Бас уәзір атыраулықтарға дән риза

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев арнайы жұмыс сапарымен Атырау облысында болды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауларының және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің, сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысуды мақсат еткен сапарында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бірнеше өнеркәсіптік нысандарды аралап, кездесулер өткізді. Алдымен «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан полиэтилен өндіретін «Полимер Продакшн» зауытына және газ турбиналы электр стансасы құрылысы алаңына барып, аралап көрді. Экономикалық аймақ аумағында қазіргі кезде 15 қатысушы тіркелген, биылғы жылдың бірінші тоқсаны бойынша инвестициялардың жалпы көлемі 339 млрд. теңге, оның ішінде жеке инвестициялар — 269,8 млрд. теңгеге жеткен. Мұнда 1 300-ден астам жұмыс орны ашылды.

Бір жылды 2,2 млрд. теңгенің өнімі

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша тұрғызылған «Полимер Продакшн» заманауи технологиялы зауытында жылына 11 мың тонна полипропилен жабыны, 34 млн. дана қапшық шығарылады. Өткен жылы 2,2 млрд. теңгенің өнімі сатылды. Жеңіл және азық-түлік өнеркәсібінде қолданылатын зауыт өнімдері Қазақстанның барлық өңірлеріне және Ресейге, Қырғызстанға, Өзбекстанға экспортталады. Зауытта 374 адам жұмыс істейді.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында газ турбиналы электр стансасы құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Электр станса толық іске қосылған соң АЭА аумағындағы ірі өндірістерді электр қуатымен және жоғары қысымды бумен қамтамасыз етеді. Құрылыс жұмысы 2019 жылы аяқталады.
Бақытжан Сағынтаев Махамбет ауданындағы Жайық өзенінде салынып жатқан көпір құрылысы жұмыстарымен танысты. Көпір республикалық маңыздағы «Атырау — Орал» автокөлік жолын облыстық маңыздағы «Атырау — Индер» автокөлік жолымен байланыстырып, транзиттік көлік ағынын облыс орталығына кіргізбей өткізеді. Сөйтіп, жолаушылар үшін жолды қысқартып, уақытты үнемдейді. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталады. Екі құрлықты жалғайтын көпір ауданда шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін бермек.
Махамбет ауданындағы ешкі өсіру және ешкі сүтін өңдеумен айналысатын «Сарайшық» мал шаруашылығы кешенін аралау барысында өңірде Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдар-ламасын іске асыру мәселелері сөз болды. Ауыл шаруашылығындағы өзекті мә-селелердің бірі — арнаулы мамандардың жетіспеушілігі екені біраздан бері айтылып келеді. Мұның шешімін алуға қазірден бастап бірқатар шаралар алынуда. Атырау облысында биыл 300 өңірлік білім гранты беріледі. Сол арқылы аймақта маман тапшылығы шешімін табуға жағдай жасалады. ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев облыс студенттерімен мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасын іске асыру мәселелерін ортаға салды. Кездесу барысында әлеуметтік және жастар саясатының өзекті мәселелері айтылды. Бақытжан Сағынтаев болашақтың мамандықтары бойынша маман даярлау және қайта даярлау, техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттарды көбейту, еңбек нарығындағы өзгерістерді және цифрландыру мен автоматтандыру жаңалықтарын ескере отырып, қажетті дағдыларды үйрету туралы сөз қозғады.
— Атырау облысында 3 жоғары оқу орны мен 25 колледж бар. Аймақта 100 орындық екі жатақхана құрылысы жүріп жатыр. 100 және 150 орындық екі жатақхана құрылысына тендерлік рәсімдер жасалып, 960 орындық 8 жатақхананың ЖСҚ дайындалуда. Елбасының тапсырмасымен «ҚР Білім туралы» Заңына өзгертулер енгізілді, сол арқылы өткен жылдан бастап Атырау облысында жергілікті бюджеттен маман тапшылығы бар салаларға арналып 222 өңірлік грант бөлінді. Осы мақсатқа 106 млн. теңге қаралды, қазір өңірлік грант арқылы 222 студент: 35 болашақ дәрігер, 178 мұғалім, 9 ауыл шаруашылығы саласының маманы жоғары білім алуда, — деді Премьер-министрге Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде, Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінде, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде, Астана медицина университетінде атыраулық студенттер жоғары білім алуда.
— Педагогтардың айтуынша, барлық студенттердің оқу үлгерімдері жақсы. Оқуларын бітіргеннен кейін олар келісім-шарт бойынша Атырау қаласында және аудандарда мемлекеттік мекемелерде 5 жыл қызмет етуге міндетті. Мемлекет басшысының бастамасы арқасында бұл жұмыс биыл да жалғасады. Біз биыл 300 грант бөлуді жоспарлап отырмыз, оған қажет қаражат жеткілікті, — деді Нұрлан Ноғаев.
Өткен жылы 222 грантты алуға облыс бойынша 700 мектеп түлегінен өтініш түскен. Қазір грант ұтып алуға ниетті абитуриенттермен белсенді жұмыс жүріп жатыр.
Айта кетейік, өңірлік гранттар облыстағы кадр жетіспеушілігі бар салаларға бағытталған. Мысалы, 2016 жылы 240 дәрігер жетпеген болса, былтыр 126 дәрігер келген, соның 75-і жаңадан оқу бітіргендер.
— Бағдарлама жалғасын тапса, алдағы бес жылда Атырау облысында маман тапшылығы мәселесі шешіледі, — деп атап өтті аймақ басшысы.
ҚР Премьер-министрі Атырау музыка-лық колледжінің салынып жатқан студенттер жатақханасын тексеру арқылы өңірде Мемлекет басшысының студент жастардың жатақханада тұру жағдайларын жақсарту бойынша әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру барысымен танысты.

Мұнай зауытының үшінші соңғы кезеңі

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның кеңсесінде ҚР Премьер-Министрі зияткерлік кен орны жүйесімен, «Цифрлық кен орны» жобасы бойынша перспективалық жоспарлармен және жұмыс істеу қағидаларымен танысты. «Зияткерлік кен орны» жобасы немесе «Цифрлық кен орны» мұнай-газ саласының маңызды бағыттарының бірі және «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шаралар тізіміне қосылған. Бұл мұнай-газ саласын басқарудың автоматтандырылған жүйесі, ол жекелеген жүйелерді бірыңғай интеграцияланған ақпараттық жүйеге біріктіру арқылы максималды тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбеков «Уаз» кен орны базасында 2016 жылы «Цифрлық кен орны» пилоттық жобасы іске қосылып, өз тиімділігін дәлелдегенін атап өтті. Жобаны енгізу электр қуатын тұтынуды 33% қысқартуға, ұңғымаларды жөндеудің үлесті шығындарын 25% азайтуға мүмкіндік берді.
Облыстың жұмыс активімен және бизнес өкілдерімен кездесуде өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту мәселелері, Қазақстанның үшінші жаңғыруын іске асыру барысы мен облыстың экономикалық өсімнің жаңа моделін қалыптастырудағы рөлі талқыланды.
Жиын барысында облыс әкімі Н.Ноғаевтың жобалық басқару аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы-ның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы есебі тыңдалды.
Бақытжан Сағынтаев Атырау қалалық емханасында «ҚазМедАқпарат» электронды жүйесін қолдану арқылы облыстың денсаулық сақтау саласын цифрландыру барысымен танысты. Денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерімен денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері, соның ішінде МЖӘ қағидаларын қолдану арқылы жеке медицинаны дамыту мәселелері талқыланды. Емхана директоры А.Өтегенова мекемені цифрландыру жұмыстары туралы баяндады. Атап айтқанда, «ҚазМедАқпарат» электронды кезек жүйесі мен мобильді қосымшаларды қолдану мүмкіндіктері көрсетілді. Денсау-лық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесу барысында Б.Сағынтаев қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бойнша көлемді жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Облыстың Денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Аймурзиева тақырыпта ахуалды баяндады. Атырау облыстық ауруханасының бас дәрігері С.Шомыров электронды денсаулық паспортын енгізу туралы айтып берді. Денсаулық сақтау орталығын реконструкциялау, облыстағы жүрек-қан тамырлары ауруларының жағдайы және дәрігерлердің ота жасаудың жаңа түрлерін игеруі туралы кардиологиялық орталықтың бас дәрігері М.Қонысов мәлімдеді. Сондай-ақ «Медикер» медициналық орталығының бас дәрігері А.Ғабдуллин, облыстық жедел медициналық жәрдем ауруханасының бас дәрігері Г.Таңбаева, облыстық туберкулез диспансерінің бас дәрігері Ж.Сағиев сөз сөйледі. Облыс әкімі Н.Ноғаев талқыланған мәселелер бойынша пікір білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша Премьер-министр өңірдің денсаулық сақтау саласының мәселелерін шешу бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Премьер-министр Атырау мұнай өңдеу зауытына барып, кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарымен танысты. «Атырау МӨЗ-де мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысы» жобасы Қазақстанның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылған және зауытты жаңғыртудың үшінші, соңғы кезеңі болып табылады. Бақытжан Сағынтаев жаңғырту нысандарын тексеріп, мұнайды терең өңдеу кешеніндегі жұмыстармен және АМӨЗ қызметімен танысты. «Атырау МӨЗ» ЖШС-ның бас директоры Ғалымжан Амантұрлиннің айтуынша, Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың үкіметтік бағ-дарламасына енгізілген ауқымды жоба аяқталды. Биылғы жылдың 29 наурызында іске қосу операцияларын жүргізу аясында каталитикалық крекинг, газ тазарту және күкірт өндіру технологиялық қондырғылары іске қосылды, жоғары октанды бензин өндірісі ұлғайтылды. Келесі технологиялық қондырғыларда іске қосу жұмыстары жалғасуда.
Жүргізілген жаңғырту жұмыстары мұнай өңдеу тереңдігін және зауыт қуаттылығын жылына 5-тен 5,5 млн. тоннаға дейін ұлғайтуға, жылына 2,4 млн. тонна шикізатты (мазут, вакуумды газ майы) өңдеуге жол ашады, сонымен қатар, жоғары октанды бензиннің, авиация және дизель отынының өндірісін ұлғайтуға ықпал етеді.

primeminister.kz., ҚазАқпарат, Атырау облысы өңірлік коммуникациялар қызметі материалдары бойынша

Дайындаған — Светлана Муньянова

(15)