Бекболат Қытайдағы қазақтар мәселесiн көтердi

Көшi-қон тақырыбына арналған Үкiмет сағатында Қазақстанға келіп азаматтық ала алмай жүрген қандастарымыздың мәселесiн көтеріп, Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов пен Сыртқы iстер министрлiгiнен аталған проблеманы шешудi өтiнген Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан: «Қытайдан, Өзбекстаннан, алыс-жақын мемлекеттерден Қазақстанға азаматтық аламыз деп, тарихи отанына келіп, босып жүрген халықтың саны көп. Онсыз да құжатын реттей алмай сандалып жүрген азаматтарды «елімізде заңсыз жүрсің» деп айыптап, соттың шешімімен шығарып жатқанымыз да өтірік емес. Біздің атымызға бала-шағасы, отбасы мүшелері, жан-жаққа шашылып кеткен азаматтардан арыз-шағымдар көптеп түсуде. Қандай да бір үкіметтік жеңілдіктермен құжатын реттеп беруді сұрап отырған ел көп-ақ. Мысалы, Қарақалпақстаннан Ақмола облысындағы Ерейментауға 2007 жылы көшіп келгеннен бері бүгінгі күнге дейін Үкіметтен берілетін квотасын да, құжатын да реттей алмай жүрген адамдар әлі де жетерлік. Жасыратыны жоқ, келетін адамдардың барлығы бірдей аса сауатты емес. Диқандар, малшылар келеді. Мысал үшін Қытайдан келген 24 жастағы жігіт тарихи отанының азаматы боламын деген ниетпен Алматы облысына құжат тапсырды. Содан ықтияр хатын күтіп жүргенде үш ай толмай «елде заңсыз жүрсің» деп айыптап, ұстап, «еліне қайтсын» деген соттың шешімі шыққан. Сыбырлағанды Құдай естімей ме? Қытай билігінің бүгінгі саясаты қазаққа аса қолайлы болып отырған жоқ. Ол жерде әрі-сәрі күйге түсiп қалып жатқан, кәдiмгi тағдырдың талқысына түсіп қалған қандастарымыз қаншама. Ондай нәрсені жүрегіміздің түпкірімен жете түсінбесек болмайды. Бұл Сыртқы iстер министрлiгiнiң жiгiттерiне де айтылатын нәрсе. Қандастарымыз босып кетті ғой, шын мәнінде қиналып жатыр. Не iстерiмiздi бiлмеймiз? Оған бiр тепсiнiп айтуға да халықаралық жағдай онша келе бермейдi. Бiрақ осындай нәрсеге заң тұрғысынан бiр жеңiлдiктермен қарауға, көмектесуге мүмкiндiк бар ма?» — деп, сауалын Қасымовқа тіке қойды. Бұл өтiнiшiн депутат Сыртқы iстер министрлiгiне де бiлдiрдi.

Қасымовтың жауабы

Қандастарымызға көп жағдай жеңiлдетiлгенiн айтқан IIМ басшысы Қ.Қасымов: «Олар оралман мәртебесiн алғаннан кейiн бiр жылдың iшiнде бiзге арыз берiп, азаматтық алуы керек. Көбiсi, осы бiр жылдық мерзiмдi сақтамай, 15-17 айдан кейiн тапсырады. Сондықтан, заң бойынша бiз оны қайтарамыз. Сонымен бiз осы заңға өзгерiстер енгiзейiк деп жатырмыз. Мезгiлдi кiшкене созамыз. Сондай жеңiлдiктер болады»,— деп жауап бердi.

Ермек Назым

(6)