Көші-қонның әлегі таусылар емес

16 сәуір күнгі Үкiмет сағатында ҚР Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов республикадағы көшi-қон бақылауын қамтамасыз ету жағдайы туралы баяндама жасады. Ішкі және сыртқы көші-қон болып жіктелетін бұл саланың төңірегінде түйткілдер мен ел дамуына серпін беретін игі істердің қатар өрбіп отыратындығын ескерсек, бұл да мемлекет дамуына жанама ықпал ететін факторлардың бірі екендігін мойындамай тұра алмаймыз. Тәуелсіздіктен бері қарай бірде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне өтсе, енді бірде Ішкі істер министрлігінің дәргейіне бағынып, қақпақылға түсіп келе жатқан Көші-қон мекемесі шетелдерден қазақ топырағына аяқ басқан азаматтардың басып өтер қасиетті табалдырығы. Төңіректің төрт бұрышына тарыдай шашылған 5 миллионнан астам қазақтың 5/1 бөлігі осы мекеменің қызметі арқылы атажұртқа ат басын бұрды. Маңдайына жазған рыздығын теріп, екі қолға бір күрек іздеп келетін жыл құстары секілді еңбек мигранттары да бұл саланың қызметкерлерінің қас-қабағын бағып «кіріп-шығатыны» бар. Айта берсек осылайша тізбелеп кете береді. Енді министр мырзаның баяндамасындағы өзекті деген тұстарына азаматтық пікірімізді сабақтастырып көруді жөн санадық.

Мигранттардың заңсыз кіруі қатаң жазаланады

«Елiмiзде заңсыз көшi-қон негiзiнен еңбек мигранттарының арасында байқалады. Көшi-қон заңнамасын бұзғандарға бiзде қатаң әкiмшiлiк және қылмыстық жауаптылық белгiленген. Бұл жауаптылыққа заңсыз келушiлер де, жұмыс берушiлер де, заңсыз көшi-қонды ұйымдастырушылар да жатады. Елге заңсыз кiру қазiр қылмыстық терiс қылықтар санатына жатады. Бұрын бұл тек әкiмшiлiк құқықбұзушылық болып саналды. Қазiргi уақытта елге заңсыз кiрген адамға 1 мың айлық есептiк көрсеткiшке (АЕК) дейiн айыппұл салынады немесе 1 жылға дейiн бас бостандығынан айырылып, елден шығарылады», — дедi Қалмұханбет Қасымов. Министрдiң айтуынша, 2015 жылдан берi көшi-қон заңын бұзған адамдарға бiрден «елден шығару» әкiмшiлiк жазасы қолданыла бастады. Елден шығарылған барлық шетелдiк Қазақстанға 5 жыл өткеннен кейiн ғана қайта келе алады. Осы тұста «заңсыз кіру» деген сөздің тереңіне бойлай алмай қалатын секілдіміз. Негізі дипломатиялық қарым-қатынасымыз тұрақты дамып келе жатқан елдердің азаматтарының барлығының Қазақстан елшілігінің визасы арқылы қазақ жеріне түрлі мақсаттармен келулеріне шектеу жоқ. Олар құрлық және әуе жолдары арқылы шекарамыздан кіріп, белгілі мерзімге тұрақтай алады. Бұл заңды нарсе. ТМД елдерінен келетін азаматтардың көбісі «визасыз режим» арқылы бізге келеді. Олар да жоғарыда айтылған мемлекет шекараларынан өтеді, әрине заңды түрде. Егер көрші мемлекеттердің азаматтары біздің шекарамыздан ұрланып өтсе, онда «заңсыз» деп тұрақтандыруға болар еді. Негізі «заңсыздық» шетел азаматтарының Қазақстанда тұру мерзімін өз беттерінше белгілеген жағдайда ғана «заңсыздық» болып танылуы тиіс. Осы тұста Ішкі істер мекемелеріндегі шенді азаматтардың да осы «заңсыздықтарға» жол беретіндігін естен шығармаған жөн. Бұған қоса шекарамыздағы әлгі тұстарды пайдаланып, ұрланып өтетін адамдардың әлі күнге дейін тиылмағандағы жасырын емес.

100 мыңнан астам шетелдік қылмыскер!

«Жыл сайын 100 мыңнан астам шетел азаматы әкімшілік жауапқа тартылады. Олардың 10 мыңнан астамы елден шығарылады. Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған 2 мыңнан астам жұмыс берушіге айыппұл салынды. Өткен жылы одан бюджетке 115 млн. теңге қаржы түсті. Қылмыстық кодексте заңсыз көші-қонды ұйымдастырған адамға 5 мың АЕК көлемінде айыппұл немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. Өткен жылы осындай фактілер бойынша 89 қылмыстық іс қозғалған», — деді Қасымов. Министрдiң айтуынша, 2014 жылдан бастап еңбек мигранттарына Қазақстан азаматтарының жеке шаруашылығына жұмыс істеуге рұқсат берілуі заңсыз еңбек мигранттарын азайтуға көмектесті. Аталған институт енген уақыттан бастап мигранттарға 1 миллионға жуық патент беріліп, бюджетке 10 млрд. теңгеден астам салық түсті.
Бұл тұста көңілге көп ойлардың оралғаны шындық. Шетелден келетін еңбек мигранттарына «кеңшілік» танытқанымыз шынымен де көп нәрсеге жеңілдік әкелгені бар. Алайда бұл төңіректе орын алатын қылмыстардың әлі күнге дейін тиылмай тұрғандығы жасырын емес. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі иен жайылымдарда «төрт түлігін мыңғыртып өсіріп жатқан байлардың» қанша адамды құлдыққа шегіп отырғанын кім анықтай алады? Арагідік ІІМ қызметкерлері мен журналистердің араласуы арқылы беті ашылып жататын қылмыстарды қалай түсінуге болады? Мұнымен қоса еліміздің ірі кен орындары мен мұнай кеніштерінде қаншама шетел азаматтары Қазақстанға туристік визамен келіп алып, айлап-жылдап тұрып жұмыс істеп қайтатындығын кім білмейді? Біздің қазірге дейінгі ақпараттарымызға сүйенсек, жоғарыдағы аталған жәйіттерді қатысты органдар білсе де, оны білмегенситін көрінеді. Себеп біреу ғана. Арт жақта тұрған «мықты тірек», мемлекттік мекемелердің өзіне «әмірін» жүргізетін көрінеді… Егер осының барлығы заңның шеңберінде орындалатын болса, 2014 жылдан бері ел қоржынына түскен 10 млрд. теңге неше есеге көбейері анық еді.

Қытай келімсектерімен бірге келген заңсыздық

Тәуелсіздіктен бері қарайғы тұста, шығыстағы алып көршінің құмырсқадай қаптаған қалың адамынан келетін қауіп ешқашан сейілген емес. Абырой болғанда екі елдің арасындағы шекара мәселесі біржолата шешіліп, ел іргесі бекемделген еді. Елбасымыздың ерлікке пара-пар келетін істерінің бірі — Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара мәселесін дұрыс шеше алғандығы десек қателеспейміз. «Бір кездері Балқаш көліне дейін Қытай территориясы болатын» деп күні бүгін көкіректері қарс айырылатын қытайлардың, Нұрсұлтан Назарбаевтың іскерлігіне іштері күйе қарайтыны осыдан. Осы көршімізбен шекара мәселесін толық шешіп алған соң, тең дәрежеде қарым-қатынас жасап келе жатқанымызға да ширек ғасырдан асты. Көші-қон саласын реттеуге бағытталған заңдарымыз, қазірге Қытай мен арамыздағы заңды көші-қон (яғни елге оралып жатқан қандастарымыз) және іскерлік мақсаттармен келетін адамдарды қадағалап отыр. Дейтұрғанмен соңғы жылдары, Қытай азаматтарының қатысуымен орын алатын заңсыздықтардың артып келе жатқаны байқалады. Бұл мәселені министр мырза да жасырған жоқ.
«Соңғы үш жылда ресми статистика бойынша бiздiң елiмiзге 5,6 миллион шетелдiк азамат келдi. Олардың 90 пайыздан астамы — Тәуелсiз мемлекеттер достастығының азаматтары. Негiзiнен, олар Өзбекстан, Ресей және Қырғызстаннан келген. Сондай-ақ алыс шетелден келген мигранттар қатары көбейген. Осы уақытта олардың саны 620 мың адамға дейiн жеттi. Олардың көбi Қытай және Түркия азаматтары. Осы бағыттағы бiздiң басты мiндетiмiз — заңсыз көшi-қонмен күресу болып табылады. Себебi бұл елiмiздегi қоғамдық тәртiп үшiн қауiптi фактор. Өйткенi миграцияның есiрткi бизнесi, адам саудасы, экстремизм және терроризммен байланысты болған кездерi аз емес», — дедi Қасымов.
Министрдiң айтуынша, бұл салада бақылау мен реттеу тиiмдi ұйымдастырылмаса, елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық дамуына зиян келуi мүмкiн. Бұған алып-қосар ештеңеміз жоқ. Қытай инвестициясының жылдан жылға молаюына байланысты олардан біздің елге келетін кәсіпкерлер, техник, инженерлер мен жұмысшылар да көбейіп барады. Олардың көбеюі ел экономикасына серпін береді десек те, «қара қытайдың» қаптауын халқымыздың жаман ырымға жоритыны тағы бар. Одан туындайтын әлеуметтік мәселелерді жіктеп, жіліктеп шығарсақ оларды шағын мақаламыздың өн-бойына сыйғызу да мүмкін емес.
Мәжілістегі үкімет сағатында Министрдің баяндамасынан өзге Заңнамалық және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Нұрлан Әбдіров те бұл саладағы кейбір түйткілді мәселелер туралы орын алып отырған жағдайлар туралы айтып берді.

Шетелдіктер көші-қон органдарының осалдығын пайдаланады

«2015 жылдан бері елімізге келетін шетел азаматтарының саны жыл сайын 20 пайызға артып отырды. Тек өткен жылы 5,5 миллионнан астам шетел азаматы келді, олардың басым бөлігі ТМД елдерінен келген. Осы ретте, ішкі істер органдарында тек 2,5 миллионнан астам адам тіркелгенін айта кету керек, яғни жартысынан азы. Бұл өте маңызды тақырып, себебі мигранттар тарапынан құқық бұзушылық көп тіркеледі. ІІМ мәліметі бойынша, соңғы үш жылда әкімшілік жауапкершілікке 330 мың шетелдік тартылды, ал елден көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 36 мың азамат аластатылды. Сонымен, шетелдік азаматтарға қатысты 3506 қылмыстық іс қозғалды, олардың басым бөлігі ұрлық және есірткі қылмыстарымен байланысты. Ал 2,5 мыңнан астам шетелдік өздері қылмыс құрбаны болған. Көші-қон қызметінің осалдылығы осыдан көрініп-ақ тұр», — деді Н.Әбдіров. Заңсыз көші-қонның еліміздің әлеуметтік және қоғамдық дамуына әкелетін кедергілерін азайту үшін құзырлы органдардың атқаратын шаруалары көп екендігін еске салды комитет басшысы.
Алдағы атқарылатын жұмыстардың бағыты көңілге қонатындай. Еліміздің құзырлы органдары осы саладағы тәртіпті күшейтуге кірісіп жатыр деуге негіз бар. Қалмұханбет Қасымовтың айтуынша алдағы уақытта көші-қон саласын реттейтін заң нормалары мен қатысты мекемелер арасындағы ынтымақтастық күшейе түспек. «2021 жылы дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заң қолданысқа енгiзiледi. Осыған байланысты шетел азаматтарынан виза рәсімдеу, тұруға ықтиярхат немесе босқын мәртебесін алу кезінде міндетті түрде дактилоскопиялық тіркеу талап етіледі. Заң бұзған шетел азаматтары да осындай тіркеуден өтуі тиіс», — дедi Қасымов. Бұл жоспар сәтімен жүзеге асатын болса, еліміз азаматтарымен қоса, шетелден келетін әрбір адамның жеке басына қатысты (саусақ бедері, алақан іздері секілді) ақпараттар мен шекарадан кірушілер туралы ақпараттар ортақ базаға енгізілу арқылы қатысты мекемелердің бақылауына өтетін болады. Бұл өз кезегінде көші-қон саласындағы көптеген күрмеулі мәселелерді реттеп, елдіміздің әлеуметтік дамуы мен ішкі тұрақтылығына оң нәтижелер көрсетуі мүмкін. Алла тағала заң атқарушы азаматтарымызға нәпсілеріне тыйым берсін деп тілейік.
Қорытып айтқанда көші-қон саласы өте күрделі сала. Оның тиімді және тиімсіз тұстары жоқ емес. Сырттан өз беттерінше ағылып келіп жатқан еңбек мигранттары ел ішіндегі жұмыссыз жүрген Қазақстан азаматтарының жолын бір бөгесе, қазақтың қалтасын қағып кетіп жатқанын қалай жоққа шығарамыз?

Ерқазы Сейтқали

(15)