«Коммунизмге» барар жолдағы КСРО-дағы көтерілістер

Келмеске кеткен Кеңес Одағында  өмір сүрген 70 жылдан астам уақыт ішінде «1980 жылы коммунизмге кіреміз» деген сеніммен өмір сүрдік. Ол пәлсапаға балабақшадағы сәбиден бастап жоғарғы қызметтегі азаматтарға дейін сендік. «Біз алдыңғы қатардағы елміз, бізде бәрі керемет» деген ұранмен  жастарды тәрбиеледік. Алланың көзі түзу болып 1991 жылы егемендік алған соң өткен тарихтың шындығы ашыла бастады. Сөйтсек шын мәнінде «керемет» емес екенбіз. Шенділер қарапайым халықпен санаспапты.

Сондықтан да шаруалардың, жұмысшылар мен жастардың бас көтерулері жиі болып тұрған. Себепсіз салдар болмайтыны белгілі. Ол кезде бірен-саран айтылып қалатын көтерілістердің салдары ғана айтылып, себептері құпия сақталған. Көтерілістердің қысқаша мағанасы «Кеңес үкіметіне қарсы болған көтеріліс» деп, оның негізгі себептері мен қозғаушы күштері айтылмайтын. Енді осы жағдайларға тоқталайық. Мәселен елімізде 1928 жылы басталған байлардың дүние мүлкін тәркілеу мен жер-су реформаларының жүргізілудегі бұрмалаушылықтар халықтың табанды қарсылығын туғызды. Бұл наразылық 1929 жылдың екінші жартысы мен 1930 жылдың бірінші жартысында өрши түсті. Алғашқы көтерілістер 1929 жылы Қазақстанның құрамында болған Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданы мен Сырдария және Қостанай округтерінде басталды. Билік басындағы Голощекин қалыптасқан жағдаймен санаспай «ауылдағы байлардың қарсылығы» деп қарады. Мәселенің дұрыс шешілмеуі салдарынан 1930 жылы Қазақстанның барлық аймақтарында көтерілістер кең етек жайды. Солардың ішінде Созақ көтерілісі ерекше болды. Бұл көтерілістің негізгі қозғаушы күші басқа жердегі көтерілістер сияқты орта шаруалар емес, кедейлер мен батырақтар болды. Билік ойына келгенін істеп, қазақтарға иттің терісі мен жылқының құйрығын өткізу салығын салды. Оған қосымшы Ораза кезінде діни әдет-ғұрыпты орындағандарға айып-пұлдың салынуы көтерілісті тездетудің себебі болды. Көтерілісшілер ерекше белсенділік танытып, қолдарына ағаш тоқпақ, аңшы мылтығы, қанжар мен қылыш және балта сияқты қарулармен қаруланды. Шолақ белсенділерді соққыға жығып, кеңес органдарының іс-қағаздарын өртеді. Олардың саны 5000-ға жетті. Үкімет көтерілісті басу үшін Ташкенттен қаруланған 225 әскер жіберді. Оларды ОГПУ басшысы Ольшанский басқарды. Күштің тең болмау себепті көтерілісшілер қатты қырғынға ұшырап шегінуге мәжбүр болды. Соңынан біразы Ташкент жаққа, енді біразы Шуға қарай қашты. Көтерілісшілер жеңілді. Кеңес үкіметі бұл көтерілістен еш қортынды шығармады. Керісінше сол кездегі жұмысшы таппен санаспауды күшейтті. Мәселен 1959 жылғы Теміртаудағы жағдайды алайық. Осы жылы салынған Бүкілодақтық мәртебеге ие болған «Магнитка» металлургиялық зауытына Республикадан тыс социалистік мемлекеттерден де жұмысшылар келген еді. Барлық жұмысшыларға пәтер жетіспей олардың көпшілігі вагондар мен брезент шатырларда тұрып жатты. Оның сыртында оларға мәдени-демалыс орындары мен дүкен және асханалар жеткіліксіз болды. Мұндай келеңсіз жағдайларды тез арада түзетудің орнына осындай қиыншылықтардың барлығын өткінші ауыртпалықтар ретінде қарастырылды. Ұйымдастыру жұмыстарының өте нашар болуы салдарынан өндірісте дағдарыстар одан әрі тереңдей түсті. Осының әсерінен жұмысшылар арасында наразылықтар туа бастады. Жұмысшылардың жағдайына жете көңіл бөлінбеудің салдарынан олар мен жергілікті өкіметпен қақтығысы орын алды. Оған 1 тамыз сенбі күні кешкі жұмыстан шыққан жұмысшылар тамақ ішетін бірде-бір асхананың ашық болмауы төзімнің жібін үзіп жіберді. Асханалар мен дүкендерді талқандап, ойран салу әрекеті басталды. Жергілікті милиция келіп бұзақы деп ұстап кеткен екі жұмысшыны әріптестері келіп босатуын талап етеді. Оған милиция қызметкерлері көнбейді. Оған ыза болған көтерілісшілер милиция ғимаратын талқандайды. Бүлікшілерді басу үшін милиция мен әскерлерді жұмылдырылды. Жұмысшылардың көтерілісін қару қолданып басу кезінде көптеген адам шығыны болды. Солтүстік Кавказдан әдейі әкелінген Дзержинский атындағы дивизия жауынгерлері зауыттың жазықсыз жұмысшыларын оққа ұшырды. Осы оқиға туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Онда қанша адамды қырғанын әлі күнге дейін ешкім білмейді. Кісі өлімі өте көп болды, оның ішінде сотталып, атылды… Ол кездегі көп мәселені біз білмейміз. Тоталитарлық жүйеге қарсы шықсаң, күшпен жаншып, күшпен құрту болды», —деді («Егемен Қазақстан» 05.07.1997ж.).
1962 жылы Новочеркасскінің электровоз жасайтын зауытының жұмысшылары азық-түліктің бағасы 20-30 пайызға көтерілуіне және жасалған өнімдереріне төленетін жұмыс ақысының үштен бірін қысқартылуына қарсы шығып, ереуіл ұйымдастырды. Ереуілшілер «ет пен колбаса неге сонша қымбаттайды?» — деген сұрағына кәсіпорын басшысы: «Ет пен колбасаға ақшаларың жетпесе ливерный колбаса жеңдер», — деген жауабы жұмысшылардың ашуына тиіп жаппай ереуілге шығады. Ереуіл жалғасып ертесі күні партия комитетінің ғимаратын басып алады. Ереуілдің аяғы көтеріліске ұласып, шенділер қалаға танкілер кіргізіп, оларды атқылай бастайды. Сонымен өздерінің азаматтық құқығын пайдаланып, ұсыныстарын айтамыз деген жұмысшылардың 24-і өліп, 30-ы жарақат алады. Сотқа тартылған 14 адамның 7-еуі өлім жазасына кесіледі. Барлығы 105 адам әртүрлі жауапқа тартылады.
Ал 1967 жылғы маусымның 13-15 жұлдызы арасында Шымкент қаласында болған оқиға да адам шығынымен аяқталды. Милиция қызметкерлерінің жасағы 29 жастағы Василий Осторуховты мас болып жатқан жерінен медициналық айықтырғышқа жеткізген. Ертесінде сағат 6-дағы кезекті тексеру кезінде оның өлі екені анықталады. Мәйітті тексерген сараптама ажал миына қан құйылудан болуы мүмкін деген қорытынды жасайды. Оған разы болмаған туыстары: «оны милициядағылар ұрып өлтірді», — деп Мәскеуден комиссия шақыртуды талап етеді. Халық арасына «милиция адамды ұрып өлтіріпті» деген қауасет тарап, автопарк ұжымы ұйымшылдық көрсетіп көтеріліске шығады. Оларды қолдағандар көбейіп, ішкі істер бөлімін қоршап, ғимараттарын қиратады, өртейді. Қақтығыс ұлғайып 20 милиция қызметкері, 2 жауынгер, 3 партия-кеңес шенеунігі әртүрлі дәрежедегі жарақаттар алады. Өкімет көтерілісшілерді басу үшін әскер күшін пайдаланып, соның салдарынан 7 адам қаза тауып, 50 адам оқтан жарақат алады. 34 адам қылмыстық жауапқа тартылып 3-еуі ату жазасына кесіледі.
Қазақта жер мәселесі дегенде құлақтары елеңдемейтін қазақ болмайды. 1979 жылғы бұрынғы Целиноградтағы «Неміс автономиясын» құру жөніндегі Орталық Комитеттің қаулысына қарсы болған ереуіл соның нақты мысалы. Осы қаулыны басшылыққа алған жергілікті басшылар 1979 жылы мамырдың 31 күні орталығы Ерейментау қаласы деп, Целиноград, Қарағанды, Көкшетау және Павлодар облыстарының құрамына кіретін бес ауданнан тұратын неміс автономиясын құрады. Осы шешімге қарсы болған қазақ жастары 16 маусымда бірнеше жүздеген адам ереуілге шығады. Ал 19 маусымда ереуілге шыққандар саны бірнеше мыңға жетеді. Мұның соңы жақсылыққа апармайтынын білген шенеуніктер облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Н.Морозовты жастардың алдына жіберіп, автономия болмайтынын хабарлайды. Бірақ өз дегенін істетпек болған КОКП ОК-нің нақты шешімі 1980 жылы ақпан айында тағы шығарылды. Алайда қазақ жастарынан қауіптенгендіктен бұл қаулының орындалуын кешіктіре берді. Ал 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі бұл қаулыға түпкілікті нүкте қойды. Қазақ жастары «отпен ойнауға» болмайтынын дәлелдеді. Бұл көтерілістер Кеңес Одағының жүргізген саясатының дұрыс емес екенін көрсетеді.

Әкебаев Беркін,
Республикалық «Алтын қалам» байқауының жүлдегері

(27)