Латын әліпбиіне көшу — әріп ауыстыру емес, ағайын!

Өткен жылдың қазанында Елбасы қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы  Жарлыққа қол қойды. Бұл  шешімді негізінен зиялы қауым оның ішінде ғалымдар, тілтанушылар, саясаткерлер, жастар, қарапайым халықтың басым көпшілігі дұрыс қабылдап, қолдау көрсетті. Баспасөз бен ғаламтор құралдары беттерінде  сан түрлі пікірталастар, ұсыныстар, ой-тұжырымдар  жарияланды. Жергілікті жерлерде латын әліпбиіне көшу туралы жиындар өткізіліп, үгіт-насихат топтары түсінік жұмыстарын жүргізді. 

Алматы облысы бойынша өткен мерзімде 70-тен астам елді мекендерде кездесулер өткізіліп, оған 13 мыңнан астам тұрғындар қатысқан. Халық негізінен қарсы емес. Латын әліпбиіне өту — рухани Тәуелсіздікке жасалған болашағы зор жарқын қадам деген пікірмен келіседі. Алайда көпшіліктің арасында латын әліпбиіне көшу — әріп ауыстыра салу деген бір жүрдім-бардым қағида қалыптасқанын бүгін айтқымыз келеді. Кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын бұл жауапты шара елімізде өмір сүріп жатқан әрбір қазаққа қатысы бар. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа шейін осы латын әліпбиін өмірімізге енгізу үшін ықпал етуі керек. Бұл сөздің түп-тамырында балабақша мен мектеп табалдырығын аттаған жеткіншекті сауаттылыққа үйрету үшін отбасындағы ата мен апа, әке мен ана да арқаны кеңге салмай латын әліпбиін қазірден бастап оқуды қолға алуы қажет. Бұл барыста науқаншылдыққа, жалған ақпаратқа жол берсек онда жақсы басталған жұмыс созбалаңға түсіп, нәтиже бермейтіні анық.
Жуырда Алматы облыстық тіл басқарамасының ұйымдас-тыруымен өткізілген «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің ғылыми және ұйымдастырушылық негіздері» атты семинар-кеңесте кеңінен жасалған әңгіме қатысушыларға талай ой қозғау салды. Бұл кеңеске қатысқан Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбектің «Латын әліпбиіне көшуді табысты жүзеге асыру жолындағы нақты міндеттер, жаңа әліпбиге көшудің алғашқы кезеңіндегі жүзеге асырылатын шаралар туралы» баяндамасын мұқият тыңдадық. Бүкіл сана-сезімімізді, болмысымызды, жазу, сызу мен оқу кеңістігін өзгертетін бұл іс-шараны жүзеге асыруда асығыстыққа жол бермеу керек екен. Қарапайым қазақтың ата-тегінен бастап қайта жаңғыруға ықпал ететін іс-шара кезең-кезеңмен жүзеге асырылу барысында зиялы қауымның қосар үлесі орасан болмақшы. Бұл жерде қарсы, қалыс қалуға болмайды. Мемлекет басшысы қабылданған жарлықты орындау үшін атқарылар шаруаның өзі жеті жыл ішінде жүзеге асырылады деп белгіленуі жай жазыла салған мерзім емес. Оның себебі күнделікті өмірімізге есік ашып кіріп келе жатқан латын әліпбиін ерекше сүйіспеншілікпен қарсы алып, жетелеп төрге шығаруда қарапайым халық еншісінде. Бірталай басылымдар «бәрі оп-оңай», латын әліпбиі енген соң, ұрпағымыз ағылшын тілін де жетік білетін болады, қазақ сөздігіндегі шетелдердің терминдері алып тасталады, әріптер азайған соң жазылуы жеңіл болады деген даурықпа мақалаларды жариялап та жіберді. Ал шын мәнісінде бұл жұмысты «қалпақпен ұрып жүргізе алмайтынымыз» қазірден бастап-ақ белгілі бола бастады. Қарапайым халықтың көмегінсіз, ықпалынсыз, түсінігінсіз ешбір нәтиже шығара алмаймыз.
Бұл жөнінде осы кеңеске қатысқан Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директорының орынбасары Анар Фазылжанова өзінің әңгімесінде егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Осы шараның бастапқы кезеңіндегі жүзеге асыруда қазірдің өзінде кездесіп отырған кедергілердің барлығын тайға таңба басқандай етіп талдап шықты. Қазақ әліпбиін латын әрпіне көшіру қазақ тілінің ұлттық ерекшелігін сақтап қалуға және біліміміздің ғаламдық процестерге қосылуына көмектеседі. Бұл түбегейлі реформа жасалады деген сөз. Әрбір сөздің жазылуы өзгереді, кирилл тілінде қалыптасқан орыс тілі — донор тіл. Мүмкін сондықтан да соңғы жиырма шақты жыл бұрын қабылданған мемлекеттік тіл туралы заңымыз тұсалған аттай шоқалақтап қалғаны осыдан шығар. Барлық шет тілінен келген сөздер тұрмысымызға орыс тілі арқылы кірген. Ал латын әліпбиі басқа әлемге тікелей жол ашады. Орыс тіліне деген тәуелділіктен біржолата құтыламыз. Қазақ лингвистері осыны көптен күткен. Себебі қазіргі кириллица жазуын қолдана беретін болсақ, алдағы уақытта тілімізге қауіп төнген болар еді. Ең алдымен латын әліпбиінің емле ережесі жазылуы тиіс. Сол сәттен бастап әрбір қолданыста жүрген сөздің жалғаулары, жұрнақтары, сауатты жазылуы, яғни, грамматикасы қалыптасады. Үш мәселе дыбыс, әліпби және емле ережесі өзгереді. Осы және тағы басқа ғылыми тұрғыда айтылған әңгімеден ұққанымыз алдағы уақытта латын әліпбиіне көшу кезеңдерінде қарапайым халықтың сауаттылығын арттыру үшін тиісті шаралар жүзеге асырылады. Бұл барыста ғалымдар, тілтанушылар, елді мекендердегі тіл мамандары мен тіл жанашырлары өз үлестерін қосуы тиіс.
Әрине латын әліпбиін кезең-кезеңмен өмірімізге, тұрмысымызға енгізу жалпыхалықтык іс екенін білеміз. Алайда «е» дегенше екінші рет өзгертілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі қолданысқа енгізілген сәттен бастап талай қиыншылықтарды бастан кешіретініміз анық. Жалпақ шешенділікке, ұраншылдыққа, құр мақтанға салынбай зиялы қауыммен бірге жалпы халықты осы бағыттағы атқарылар жауапты шараға дайындауымыз керек.

Нұрила Бектемірова

(65)