Бояушы, бояушы дегенге тым артық кетпейік, ағайын!

Біз осы ел болуды қашан үйренеді екенбіз?! Дәл қазір жұмыс бабымен жолсапарда жүрмін. Әлеуметтік желіде Павлодар облысының әкіміне арнайы ұйымдастырылған «шабуылды» көзім шалып қалып, үнсіз қала алмадым.
Айналайындар-ау, ол менің туысым да емес, қызметтес болып араласып та көрмеппін. Бірақ ел-елді аралап, халықтың тұрмыс-тіршілігі жайлы мәселелерге көбі-рек құлақ түріп, оны көңіліме тоқып жүрген мен дәл осы Павлодардағы ұлтым, жұртым, тілім мен ділім деп жүрген қоғам белсенділерін жақсы танимын. Рас, географиялық орналасу жағынан бұл өңір Ресейге тым жақын. Бірақ теріскейге таяу орналасқан өлкеде мемлекеттік тіл шатқаяқтап жатыр дегенге өз басым келісе алмаймын. Себебі Елбасымыз тіл мәселесінің нәзік мәселе екенін айтып, оны барынша ыждағаттылықпен жүзеге асыруға тапсырма берген жоқ па? Егер үңіліп қарасаң бұл мәселе бойынша жүзеге асырылып жатқан игі істер жетерлік.
Деректерге сүйеніп көрейік. Жақында ғана облыс әкімі әр дүйсенбі сайын жоспарлы түрде өткізілетін аппараттық кеңесті тек мемлекеттік тілде өткізу туралы тапсырма беріп, ол сәтті жүзеге асып жатыр. Бұл батыл бастама емей немене?! Оны біраз БАҚ жарыса жазды. Келер жылдан бастап облыс орталығындағы барлық балабақшалар мемлекеттік тілде білім беруге көшеді деп отыр. Бұған да қуанып, бас бармақпен баға беруіміз керек. Тілектес болайық. Кем-кетігі болса тасада тұрып тас атпай, қолымыздан келгенше көмектесейік, қолдайық.
Біздің халықаралық «QAZAQSTAN ZAMANҮ» газетінің жанашырлары бұл облыста да көптеп саналады. Әсіресе, балам, немерем деуге келетін өрімдей жап-жас жігіттердің бойындағы ұлтым, жұртым деген жігерін көргенде ерекше шаттанасың. Өңір басшысының сол белсенділерді қолдауының арқасында қаншама көшелер қазақыланды.
Осындай игі бастамаларды қолға алып отырған өңірде «қазақ тілі қорлық көріп отыр» деп «жар салған» Руза сіңілімнің бұл ісіне не деуге болады? Қарағым, Руза, өзің білесің біздің газетіміз кезінде өзіңді қолдап, талай мақалаларыңды бердік. Соттағы істеріңе араластық. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген қағидамен алысқа бармайсың. Тілге жаның ашығаны құптарлық. Ал «бояушы, бояушы дегенге…» сен тым артық кеткенсің. Айналайын, сіңілім, сөзге тоқта! Асыл дінімізде: «Ғайбат — адамның сыртынан жамандау, өсектеу деген сөз. Біреуді ғайбаттау — өлген адамның етін жеумен бірдей екендігі» айтылады. Ақылға кел, айналайын! Оданда бірлесіп жұмыс істеп, осы игі істерді бір жөнге келтірейік.
Сайып келгенде бұл біреулердің тапсырысымен, «айтағымен» облыс әкіміне қасақана ұйымдастырылып отырған «тірлік» пе деп ойлаймын. Атқарылған істерді көріп-біліп отырған адамның шындыққа жанаспайтын дүниелер айтуға хақысы жоқ деп білемін.
«Сырт көз — сыншы», — дейді халқымыз. Мен өз ойымды жеткіздім. Зиялы қауым өкілдері де үнсіз қалмас деген ойдамын. «Аққа Құдай жақ». Қазақтығымызды сақтағымыз келеді екен, дұрыс сөйлеп үйренейік! Артық қыламыз деп тыртық етпейік. Әр нәрсенің өзіндік шекарасы бар. Сол шекарадан аспайық, ағайын! Мына алмағайып заманда тыныштығымызды сақтайық. Тыныштығымызды сақтағанымыз — тәуелсіздігімізді сақтағанымыз.
Сабырымызбен, ынтымақ-бірлігімізбен өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай барлығын да жасауға болады.

Сәуле Мешітбаева,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

(38)