БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі Қазақстан мәлімдемесі

АҚШ, Франция және Ұлыбританияның Сирия нысандарына зымыранмен соққы жасауына орай шұғыл шақырылған отырысында мәлімдеме жасаған БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Омаров: «Қазақстан Сириядағы ахуалдың ушыға түсуіне байланысты өзінің барынша алаңдаушылық танытып отырғандығын білдіреді. Біз барлық тарапты мұнан ары әскери ушыға түсуге жол бермеуге және БҰҰ жарғысы мен Қауіпсіздік кеңесінің сәйкесінше қарарлары негізінде көп азап шеккен Сирияға сенім, бейбітшлік және қауіпсіздікті қайтару үшін шаралар қабылдауға шақырамыз. Сондай-ақ, Қазақстан басқа елдерді де халықаралық құқық пен заңды қатаң сақтауға шақырады. Қазақ елі: «Әскери іс-қимыл — бұл Қауіпсіздік кеңесі мақұлдаған жағдайда ғана қолданылуы мүмкін соңғы шара»,— деген ұстанымды қолдайды және осылай болып та қала береді»,— деді. Бұдан әрі ол: «Қазақстан тараптарды жанжалды тек қана бейбіт құралдарды пайдалану арқылы реттеуге шақырады. Адамзат 21 ғасыр жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуіріне айналарына үміт артқан еді. Алайда, бұл тек елес болып қалуы ықтимал. Біздің әлем тағы да қауіпке душар болды және тәуекелдер барынша жоғары. Қатер — бұл жаһандық ауқымдағы зобалаң соғыс. Ғаламшарымыз қазіргі уақытта жаңа қырғи қабақ соғыс ернеуінде тұр, оның барша адамзатты талқандайтындай салдары болуы мүмкін», — дей келіп, бұл елбасының 2016 жылғы манифестіндегі сөзі екенін еске салды. Сондай-ақ, Қайрат Омаров оң нәтижелерге қол жеткізу үшін Астана процесі мен Женева келіссөздері мақсат-міндеттерін одан ары қолдау қажеттігін атап өтті.

(8)