Жем іздеген «тауықтар» немесе күзетші қоятындай прокурор кімнен қорқады?

Қабдысалық ақсақалдың өрелі ойларымен өр-нектелген әр мақаласы кімге де болса ой салады. Мына мақаласында өмірдің өзінен ойып алынған жайттар. Қоғамымызды жағымпаздық жайлады. Ол қазір онша таңсық емес. Бәріміз де оған етіміз үйренді. Осы жағымпаздықтың кесір-кесепатынан жемқорлық туындап жатқан ағамыз мысалдармен әдемі жазған. Бетің бар, жүзің бар деп айтатын осындай ақсақалдарымыз аз ғой. Керісінше жем іздеген «тауықтар» көбейіп кеткен. Ұятты да, намысты да ысырып тастап өз елін, өзін танушылар көп. Олар ешкімді аямайды. Бұлай кете берсек баратын жеріміз құрдым. Енді не істейміз? Сіз не ойлайсыз?

…Шыр айналар сені тауық,
Жемің болса қолыңда.
Қайдағысы сені тауып,
Топырлайды жолыңда. — деп, ақиық ақын Сәкен Сейфуллин қолында билігі барлардың алдында жағымпаздар қалай тауық сияқты жүгіретінін дұрыс тауып айтқан.

Менің түсінігім өзгерді ме білмеймін, әлде заман өзгерді ме соңғы кезде достардың көбі өтірік күліп, бастықтарға жағымпаз болып кетті. Адамда тойымдық деген болмайды екен ғой. Ал билікті толық қолына орнатып алған бастықтар өз білгенін істеп жатыр. Өз билігін асыра теріс пайдаланып, жемқорлыққа құныққандар мемлекеттің заң қақпанына түсіп жатыр. Бірақ таусылар емес.
Мол құпиясы мен шешілмеген тақырыбы көп бұл ащы өмір адамға не дегізбейді? Біреулерді мақтаншылыққа салып, кекіртеді. Енді біреулерді қинап секіртеді емес пе? Қайсы біреулермен келіспей қалуға да болады. Мен оның жетегінде кете беретін момын өгіз емеспін. Өз пікірім мен шешімділігім бар. Әрине мен оның жетегінен шықпасам ол мені жақсы көретінін білемін. Ондайға келісе беруге болмайды. Өз үйіңдегі әйел, бала-шағаңмен келіспей ұрысып қалатын кезеңдерің де болады емес пе?
Бірде осы көп жылдан бергі досым Бақдәулетпен сөзге келіп, ренжісіп қалдық. Ол менен озып кеткен ешнәрсесі болмаса да, осы жолы мені көзге ілмей менсінбей тұрған еді. Олай істетіп тұрғаны кішкентай болса да, қолындағы билігі болатын. Бұл қандай адам болса да, нағыз ашуландыратын нәрсе. Оның осы жолғы көрер көзге білмей істеп тұрған ерсі ісі мен көрінісі менің ар-намысыма тимесі бар ма?! Үлкен қызметкердің ар-намыс кодексі оның кабинетінде өз артында ілулі тұрғанын бұрыннан білетінмін. Сонда да біліп тұрғаны осы болса, енді оны оған айтып түсіндіру қиын еді. Бұрыннан да оның осындай ерсі істерін көп біліп жүрсем де, кешіре беретінмін. Мұндай ісі бастан асты. Онысын кімге айтарсың? Енді оған қашанғы шыдайын, шыдамның да шегі бар емес пе? Оның осындай тәртіпсіздігінің бірнешеуін көрсетіп, ауданның бірінші бастығына оны тәртіпке келтіруді сұрап арыз шағым түсірдім. Билік маңайында жүргендер мұндайға зор талғампаздықпен қарайды емес пе? Бұл менің шағынған арызым әкімшіліктегілерге қолдан-қолға түсіп, ел ішінде өсек болып кетпесін деп, әдейі поштамен жібергенмін. Білемін, мәдениеті де, экономикасы да, шаруашылығы да дамымай артта қалған ауданның бастығының да біздерден асып, оңып тұрғаны шамалы еді. Мұндай шаруашылығы ауыр, дамымай қалған қазақылығы мол, алыс жерге іскер бастық келмейтін еді. Өзіміздегі барымен базар болып жатқан елміз. Ел ішінде бірінші бастыққа сөзін өткізе алатын ептілері болады.
Сондайлардың сүйреуімен осы Бақдәулет досымды осы қызметке қойғанның өзі де сол бастық болатын. Басшылар өзі мол сенім артып қойған маман кадрын басқа жол-жөнекей ешкімге талатпайтынын да бұрыннан білемін. Сонда да осы менің хабарлауым бойынша өз ауданының түр-түсін, маңайындағы іскерлерін осы хатым арқылы өзі көрсін дегенім еді. Мен олардың шапанын, қызмет креслосын сұрап тұрғаным жоқ еді. Менің бұл хатым үлкен жаңалық есебінде бірінші бастыққа жетпей әкімшілік кабинеті ішінде қолдан -қолға жүгіріпті. Ксерокске түсіп көшіріліп, бірінші бастықтан бұрын кезекте мен жамандап отырған досым Бакдәулетке бәрінен бұрын жеткен екен. Таңданбасыма болмады. Осылай жең ұшынан жалғасқан оның беделі мен қолы қалай ұзын еді? Аудандағы үлкен өндіріс пен жұмыс неге осылай жүрмейді екен? Оның немере інісі осы әкімшілікте үлкен қызмет істейтін еді. Сүйінші сұрап соның қолына жетіпті.
Мен мұны кейін білдім. Аудан әкімшілігінде қызмет істейтін азаматтар, қандай іскер екеніне таңданбасыма болмады. Олар ешкімге айтпайық деп, аудан шаруашылығын басқарып істеп отырған жұмыстарын осындай сезімталдықта жүргізсе ғой. Біздер тез дамып, жетіліп кетер едік деп ойланбасыма болмады. Артынан миығынан күліп, өз жазған шағымымды Бақдәулет досым өзіме берді. Бізде жұмыстан гөрі әкімшілік ішінде өсек-аяң жақсы дамығанын осы іс жақсы көрсетіп тұр емес пе?
Аудан көлемі бұрынғы 12 совхозымен қоса есептегенде 17380 ғана адамы бар еді. Бұл бір ғана үлкен егін совхозының халқы мен көлемі деуге болады.
Арада бір ай уақыт өтті. Бір шаруаммен аудан прокуратурасына баруыма тура келді. Екі қатарлы прокурордың кіре берісінде күзетші тұр. Сонда олар кімнен қорқады-ә?
Басқасы басқа, прокурорды біреу ұрып кете ме? Күзетші кіргізбейді. Олай дәлелдедім, былай дәлелдедім, көндіре алмадым, кіргізбейді.
— Қандай шаруаң бар. Соны айт. Сосын кіресің?
— Менің шаруамды шешетін сен емессің, неге саған шаруамның барлық құпиясын ақтарып айтамын?
— Онда кірмейсің!
Екеуміз келіспей біразға дейін керілдестік.
— Ешкімге айтпа, ешкімге айтпа деп, менің шаруамды елге өсек қылып таратып жіберетін нағыз сенсің. Сосын мен неге саған жасырын шаруамды айтамын.
Біраздан соң, екеуміз ортақ тіл тауып келістік.
Сонда бұл не? Жұмысты жақсартқандық па, әлде дамымай қалған елде бюрократтық пен өсекті дамытқандық па? Ауылдық жерде осындай жөнсіз істер болып тұрады.

Қабдысалық Бейсенбайұлы

(13)