Ақиық ақынға арналған турнир

Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы, Дәулет ауылында қазақ күресінен 2004-2005 жылдары туған жасөспірімдер арасында ақиық ақын Төлеген Айбергеновты еске алуға арналған республикалық ашық турнир өтті.

Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған турнирге Оңтүстік-Қазақстан облысы, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау өңірі және Астана қаласынан 6 команда қатысып, барлығы 9 салмақ дәрежесі бойынша 220 спортшы чемпиондық атаққа таласты. Айта кету керек, Сыр өңірі құрамасы төрт командадан құралған, олар Қызылорда қаласы, Арал, Жаңақорған және Тасбөгет ауылы.
Ашық турнир «Байтақ мекенім» қоғамдық қоры және Мұнайлы ауданы «Дәулет ауылы балалар және жасөспірімдер спорт мектебі» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өтті.
Барлығы 36 медаль сарапқа салынды, оның 9 алтын, 9 күміс және 18 қола. Сондай-ақ жеңіс тұғырынан көрінген әрбір спортшыға жеке Кубоктан табысталды.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Байтақ мекенім» қоғамдық қорының төрағасы Сәбит Тоқымбетов қатысушыларға сәттілік тілеп, өңірімізде қазақ күресін қарқынды дамытуға зор үлес қосып жүрген бапкерлерге алғысын айтты.


«Қазақтың маңдайына біткен ақын Төлеген Айбергеновтың құрметіне орай республикалық және халықаралық деңгейде түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді. Ал спорттан болса бұрын өткізілген емес, бұл біздің өткізіп отырған алғашқы шарамыз. Меніңше жарысқа қатысушы балалардың болашағы зор, олар бос уақытын спорт залдарда өткізеді, біз бұған тек қуануымыз керек. Мүмкіндігінше қолдау көрсетіп отыруға аянып қалмаймыз, себебі спортпен шұғылданатындар көбейсе олардың бойында отансүйгіштік сезім қалыптаса түсері анық, сондықтан да жасөспірімдер арасында қазақ күресін кеңінен насихаттаудан баршамыз қалыс қалмауымыз керек», — дейді ол.
Турнирді ұйымдастырушының бірі, қазақ күресінен бапкер Қайрат Иманғазиевтың айтуынша, жарыстың мақсаты — ақиық ақын Төлеген Айбергеновты еске алу, жасөспірімдер арасында қазақ күресін дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, спортшылардың шеберлігін арттырып, үздіктерді анықтау болып табылады.
«Турнирге қатысушылар жақсы дайындықпен келген. Олардың арасында болашағынан зор үміт күттіретіндер көп. Әсіресе Сыр өңірінің спортшылары көрсеткен өнерге тәнті болдық. Төрешілер әділ бағаларын берді деп ойлаймын. Спортшылар немесе бапкерлер арасында өзара түсініспеушіліктер туындаған жоқ. Алда түрлі жарыстар күтіп тұр, көп ұзамай соларға дайындықты бастаймыз. Жалпы біздің облыста қазақ күресі бұрыннан жақсы дамыған, болашақта Азия және Әлем біріншіліктерінде топ жаратындар ауылдан шығады деп сенемін және болашақ чемпиондарды дайындауда жұмыстана береміз», — деді ол.
Жарыс қорытындысы бойынша 29 келі салмақ дәрежесінде М.Игілік (Жаңаөзен қаласы), 32 келіде Д.Абыл (Ақтау қаласы), 35 келіде Д.Жолдыбаев (Ақтау қаласы), 38 келіде Ш.Нұрмамбет (Ақтау қаласы), 42 келіде Н.Ықыласбек (Қызылорда қаласы), 46 келіде Е.Бұрхан (Арал ауданы), 50 келіде М.Алкебаев (Арал ауданы), 55 келіде Н.Ауғанбаев (Мұнайлы ауданы), +55 келіде Ж.Гушик (Мұнайлы ауданы) жеңімпаз атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль, кубокпен марапатталды. Айта кету керек, жарысқа қатысушылар тарапынан республика көлемінде тұңғыш рет Маңғыстаудан бастау алған қазақ күресінен ақиық ақын Төлеген Айбергеновты еске алу турнирін жылда өткізіп тұру ұсынылды. Өз кезегінде «Байтақ мекенім» қоғамдық қоры бұл бастаманы барынша қолдайтынын жеткізді.

Дайындаған Кәмшат Ізбасарова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі,
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы

(17)