Ресейді алайық. Ол елдің де тәжірибесі бұрын біз үшін озық көрінетін. Әрине, Ресей – үлгі аларлық мектеп. Дегенмен өзім үшін де, біздің жұмысшы мамандар үшін де Ресей тәжірибесі аздық етеді. Тіпті, сол солтүстіктегі көршілеріміздің өзі бізден келіп тәжірибе алатын деңгейге жеттік. Неге бізге жылына 1 миллиард жұмыртқа алатын алып кәсіпорын өкілдері келеді? Өйткені, біздің жүйеде кез келген қиындықтан шығар жолдың ең оңтайлысы бар. Сол түйткілді шешуге бір-бірімізге білген кеңесімізді айтамыз. Айта кетейін, Ресейде автоматты жүйеге көшпеген, басым шаруаны қолмен атқаратын құс фабрикасы әлі көп. Ал біз өз кезегімізде Еуропаның дамыған елдеріне баруға мәжбүрміз. Қазір мамандарымыз Германия, Израил, Нидерланды мемлекеттеріне арнайы сапарлап, ең соңғы үлгіде жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптердің жай-күйімен танысуға мүмкіндік алдық.
Қайрат Майышев қандай да бір жоспармен келген азаматтардың ұсынысы ойдан шығып жатса, оны әрі қарай жүзеге асыруға әзір екенін жеткізді. Айтпақшы, биыл «Жас Қанат-2006» ЖШС басшысы «StartUP болашақ» бағдарламасына бастамашы ұйытқы болып отыр. Жастар, әсіресе, студенттер арасынан бизнес ұсыныс жасай келген 14 жоба-идеяны қалдырып, соларды зерттеп жатырмыз деді. Осы жұмыстарды қазір мамандар заң, экономика, қаржы-экономика, технология тұрғысынан бүге-шігесіне дейін зерттеуде екен. Бизнес жоспарлардың ешқайсысында қателік болмау керек. Себебі ертең ол жұмыстардың арасынан өміршеңдері ғана іске асатыны белгілі.

Елбасымен болған байыпты әңгіме

Қайбір саланың өкілі болмасын, Мемлекет басшысымен кездесіп, әсіресе, өзіне қарасты жылы сөз естігенді үлкен абырой санайды. Қайрат Майышев үшін 2016 жылдың күзі өмірлік жадында сақталып қалатын айрықша күн саналатыны анық. Сол жылы күзгі орақ науқаны басталған уақытта Нұрсұлтан Назарбаев Тобыл жеріне келіп, өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысып қайтқан болатын. Ал сол жолы «Жас Қанат-2006» серіктестігіне жетекшілік етіп отырған жас, іскер басшының баяндамасы, айтқаны ойы Елбасын қатты таңғалдырды білем, мұншама табысқа қалай жеткені туралы сұрап отырды.
— Нұрсұлтан Әбішұлының алдында кәсіпорнымыздың тарихы мен жай-күйі туралы үлкен толқыныспен баяндап бердім. Бірақ сөзім аяқталып болған соң Елбасы менің қайдан екенімді, осыншама қыруар жұмысты алып кеткенім жайлы сұрады. Расын айтайын, екеуара емін-еркін қысқа диалогқа ұласып кетті. Қанша дегенмен, үлкен мемлекетті басқарып отырған тұлға емес пе, алдыңғы баяндамам мен сұраққа берген жауаптарымды мұқият тыңдады. Сол жолғы Ұлт көшбасшысымен болған кездесу, ол кісінің менің және өзім басқаратын кәсіпорынға қаратып айтқан жылы лебізін, жоғары бағалауын еш уақытта ұмытпаймын. Бұл кездесу маған үлкен күш, зор сенім әкелді.
Айта кетейік, Елбасы осы сапарында жас директордың қолын ұзақ қысып, басқа азаматтарға үлгі боларлық шаруа істеп отырғанын мақтанышпен жеткізді. Сонымен қатар сол кезде Президент Әкімшілігін басқарған Әділбек Жақсыбековке қарап, «Мына азаматқа көз қырларыңды сала жүріңдер» деп тапсырып кеткен болатын.

Қыдырбек Қиысханұлы

(62)